4911
11 ноября 2024
Светлана Ромашкина, Власть

«Калигуладан» диван сататын дүкенге дейін

«Целинный» 1990 және 2000-жылдардан қалай аман шықты?

«Калигуладан» диван сататын дүкенге дейін

Отыз жылға жуық табысты жұмыс істеген «Целинный» үшін де, бүкіл ел үшін де қиын кезең басталды: КСРО ыдырады, сонымен бірге кинопрокат жүйесі де құрдымға кетті. Он жылдай кинотеатр аман қалудың барлық амалын жасаса, екі мыңыншы жылдар басында ренессансты бастан кешті. Одан бұрын ғимаратқа түбегейлі реконструкция жасалды. Кейін анық болғандай, бұл сәтсіз болып шықты.

Біз «Целинный» тарихы туралы әңгімелеуді жалғастырамыз. Алдыңғы материалдарда республикадағы ең үлкен кинотеатр қалай құрылғанын және қалай жұмыс істегенін әңгімелеген болатынбыз.

Кинопродюсер Андрей Мануйлов бала кезінде «Целинныйдың» жанында, Масанчи мен Жамбыл көшелерінің қиылысында тұрды. 5-6 жасында анасы оны «Целинныйға» «Жұлдыз адам» (Starman) фильміне алып барды: «Анам мені америкалық кино әлеміне әкелген жолбасшы болды. Өзі Американың фильмдерін жақсы көретін, соны маған да сіңірді. Мен басыммен кіріп кеттім, бірнеше күн қатарынан «Навигатордың самғауы» (Flight of the Navigator) фильміне барғаным есімде. «Қысқа тұйықталу» (Short Circuit) фильміне де солай бірнеше рет бардым. Бір күнде алдымен 10 тиын тұратын таңертеңгі сеансқа, сосын 50 тиындық кешкі сеансқа кіруші едім. Бірде «Асауға тұсау» (Il bisbetico domato) фильмін жалғыз өзім отырып көргенім есімде. Ол қысқартылған нұсқасы екен, мұны кейін білдім. Америкалық киноға қанша елітсем де, бұл фильм маған ұнады. Ал ата-анаммен бірге «Целинный» кинотеатрына «Интерқыз» (Интердевочка), «Жел өтіндегі тағдырлар» (Gone with the Wind), «Рэмбо. Алғашқы қан» (Rambo: First Blood), «Тістер» (Jaws), «Кинг Конг» көруге бардым».

Кейін Андрей фильмдерді видеосалонға барып көре бастайды — мысалы, «Қатерлі қару» (Lethal Weapon) және «Беверли Хиллз сақшысы» (Beverly Hills Cop) фильмдерін сол жақтан көрген, ал кейін «Целинныйдың» өзінде де видеосалон бар екенін біледі. Касса орналасқан жағында тар бөлмеге «видик» пен теледидар қойылған екен.

Бала Андрей үшін «Робокоп» үлкен экраннан көрген соңғы фильм болды. Кинопрокат күйреп, кино теледидар экраны деңгейіне дейін кішірейді: «Кино әлемімен байланыс фильмдердің заңсыз көшірмесін көрсететін теледидар арқылы жүрді. 7-8 жылдай киноға бармай кеткен шығармын».

Бүкіл қалаға бір таспа

«Целинныйда» істеген механиктердің бірі 90-жылдары «Калигуланы» үздіксіз көрсетуге тура келгенін еске алады, өйткені көрермен тек осы фильмге баратын болған. Салмақты фильмдер қосуға тырысқанымен, оған қызығатын ешкім болмаған.

