660
3 декабря 2024
​Тамара Вааль, Астана, Власть

Спорт министрлігі акробаттарды қалай ұмытып кетті?

Министрліктің кінәсінен 800-ге жуық бала разряд ала алмай жүр

 Спорт министрлігі акробаттарды қалай ұмытып кетті?

Екі апта бұрын желіде спорттық акробатикамен айналысатын балалардың жаттықтырушылары, ата-аналары түсірген видео жария болды. Онда туризм министрлігінің қатесінен Қазақстан бойынша 800-ге жуық оқушы спорттан разряд ала алмай жүргені айтылады. Ведомство атақ беру туралы бұйрыққа спорттың осы түрін қосуды ұмытып кеткен.

Бір жарым жылдан бері көмек сұрап жүрсе де, министрлік мәселеден бейхабар. «Власть» редакциясы неге бұлай болғанын талдап, балалар енді не істей алатынын анықтауға тырысты.

Радмила Антоненко 12 жаста. Көптеген болашақ кәсіби спортшы сияқты ол да залға бес жасында келген. Серіктесі Денис Андриевскиймен бірге Радмила түрлі турнирде топ жарған, жұп спорт шеберіне кандидат атағын да алған. 2023 жылы Радмила Антоненко мен Денис Андриевский Қазақстан чемпионы, халықаралық турнирлердің жеңімпазы және жүлдегері атанды, сонымен қатар биыл юниорлар арасында Португалияда өткен әлем біріншілігінің финалына шықты. Осыдан соң олар спорт шебері атағын алуы керек болған, алайда спорт министрлігі акробатика спорты жайында ұмытып кеткен.

«Биыл спорттық акробатика бойынша спорт шебері атағын аламыз деп ойлағанбыз, ол әдетте 12 жастан бастап беріледі. Бірақ 2023 жылы разряд беру туралы бұйрық өзгеруіне байланысты спорт шебері атағын алу мүмкін болмай қалды. Сондағысы министрлік біз қатысқан спорт түрі туралы ұмытып кеткен, бұл бұйрықта спорттық акробатика бойынша разряд беру туралы жазылмаған», – дейді Радмиланың анасы Наталья Антоненко.

Қарағандылық 13 жастағы Афина Василакидің жағдайы да осындай. Оның акробатикамен айналысып жүргеніне сегіз жыл болған. Спорттағы жұбы Игорь Шевченкомен бірге Афина ғаламат жетістіктерге жеткен – түрлі сайыстан 40-тан аса медаль иеленіп, Қазақстан, Азия чемпионы атағына да іліккен, ал Португалияда өткен әлем чемпионатында бұл жұп 6-орын алған.

«Спорттық атақ беру туралы жаңа қаулы олимпиадалық спорт түріне жатпайтын спортпен айналысатын спортшылардың жағдайын қиындатып жіберді. Оның ішінде спорттық акробатика да бар. Ол бойынша спортшылардан мүмкін емес нәрселер талап етіледі. Соның кесірінен Афина мен Игорь сияқты табысты спортшылардың өзі керемет жетістіктеріне қарамастан, спорт шебері атағын ала алмайды. Федерация мәселемізді шешеді деп үміттенген едік, алайда олардың министрлікке жіберген хаты да жауапсыз қалды», – дейді Афинаның анасы Алена Василаки.

12-13 жастағы балалар әлі де күтіп, «спорт шебері» атағын алудан үміттене алады, бірақ Павлодардан шыққан спортшы Анна Мучкинаға спорт министрлігінің бұл әрекеті өте ауыр тиіп отыр. Ол спорттық акробатикаға 10 жылын арнап, түрлі марапатқа ие болды, спорт шебері атағын алмаған соң спорт факультетіне түсуден бас тартып, мүлдем басқа мамандыққа оқуға түсті. Десе де, Анна әлі де спорт министрлігі бұйрыққа өзгеріс енгізіп, еңбегіне сай спорт шебері атағын алып, одан соң бір күні халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына да жетемін деп үміттенеді.

«Министрлікке жазған барлық хатыма бір жауап келеді: басқарма жағдайдан хабардар және мәселені шешуге тырысып жатыр. Күтіңіз дейді. Бірақ әлі күнге ештеңе істелген жоқ. «Спорт шебері» атағы не береді? Анна биыл спорт факультетіне түскісі келген, атағы болғанда ол шығармашылық емтиханнан босатылар еді. Ал әрі қарай жаттықтырушы мамандығын оқып шықса, атақтың арқасында жалақыға үстемақы қосылады. Бастысы, елімізде барлық спорт түрі бойынша разрядтар бар, бұл заң сияқты еді, ал спорттық акробатика жоқ болса, спорттық классификациялауда ол жайында ұмытып кетсе, демек, заң бұзылып тұр деген сөз емес пе? Меніңше, спорт министрлігі қатесін түзеп, бізді бұйрыққа енгізуі керек», – дейді Аннаның анасы Анастасия.

