173
16 октября 2024
Светлана Ромашкина, Власть, басты фото: ҚР кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалары ОММ

Жылымық кезеңдегі кинотеатр

Велюр перде, үш рет соғылатын қоңырау: «Целинныйдың» ашылу тарихы

Жылымық кезеңдегі кинотеатр

60 жыл бұрын, 1964 жылы күзде Алматыда 1536 орындық «Целинный» кинотеатры ашылды. Бұл – Қазақстандағы алғашқы ең үлкен кинотеатр. Біз «Целинный» заманауи мәдениет орталығымен бірге «Бір орынның тарихы: Целинный» жобасын бастап, ғимараттың, кинотеатрдың және жақында ашылатын Орталықтың жаңа өмірі туралы айтып отырмақпыз. Алғашқы материалда кинотеатрдың қалай ашылғанына тоқталамыз.

1962 жылы 14 тамызда кинотеатр салуға Калинин (Қабанбай батыр) мен Масанчи көшелерінің қиылысынан 2,04 га аумақ бөлінді. 60-жылдары Алматыда бұл көшенің орны бөлек еді: опера және балет театры маңында бейресми «Бродвей» деп аталатын, серуендейтін жер болды.

Калинин көшесі 1906 жылы тұрғызылған Әулие Николай соборына барып тірелетін. Сәулетшілердің айтуынша, 60-жылдары атақты коммунистің есімі берілген көшенің шіркеуге барып тірелетіні билікке ұнамаған, сондықтан ғимаратты кинотеатрмен «қалқалау» керек деп шешеді. Ол үшін ештеңені сүрудің қажеті болған жоқ, кинотеатр Пролетарлар алаңына салынды.

Кинотеатр ғимаратының «тасасында қалған» шіркеу

Бастапқыда кинотеатр Қарағай бағының жанына салынады деп жоспарланған екен, бұл – Қабанбай батыр мен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысы. Актілерде, жазбалар мен басқа да құжаттарда біраз уақытқа дейін жобаның атауы болмаған, «Масанчи көшесіндегі 1600 орындық панорамалы кинотеатр» деп көрсетілген.

Архивтегі кадрлардан макетке «Қазақстан» деген атау берілгенін көруге болады. Алайда кинотеатрды тың игерудің 10 жылдығы құрметіне «Целинный» деп атайды. Хрущевтің кезінде серпінді жоба деп саналғанымен, кейін түсінгеніміздей, даулы әрі республика үшін зияны да аз болмаған науқан шарықтау шегінен ауған шақта «Целинный» ашылды. Ал 1965 жылы тың игеру тоқтады. Алматыда тіпті тың игерушілерге ескерткіш те қоймақ болған – ҚБТУ ғимаратының артындағы скверде кейінгі кезге дейін ол туралы уәде етілген тас тұрды. Қазір жазуы өшіп те қалған.

«Целинныйдың» жобасы Ташкентте жасалды

Ғимарат туралы көп нәрсе білсек те, жоба авторына қатысты айтылмай қалған жайттар бар. Бір кездері жобаны Алматы циркі мен Медеу мұз айдынын салған атақты сәулетші Владимир Кацев жасады деп жүрді. Бірақ оның қызы, актриса Марианна Покровская кинотеатрдың жобасын әкесі жасамағанына сенімді.

«Целинный» типтік жобаға жата ма деген тағы бір мәселе бар. «Алматы. Совет модернизмінің сәулеті» нұсқаушысының авторлары да осындай ұстанымда, бірақ сәулет зерттеушісі Давид Камински дәл сол уақытта Ташкентте Алматыдағыға ұқсамайтын айрықша кинотеатр салынғанын айтады. Егер «Целинный» типтік жоба болса, ғимарат ұқсас болып шығар еді. Мысалы, «Мир» және «Спутник» кинотеатрлары типтік жобамен салынды, ол бірден-ақ көзге түседі.

Алматы қаласының архивінде сақталған құжаттар бойынша, жоба авторы – Ташкентте тұрған сәулетші Савелий Розенблюм. 1964 жылы сәуірде Розенблюм фойеге және еден суретіне қатысты сызбаларды, экран артындағы шырағдандарға және ғимараттың мата төбесін престелген плитамен ауыстыруға қатысты шешімдерді аяқтауы керек болған. Кей мәселені шешу Ташкентте орналасқан Өзмемжоба жобалау ұйымына берілген.