Сәтін тауып экранға шығып қалатын кинофильмдер болатын, бірақ бұрынғыдай қарқын болған жоқ. Кинотеатрлар сонда да жұмысын тоқтатпаудың амалын таба білді, кейде ақылға сыймайтын жағдайлар да болып жататын. «Целинныйда», кейін «Арманда» істеген Майра Құбаниязованың айтуынша, кинотеатрлар бір таспаны бір уақытта пайдаланатын жағдай да болған:

«Бүкіл қалаға бір ғана таспа келетін кездер болды. Мысалы, «Жыртқыш» (Predator) немесе «Робокоп». Біз оны бір уақытта бірнеше кинотеатрдан көрсетіп жүрдік. Бір иіршік бір кинотеатрда жүріп жатса, екіншісін келесі кинотеатрға тасимыз. Бір иіршікте 40-50 минут болады. «Целинный», «Алатау» және «Арман» арасында үлгеруге болатын еді, ол кезде кептеліс жоқ қой. Кейде машина оталмай қалады, сондайда иіршікті қолға алып кинотеатрға жүгіресің, өйткені ол жақта зал толы адам отыр. Ал иіршік ауыр», — деп еске алды Майра Құбаниязова.

КСРО ыдырағаннан кейін механиктердің жұмыс күні ұзарды: жұмысқа таңертең тоғызда келіп, сеанс аяқталғанша қалу керек болды. Кеңес заманында жұмыс уақыты өлшеулі еді: таңертең жұмысқа шыққан адам кешкі алтыда үйге қайтатын, беске таман келген адам он екіге дейін жұмыс істейтін. 2000-жылдар басында ауысым тоғыз жарымнан түнгі екі-үшке дейін жалғасты, екі күн істесе, екі күн демалыс берілді.

Кинотеатрдағы уағыз

Үлкен экраннан көрсететін фильм болмаған күннің өзінде, кинотеатрлар бос тұрмаған. Қазір «ЭХО» үкіметтік емес ұйымында істейтін Мария Лобачева бала кезінде «Целинныйдың» жанында тұрған, ол бүкіл балалық шағым кинотеатрда өтті деп әзілдейді. Бір күні ол ерекше көріністің куәсі болды.

90-жылдардың басында Мария Лобачева жоғары сынып оқушысы болатын. Құрбысымен бірге кинотеатрдың жанынан өтіп бара жатып, әлдебір шіркеу «Целинныйда» жиналыс өткізетінін, кіру тегін екенін біледі. «Біз қызық үшін кинотеатрға кірдік, зал толы адам болды. Уағыз айтатын адам көмекшілерімен бірге сахнада тұрды. Кашпировскийдің сеанстарына ұқсап кетті. Уағызшы қазір киелі аруақ түседі деді, бір-екі минуттан кейін ауыр бірдеңе құлағандай гүрсіл естілді. Құрбым екеуіміз бір-бірімізге қарап, аруақ келді деп әзілдедік. Тағы да бірдеңелер құлай бастады, сөйтсек жаппай психоз әсерімен құлап жатқан адамдар екен, мүмкін олар актерлер шығар. Біз кинозалдың ең артында отырдық, сахнаға жақын жерде бірдеңе шашқан да болар, бәлкім. 40 минуттай отырып, кетіп қалдық. «Целинныйда» жаңа фильмдер көрсетілген жоқ, біз де баруды қойдық. Айтпақшы, кейін бір танысым қонаққа шақырып, пәтердегі сектаға тап болғаным бар».

«Еуразия» кинофестивалі

90-жылдары мемлекет кинотеатрларды нарыққа салып жіберді. 1996 жылы 23 желтоқсанда «Целинный» «Б. Ибрагимовтың сатира және әзіл-сықақ театры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жалға берілді. 1998 жылы сол театрға сатылып, осыған дейін «Тамаша» телетеатрының директоры болған Бауыржан Ибрагимовтің меншігіне өтті. Осыдан кейін орындықтарын жаңарту үшін кинотеатр уақытша жабылды.

1999 жылы фойенің бір бөлігін жиһаз дүкені, бір бөлігін кафе-бар алып отырды, көрермен залы мәдени-бұқаралық шараларға жалға берілді.

1998 жылы 4 қазанда Алматыда Майкл Йорк, Пьер Ришар, Никита Михалков, Барбара Брыльска, Вадим Абдрашитов, Наталья Гундарева, Ингеборга Дапкунайте, Чулпан Хаматова, Анастасия Вертинская және басқа да жұлдыздар жиналған бірінші «Еуразия» кинофестивалі өтті.

Сол кезде бұл оқиғаның адам сенгісіз болғаны сонша, газеттер кинофестивальдің болатынына ақырына дейін күмәнданып отырды. Кинофестиваль «Ортақ кинометография кеңістігі үшін!» деген ұранмен өтті. Бастапқыда «Еуразия» кинофестивалі ТМД елдері арасында көшпелі болады деп жоспарланғанмен, бұл іске аспады. Алматыда қалып қойды, ал кейін Астанаға ауысты.

Алғашқы фестиваль 12 күн бойы Алматының бірнеше кинотеатрында жүрді. Барлығы 78 картина көрсетілді. «Целинныйда» «Кабаре» мен Пьер Ришар ойнаған «Ғашық аспаздың 101 рецепті» деген жаңа картина көрсетілді. Осыдан кейін «Еуразия» 7 жыл өткен жоқ, фестиваль 2005 жылы ғана оралды. Бірақ соның арқасында адамдар үлкен экраннан фильм көруді сағынғаны, кинотеатрға оралуға дайын екені түсінікті болды.

Жаңа «Целинный»

2000 жылы 1 наурызда «Б. Ибрагимовтың сатира және әзіл-сықақ театры» ЖШС мен «Отау синема» компаниясы ЖШС кинотеатр ғимаратын сату туралы келісімшарт жасады. Құжатқа сәйкес, сол кезде ғимараттың тозу көрсеткіші 50% болды.

Қазір KinoPark Multiplex Cinemas киножелісінің бас директоры, сол кезде «Отау синема» киножелісінің директоры болған Алмаз Малдыбаев 2015 жылы Forbes басылымына берген сұхбатында 1998 жылы, кинопрокат 10 жылдай тұралап қалғаннан кейін елде кино көрсетілімін қалыпқа келтіру туралы идея келгенін еске алды. Бұған дейін бизнесмендер жылжымайтын мүлікпен айналысып, кинодан бейхабар болды, «бірақ өз кинотеатрларын жаңғыртқан, бұл бизнестен пайда тапқан мәскеуліктердің тәжірибесін көрді» («Новое поколение» газетіндегі сұхбат, 2011 жылғы 11 мамыр).

Компания инвестициялық тендер арқылы мемлекеттен «Искра» кинотеатрын сатып алды, оған несиеге алған шамамен 1 млн доллар көлемінде ақша салды, ғимаратты жаңартты, жабдық сатып алды. «Искра» ашылғаннан кейін «Отау синема» бір кинотеатрмен «алысқа шаппайтынын» түсінді, сөйтіп киножелі құруды бастады: екі жыл ішінде мемлекеттен «Алатау», «Целинный», «Сарыарқа» мен «Байқоңыр» кинотеатрларын сатып алды. Малдыбаевтың айтуынша, әрқайсын қалпына келтіруге 600 мың доллардан 1 миллион долларға дейін жұмсауға тура келді.

«Отау синема» кинотеатрларды қазіргі заманға сай қылды: жаңа жабдық орнатты, прокатты жолға қойды және попкорн әкелді. Халық қайтадан келе бастады: 2001 жылы «Отау синемаға» айына 60 мыңнан астам адам барған. Компания 2005 жылға таман әр үшінші қазақстандық көрермен болуы ықтимал деп үміттенді.

2001 жылғы 11 мамырдағы сол сұхбатында Малдыбаев компания «Целинный» кинотеатрын сатып алғанын, одан мейрамханасы мен ойын залдары бар, екі залдан тұратын мультиплекс жасайтынын айтты.

2000 жылы 21 маусымда «Вечерний Алматы» газетінде 2001 жылғы қаңтарда жаңартылған «Целинный» ашылатыны, бірақ реконструкция созылып кеткені айтылды. 2000 жылы Вадим Сидоркин «Целинныйда» әкесі жасаған сграффито жойылып жатқанын естиді.