1961 жылы 2 маусымда «Алма-Атинская правда» газетінде Целинныйдың макеті мен оның авторларының аты-жөні жарияланды. Скринді Давид Камински жасаған.

Савелий Розенблюм – Өзбекстан сәулетшісі, Ташкенттегі Өнер музейінің авторы.

1964 жылғы 26 наурыздағы құжаттарда мынадай жолдар бар: «Нысанның эксперименттік екенін ескерсек, іске қосу алдындағы кезеңде авторлық қадағалау өкілі тұрақты түрде болуы керек, Ташкент аймақтық эксперименттік жобалау ғылыми-зерттеу институтының басшылығынан 10 наурыздан бастап өкілді Алматыға жіберуді сұраймыз».

Демек, «Целинный» типтік емес, эксперимент жоба болған.

«Целинныйдың» құрылысына Қазқалақұрылысжоба маманы Борис Тюнин жетекшілік етті. Сол уақытта бұл ұйымды Владимир Кацев басқарды, жоба авторына қатысты жаңылыс содан туындаған болуы мүмкін.

Жоғары дәрежелі кинотеатр

1955 жылы сталиндік ампир кезеңі аяқталды – сәулет өнерінде ашқарақтана әрлеуді доғару туралы қаулы шықты. Жылымық жылдар сәулетке де әсер етті.

«Целинный» жылымық заманның сәулетіне сай болды – Алматыда алғашқылар қатарында қасбеті әйнектен салынды. Күндіз сыртқы кеңістіктің бейнесін көрсетіп, көшенің айнасы болса, кешке шам жанған кезде «Целинный» өткен-кеткен адамдарды шақырып тұрғандай көрінетін. Сәулетші Жанна Спунер бұл жарнамадан жақсы әсер етті деп санайды.

ҚР кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалары ОММ фотосуреті

Кинотеатрдың бар кемшілігі мың жарым адамға шақталмаған фойесі еді. Сондықтан ескі фотосуреттерден сеанс алдында адамдар ғимарат алдындағы алаңда тікесінен тік тұрғанын көруге болады. Фойенің көлемі сол замандағы кинотеатрлар үшін қалыпты жағдай, себебі құрылысқа қаражат үнемдеу басты назарда болды.

Әйтсе де, Евгений Сидоркиннің сграффитосының арқасында фойе естен кетпестей болып шықты. Қазкөркемсуретқор көркемдік кеңесінің отырыс хаттамасының үзінді көшірмесінде 1964 жылғы 12 қазанда «4 түсте орындалған, сграффито тәсілімен жасалған оюлы өрнек» «өте жақсы» деген бағамен қабылданды делінген.

«Әкем әрдайым бригадамен, шеберлермен бірге жұмыс істеді. Олар жақсы мамандар еді, ол кезде «Өнер» комбинаты болды, бүкіл республикаға мемлекеттік тапсырыстар орындаған Көркемсурет қоры жұмыс істеді. Әкем сграффитоны өзі кесетін, өйткені өз қолынан шыққан дүние. Бетонды да өзі кесетін – бетон бірнеше қабаттан тұрады және әр қабаттың өз түсі бар, сондықтан оның жұмыстары шынымен қайталанбас көркем сипатқа ие болушы еді», – деп еске алды Вадим Сидоркин «Власть» журналисіне берген сұхбатында.

Сграффито бастапқыда басқа түсте болды: фон – күйген саздан, суреттің жиегі ақ және қошқыл-қоңыр түстен жасалды. Кейін ол қара-ақ-сұр түске айналды.

Кинотеатр тез салынды – қарашадағы мерекеге және қазан айының соңында өткен орыс өнерінің онкүндігіне үлгеруге тырысты.

1964 жылы 17 қазанда «Казахстанская правда» газетіне панорамалы кинотеатрдың ашылғаны туралы хабар шықты: 1917 жылғы оқиғалар туралы «Оптимистическая трагедия» фильмі көрсетілді.