«Мен барған кезде желдету өткізгішін жасау үшін оң жақ шеттегі композицияны бұзып жатты, бәрін видеоға түсіріп алдым. Бұл ауыр соққы болды. Бірден «ОЮ» галереясының директоры Гүлмира Шалабаеваға қоңырау шалдым, ол менің әкеме арналған монографияның авторы еді. Гүлмира таныстарына хабарласып, сол сәтте реконструкцияны тоқтатқызды. Еркін Мергенов, Шота Уәлиханов бастаған мэтрлеріміздің қатысуымен үлкен комиссия құрылды, беделді адамдар жиналды. Сосын техникалық себептерге байланысты түпнұсқаны сақтап қалу мүмкін болмаса, оны қасбетке қайталап салу керек деген шешім қабылданды. Ал олар («Отау синема») бұл шешімге қарсы шықты, бірақ біз де дегенімізден қайтпадық. Ақыры қасбетіне көшірмесі жасалды. Ал оның қалай жасалғаны — өз алдына бөлек мәселе».

Евгений Сидоркиннің сграффитосы

Көп адам Евгений Сидоркин сграффитосының бір бөлігі ғимараттың қасбетіне шығарылды деп қате пайымдап жүр, бірақ бұндай жұмысты бір жерден алып екінші жерге қоюға болмайды, бұл сыпырып алып, қайта құрауға болатын мозаика емес. Сидоркиннің қасбеттегі көшірмесін суретші, Қазақстанның туы мен Алматы қаласы гербінің авторы Шәкен Ниязбеков жасады.

Сәулет саласындағы сыншылар Анна Броновицкая мен Николай Малинин сграффитоның көшірмесін қасбетке шығаруды кітап ішіндегі иллюстрацияның мұндай танымалдыққа дайын болмаса да, кенеттен мұқабаға шығып кетуімен салыстырды («Алма-Ата: Архитектура советского модернизма. 1955–1991 год» кітабы).

Жаңарған «Целинный» 2001 жылы желтоқсанда ашылды. Көрсетілім кестесіне сүйенсек, бұл 28 әлде 29 желтоқсан болса керек.

Бірақ жаңарған «Целинныйдың» екі залы арасындағы дыбысты оқшаулау бойынша мәселе туды да, түзету үшін қайта жабылды.

Кинотеатрға жасыл және қызыл екі көрермен залы жасалды, әрқайсында 322 орыннан болды. Экран өлшемі 13,7 х 5,7 м болды. Үлкен кинозал уақыт талабына сай екіге бөлінді: екі залда екі есе көп көрсетуге болады. Қосымша екінші қабат салынып, ішке сол жақтан кіргізілді. Сидоркиннің сграффитосы да сол үшін жойылды. Қасбеті де өзгерді — ол алға жылжып, әйнегі жасыл-көк түске өзгерді.

2003 жылы жөндеуден өткеннен кейін кинотеатр. Фото Facebook желісіндегі «Ностальгия по Алматы» тобынан

Реконструкциядан кейін «Целинныйдың» бұрынғы атауы қайта оралды: маңдайшадағы «Бауыржан шоу» деген жазу алынып, жаңасы қойылды: қызыл түсті тікбұрыш әріптермен жазылды және бұрынғыдай бидай масағы болған жоқ.

Андрей Мануйлов жаңа «Целинныйдың» ашылуында болды: «Олар кинотеатрдың ашылуына Эльдар Рязановты алып келді және «Тағдыр тәлкегі» (Ирония судьбы) фильмін көрсетті. Жалғыз үлкен залдың орнында енді кішірек екі зал болды. «Целинныйдың» қайта оралғанына қуандым, иә, түрі өзгерген, бірақ ол бар, кино көрсетеді. Киноға сүйіспеншілігімді оятқан, балалық шағымның кинотеатры «Целинныйды» сүріп тастаса, маған сол ауыр болар еді. Екі мыңыншы жылдардың бас кезінде кинотеатр кішірейіп кеткендей әсер қалдырғаны есімде. Ол кезде экран мен зал көлемінің маңызын түсінген жоқпын. Кинотеатр өзгеріп кетсе де, реніш болған жоқ. Әрі бұл қуаныш ұзаққа созылмады, тағы да дағдарыс басталды. «Целинныйға» жаны ауыратын, ұзақ уақыт әрі шындап іске кірісуге дайын келген қожайынның болмағаны өкінішті».

«Патио Пицца»

2003 жылы «Патио Пицца» мейрамханасы (кейін «Иль Патио» болып өзгерді) және Heaven клубы ашылды. «Патио Пицца» ресейлік «Росинтер» компаниясының франшизасы еді, оны Қазақстанға әкелгендер қатарында «Отау синеманың» иелері де болды. «Алатау» кинотеатрындағы «Америкалық гриль бар» да (2001 жылы ашылды) соған тиесілі еді. Бастапқы кезде онда теңгемен де, доллармен де есеп айырысуға болатын.

«Целинныйдан» мейрамхана ашу ерекше операция болды. Италиядан от жағатын пеш алдыртқан едік, сөйтсек ол есікке сыймайды екен, біз 20 адам болып пешті жоғарыдан бірінші қабатқа түсірдік. Тоңазытқыштарды да арқанмен түсірдік», — деп еске алды ресторатор Юрий Негодюк.

Ресторатор Дильмурат Зикрыяров «Патио пиццада» менеджер болып істеді. Ол мейрамхананы дамытуға көп уақыт кеткенін айтады. Өйткені ол кезде Масанчи тұйық көше болатын, Қабанбай батыр көшесімен қиылысатын тұсында тұраққа тірелетін.

«Енді салып жатқанымызда бізге әріптестер келіп, сол жердің ахуалына қарап: Көздеген аудиторияң кім? Жексенбіде шіркеуге баратын әжелер ме? деп сұрайтын», — деп еске алады Дильмурат.

«Целинныйдағы» мейрамхана 2003 жылғы жазда танымал болды, себебі маркетологтар Алматыда бұрын-соңды болмаған «екінші пиццаны сыйға ал» акциясын бастаған еді. Содан бастап жұма мен сенбі сайын бұл жерде бос орын болмайтын.

Мейрамхана қызметкерлері фильмдердің кестесін қадағалап, «Целинныйда» ірі премьералар жоспарланған кезді біліп алатын, соған алдын ала дайындалатын: персонал құрамын күшейтеді, қосымша дайын өнімдерін жасайды, акциялар өткізеді. Ақыр соңында «Целинный» әкімшілігі көрерменге залға пицца алып кіруге тыйым салды.

Yvision.kz сайтынан

Түнгі «Целинный»

Мұнай бағасы өскен екі мыңыншы жылдардың бірінші жартысында елге оңай жолмен келген ақша ағылды, «Целинный» тағы да көпшілік жиналатын орынға айналды: адамдар күндіз ыңғайлы жұмсақ креслоға жайғасын кино көріп, шыққан соң Италия мейрамханасында дәмді тамақ жеп, кинотеатр фойесінде ашылған «Мока-Локадан» кофе ішсе, кешке түнгі клубқа ағылатын. Бұның бәрі бір ғимараттың айналасында орналасты. Сонымен қатар сол жердегі фотосалонда фотосуретке түсуге болатын, алайда бұл қызметті негізінен қатар орналасқан полиция департаментінің клиенттері пайдаланды.

«Целинный» маңында «Лас-Вегас» казиносы, «Алтын бидай» сыраханасы, «Самовар» мейрамханасы істеп тұрды. Осы шағын алаңқайда түрлі әлемнің өкілдері кездесетін: қымбат автомобиль мінген байдың балалары, табысты бизнесмендер, демократияшыл жұртшылық та осы жерден табылатын. Өмір қайнап жатты, ал «Целинный» көңіл көтеретін орталық болды.