1964 жылы 20 қазанда «Ленинская смена» газеті Алматыда панорамалы кинотеатрдың ашылғанын хабарлады. №1 касса алдында тұрған медицина университетінің мәз-мейрам студенттерінің фотосуреті берілді.

24 қазанда газеттер жаңадан ашылған «Целинный» кинотеатрында Киноөнер фестивалі басталғанын жазды. Фестиваль екінші дүниежүзілік соғыс туралы бірінші кеңестік кең форматты көркем фильмі – «Повесть пламенных лет» фильмінен басталды.

Сол кезде Қазақстанда орыс өнері мен әдебиетінің онкүндігі өтіп жатқан еді, Алматыға Сергей Бондарчук, Алла Ларионова, Татьяна Самойлова, Зинаида Кириенко және басқа кеңестік «жұлдыздар» келді.

Ғимаратты қабылдау туралы мемлекеттік актіге 1964 жылы 19 қарашада ғана қол қойылды, қабылданған жұмысқа жалпы «жақсы» деген баға берілді.

«Целинныйда» бұрын мәрмәр тақта болатын, онда: «Кинотеатр 1964 жылы тың игерудің 10 жылдығы құрметіне салынды» деген жазу бар еді, ал кіреберісте 1964 деген сан тұратын.

«Целинный» басқа кинотеатрлардан өзгеше болды: экранды әдемі велюр перде жауып тұратын, ол фильм басталар алдында ашылатын. Қатарлардың арасында кинотеатрдан гөрі театрға тән ашық орын болды. Мұнда да театрдағыдай үш рет қоңырау соғылатын. Біріншісі сеанс басталардан 15 минут бұрын ойнаса, үшіншісі фильм басталғанын білдіретін.

Кинотеатр кассасы ғимараттың бүйірінде орналасты, оған кіретін жері пандус түрінде бөлек болды. Касса жағынан Никольск базарына өтетін жол болды, қазір ол жер полиция департаментінің көлік тұрағы.

60-жылдары кинотеатр директорларының бірі тіпті жеке оркестр құрғысы келіпті. Арманына жете алмаған болуы керек, бірақ газеттер кинотеатрда кішігірім эстрада ұжымдары өнер көрсеткенін жазған. Ал фойеде фотокөрмелер өтіп тұрған.

Ұзақ уақыт бойы «Целинный» жаңа кинотехникасы, су айналымымен істейтін ауа баптағышы бар бірден-бір кинотеатр болып келді деуге болады. Ішінде буфет пен кітап дүңгіршегі істеп тұрды.

«Целинный» екі ауысыммен істеді: кинотеатр көрсетілімді таңертең онда балалар сеансынан бастап, түн ауғанша ашық болатын.

Сәулетші Владимир Кацевтің қызы, актриса Марианна Покровская Калинин (Қабанбай батыр) көшесінің бойындағы №25 мектепте оқыған екен. Сыныптастарымен бірге «Целинныйға» жиі барғанын еске алады: «Негізгі фильмнің бәрін «Целинныйдан», «Алатау» мен «Арманнан» көретінбіз. «Целинный» ең ірі кинотеатр болды, бәрі соған барушы еді, билет алу мүмкін емес болатын. Жанында екі мектеп болды, оқушылар топтасып сонда баратын. Кірген кезде бірінші көзге түсетін нәрсе – Сидоркиннің сграффитосы бар үлкен қабырға. Бұл ғимаратты ерекшелеп, типтес нысандардан бөлектеп тұратын. Төбесі биік болғандықтан тарлығы білінбейтін. Буфетте әйнек колбаға құйылған шырындар тұратын, біз үнемі томат, шабдалы, қайың мен алма шырынын ішетінбіз. Томат шырыны мен тәтті тоқаш алып, оған қоса кино көріп шығатынбыз, ол да бір бақыт еді».

«Целинный» Қазақстандағы тұңғыш, жалғыз және соңғы панорамалы кинотеатр болды. Бірақ ұзаққа бармады. Репертуар проблемасы кең экранды форматқа өтуге мәжбүрледі.

Ол жайында келесі материалда айтамыз.

Осы кинотеатрмен байланысты оқиғаңыз бен фотосуретіңіз болса, редакция қуана қабылдайды, байланыс үшін: info@vlast.kz

Оқырманның естелігі бөлек материалда жарияланады.