Жаңарған «Целинныйдан» ашылған Heaven клубы көп адам үшін екі мыңыншы жылдардағы «тоқшылықтың», Алматының жарқын түнгі өмірінің символына айналды. Мәскеуден келген промоутерлер, Heaven клубымен жұмыс істеген Ивица Голубович пен Синиша Лазаревич Алматыға нағыз гламур алып келді.

2004 жылы «Новое поколение» газетіне берген сұхбатында Ивица Голубович беделді клубтың ерке, қалталы қонақтары не қалайтынын жақсы білемін деген еді: «Бір жыл бұрын Heаven ашылғанда Алматының барша қауымы әдемі түнгі өмірге дайын болып көрінген еді. Мен жалғанды жалпағынан басып өмір сүре алатын, әдемі киіне білетін және жақсы әңгіме мен демалысты қадірлейтін көптеген бай адаммен таныстым. Алматылықтарға түнгі өмірдің рақатын ашып көрсету керек деп білемін».

«Синиша Лазаревич Алматының түнгі өміріне жаңа дем берді, бұл премиум сегмент еді. Өзін элита санаған немесе сондай болғысы келген адамдар сол жерде сауық құратын. Heаven әкелген дүниенің ең жаманы: гламур мен пафос мәдениеті. Сол кезде бұл маған жиіркенішті көрінді, бірақ қазір бұдан қашып құтылу мүмкін болмағанын түсінемін. Ең жаманы, біздің қазақы санамызға оңай сіңіп кетті: элита, пафос, гламур… Жетістікке тез жетті, бұл көңіл көтеру орны алғашқы күндерден-ақ бірінші болды. Онда тартымды интерьер, әдемі әйелдер мен бай еркектер болды. Бұл клуб мәдениетіне теріс әсер етті, халық музыкасы жақсы клубтарды қадірлеуді қойды, осындай формат нарықта басымдыққа ие болды. Жұрт My Town клубындағыдай қызық музыка іздеп келмеді. Олар Heаven-ге өзін көрсету үшін, өзгелерді көру үшін келді, қалғанының бәрі жылтырақ болып қалды, бірақ көз тартар жылтырақ. Синиша бардың тұғырына шығып, бәріне аққайнар шашуға дейін барғаны есімде», — дейді Нариман Исенов.

Клуб тағы үш жыл істеп тұрды да, біртіндеп қарқыны бәсеңдеді. «Целинныйдағы» Heаven клубын жаңғыртуға бірнеше рет әрекет жасалды, уақыты өтті ме, әлде адамдар өзгерді ме, түк шықпады.

Шамамен 2005 жылға дейін «Целинныйға» адам көп жиналды, кеңес заманындағыдай көрермен билет үшін кезекте тұратын. Кинотеатрда 90-жылдар соңынан бастап істеген Амантай Құсайынбай реконструкциядан кейін жұмысын бастаған алғашқы жылдары студенттер фойеге таңертең оннан бастап жиналатын деп еске алды. Соңғы сеанс түнгі он екіге дейін аяқталуға тиіс болатын, өйткені осы уақытта кинозал трибунасының астында орналасқан Heaven жұмысын бастайтын.

Жанар Кәрімованың суреті

Сәулетші Жанна Спунер реконструкция нәтижесіне сәулетші ретінде қарады, клубта бір рет болып, ол жаққа енді бармаймын деп шешті: «Жерінгенім соншалық, жеке бойкот жарияладым. Заманауи мәдениет орталығына айналған 2018 жылға дейін мен ол жаққа барған емеспін. Өзіме онда баруға тыйым салдым. Ғимарат қауіпсіздік тұрғысынан талапқа сай болған жоқ: есіктері жабық болды, бұл эвакуация кезінде проблема тудыруы мүмкін еді».

Жаннаның пікірінше, тағы бір қателік қасбеттегі пленкамен байланысты: «Кіретін есік шақырып тұруы керек, иірім секілді тартуы керек. Ал кіреберіс бұлыңғыр болса, ондай әсері жоғалады. Жарық шағылыстыратын пленка адамды кері итеріп тұрады, қабырға секілді болады. Бұл сәулет психологиясы».

Сол кезде «Отау синема» бөлек орналасқан кинотеатрлардың барлығын дерлік сатып алып, жақсы дамыды. Бұл желіге «Арман», «Қазақстан» және «Мир» мен «Спутник» сияқты шағын типтік кинотеатрлар ғана кірген жоқ. «Отау синема» нарықта басты ойыншы болды, бірақ 2005 жылы желі кенеттен сатылып кетті. Алмас Малдыбаев мұның себебін компания болашақ мультиплекспен байланысты екенін түсінді деп келтіреді.

Бұл шынымен көреген шешім болып шықты: қалада сауда және ойын-сауық орталықтары белсенді түрде салына бастады, оның ішіндегі кинотеатрлар табыс әкелетін жалға алушыға айналды. Сауда және ойын-сауық орталықтары бөлек орналасқан кинотеатрлардың біртіндеп жойылуына себеп болды. 2005 жылдан кейін «Целинныйда» көрермен біраз азайды, 5 жылдай істеген Heаven де жабылды, сосын оны бірнеше түнгі клуб алмастырды, оның ішінде екі рет ерлер стриптизі болды. Ғимараттың жаңа иелері сол қапталдан жапсырма құрылыс салып, онда кешкі бестен таңғы беске дейін істеген Night club та, кальянхана да, бар да, lounge bar Sultan Pasha да болды.

Бұл орынды соңғы рет фотограф Yan Ray 2015 жылы жалға алып, «Туысқан» барын ашты. Сұхбатында бұл жерден энергия тұрғысынан бірдеңе дұрыс емес екенін сезген соң, басқа жерге көшкім келді дейді. Іздеп жүрген кезде ғимарат сатылып кетті де, одан бұл жерді босатуды сұрады. Жаңа қожайындары жапсарлас құрылысты сүріп тастауға мәжбүр болды, өйткені жер астынан су шыға бастаған: реконструкция кезінде су жүргізу талабы бұзылған.

«Отау синема» біртіндеп құлдырады.

«Целинный» тағы да 90-жылдардың елесіне айналды: фойе бөлшектеліп, қайтадан жалға берілді, онда кәкір-шүкірдің бәрі, тіпті пластик ыдысқа дейін сатылды, әйнек қасбетіне кондиционер қойылды, сондай-ақ оған банкоматтар орнатылды.

Сәулетші Жанна Спунер «Целинныйдың» құлдырауын оның ішінде де, айналасында да көп қате жіберілгеннен деп түсіндіреді. Мысалы, ғимарат айналасындағы алаңқайлар тұраққа айналды, сондықтан аумақ пайдаға жарамай қалды, оң жағындағы Никольский базарына және Байтұрсынов көшесіне шығаратын өткел тұрақ кесірінен бітеліп қалды. «Егер ғимарат айналасындағы жолдарды жауып тастап, өлі аймақ жасайтын болсаңыз, ғимарат та өле бастайды. Жаяу адамдардың ағыны бұзылды, тосқауыл қойылды. Кинотеатрдың бір жағымен жағалап жүре алмайсың, ғимараттың екінші жағын бойлау жүру қиын, ол жерде жаяу адамдарға орын қалмаған».

2011 жылы желіге кіретін 4 кинотеатр сатылымға шығарылды. «Алатау» мен «Целинный» бәрінен қымбат болды — әрқайсы 7 млн доллар, «Искра» — 3 млн доллар, «Байқоңыр» — 4 млн доллар. Сауда ұзақ жылға созылды.

2015 жылы «Алатау», «Байқоңыр» және «Целинный» кинотеатрларын банктің кепіл базасынан бизнесмен Қайрат Боранбаев сатып алды. Алғашқы екі кинотеатр көпшіліктің қарсылығына қарамастан сүрілді. Енді олардың орнында «Макдональдс» тез тамақтану мейрамханалары тұр, Украинада соғыс басталғаннан кейін оның атауы өзгерді.

Жанар Кәрімованың суреті

Күтпеген олжа

Бәрінен бұрын «Целинныйдың» жолы болды: ол жерде Заманауи мәдениет орталығы ашылады деген шешім қабылданды. 2018 жылы алғашқы көрмеге дайындық кезінде нағыз ғажап оқиға болды: гипсокартон қабырғаның арғы жағынан 2001 жылы реконструкция кезінде жойылды деп саналған Евгений Сидоркиннің сграффитосы табылды.

2000-жылдары металл конструкциялар сграффитоның үстіне қағылған, сондықтан кейбір бөлігі құрып, беті сырылған екен. Заманауи мәдениет орталығының алдында маңызды мәселе тұрды: панноны қалпына келтіріп көру немесе өткен шақтың монументал өнері мойындалмаған және жойылған кезеңнің тұрақты естелігі ретінде сол күйінде қалдыру.

2018 жылы 14 қыркүйекте мәскеулік Garage заманауи өнер музейінің қолдауымен «Целинныйда» екі экспозиция ашылды — бұрынғы үлкен кинозалда кеңестік модернизмнің сәулеті туралы баяндайтын «Ашық архив. Алматы» көрмесі орналасты. Көрмеден ғимараттардың бірегей құжаттарын, эскиздерін, тіпті аман қалған шағын бөлшектерін көруге болатын еді, мысалы, Республика сарайындағы шатырдың «алтын» өрнегі қойылды. «Қиылыста: қала, орын, адамдар» деген тағы бір көрме Орталық Азияның қазіргі заманғы өнеріне арналды. Ол бұрынғы түнгі клуб орналасқан жерде өтті. Бір қызығы, оның ертеректегі сәнді жылтыр-қара интерьері көрме кеңістігіне арналғандай жарасып шыға келді.

2001 жылдан кейін алғаш рет әйнек қасбет арқылы Евгений Сидоркиннің сграффитосын көру мүмкіндігі туды. Маңдайшадағы екі мыңыншы жылдары қойылған қызыл түсті қатып қалған тікбұрыш әріптердің орнына жеңіл, қолдан жазылған және көкке қалықтап бара жатқандай әсер беретін 1964 жылғы маңдайша жазудың көшірмесі орнатылды. Екінші қабатта бұрынғыдай шай, кофе мен бутерброд сатылды, отырып, сыртқа көз тастауға, адамдар қайтадан «Целинныйға» қарай жылғадай ағылып жатқанын тамашалауға мүмкіндік пайда болды.

«Жаңа Целинныйдың» ашылуында бәрі болды: олигархтар, сәулетші-корифейлер, жас урбанистер, шенеуніктер. Әкім кезінде Бауыржан Байбек бұл жерге екі рет бас сұқты.

Содан кейін «Целинный» реконструкцияға жабылды, оған жоспарлағаннан көп уақыт кетті: алдымен пандемия, сосын Қаңтар оқиғасы, ғимарат иесі Қайрат Боранбаевқа қатысты тергеу мен сот болды.

Биыл желтоқсан айында жаңартылған «Целинныйдың» техникалық ашылуы болады деп жоспарланып отыр, бұл туралы келесі материалымызда айтамыз.

1964 жылы Целинныйдың ашылу тарихы туралы материал.

«Целинный» 80-жылдардың соңына дейін қалай жұмыс істегені туралы материал.

Осы кинотеатрмен байланысты оқиғаңыз бен фотосуретіңіз болса, редакция қуана қабылдайды, байланыс үшін: info@vlast.kz

Оқырманның естелігі бөлек материалда жарияланады.

Материал «Целинный» заманауи мәдениет орталығымен бірлесіп жазылды.