Павлодар облысының спорттық акробатика бойынша аға жаттықтырушысы Ирина Глушкова заңға разряд беру туралы өзгерістер әзірленіп жатқанда спорт және туризм министрлігі барлық федерацияның ұсынысын жинайтынын айтады. Гимнастика федерациясы да барлық біліктілік талабын, оның ішінде спорттық акробатика бойынша талаптарын да жіберді. Алайда құжат жарияланғанда арасында бұл спорт түрі жоқ болып шықты. Сөйтіп 2023 жылғы наурызда «разряд үшін күрес» басталды.

«Федерациямыз бізді тастамайды. Олар үнемі министрлікке хат жолдап отырады. Бізге олимпиадалық ойындарға жатпайтын спорт түрлеріне қойылатын жалпы ереже бойынша разряд алуды ұсынып жатыр. Бірақ олай істей алмаймыз. Себебі бұйрықта, мысалы, бірінші жасөспірім разрядын алу үшін сегіз рет жеңіске жетуі керек екені жазылған. Енді елестетіңізші, бізде әр өңірде бір облыс чемпионаты және жастар арасында үш чемпионат өтеді. Демек, бала жыл ішіндегі үш жарысқа да қатысып, сол жерде сегіз рет жеңіске жетсе ғана бірінші жасөспірімдік дәрежесін ала алады», – дейді Глушкова.

Жаттықтырушының айтуынша, осылайша үш жылда мұндай нәтижеге жету мүмкін емес дүние. Сондықтан разрядтарды орын алғанына қарап емес, балдық жүйеге сәйкес беруі керек және жалпы спорт министрлігінің бұйрығына спорттық акробатиканы қайта қосу қажет.

«Бұл жөнінде үнемі айтып жүрміз, министрлікпен байланыстамыз, ата-аналардың мемлекеттік органдарға жазған хатында есеп жоқ. Оларға жаттанды сөзбен жауап береді. Балалар әлі разрядын ала алмай жүр. 11 жыл бойы спортпен айналысқан балалар бар. Спорт шебері, Азия мен Қазақстан чемпионы. 2023 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатында біз 14 алтын ұтып алдық. Бірақ балалар атақ ала алмай жүр. Ал бұл оларды оқуға түсу мүмкіндігінен айыру (жоғары разряды бар бала оқуға емтихан тапсырмай-ақ түсе алады – В.), бала жылдар бойы сол разрядты алуға ұмтылады ғой. Ал олар дымсыз қалды. Жылдар бойы текке төр теккен болып қалды», – дейді Ирина Глушкова.

Амалы қалмаған балалар мен ата-аналар спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваға ашық үндеу жолдады. Тек биылғы әлем чемпионатының өзінде Қазақстан спортшылары бір алтын, екі күміс және екі қола медаль жеңіп алғанын, Қытайдағы дүниежүзілік ойындарға екі лицензия алғанын айтты. 2023 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатында команда 16 алтын, 1 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды.

Ата-аналар мен жаттықтырушылардың есебіне сәйкес, 39 адам халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын ала алмаса, 45 бала – спорт шебері, 116 – спорт және бұқаралық разрядтардағы 1-2 және 3-ші разрядтардағы 760 бала спорт шеберіне үміткер.

«Басшылықтың әрекетсіздігінен спортшылар лайықты атақ пен шенін ала алмайды, жоғары оқу орындары мен интернаттарға грантқа түсе алмайды», – дейді балалар мен ата-аналар үндеуде.

Спорт министрі Ербол Мырзабосынов «Власть» сұрақтарына жауап бере отырып, өтінішті көрмегенін және мән-жайдан бейхабар екенін айтты. Ол басқарма басшысы болып тағайындалғанға дейін бір жарым жыл министрліктегі спорт және дене шынықтыру комитетін басқарған, ата-аналардың, жаттықтырушылар мен гимнастика федерациясының айтуынша, олар бұл басқармаға да өтініш жолдаған.

«Өкінішке қарай, өтініштерді көрмедім. №56 бұйрықта өзгерістер болды. Бұл мәселені егжей-тегжейлі талдап, федерациялармен егжей-тегжейлі жұмыс істеп жатырмыз. Дәреже тағайындау өте объективті болуы керек. Ал мен дәреже алуға лайық әрбір бала тиісінше разрядын алғанын қолдаймын... Дер кезінде ақпарат бермеген федерациялар бар. Мен дәл осы сұрақты көрмедім», – деді Ербол Мырзабосынов.

Министр неліктен спорт комитетінің төрағасы бола тұра, спорттық акробатика өкілдерінің өтініші мен хатын көрмегеніне жауап бермеді, тек «бұйрық оның алдында қабылданғанын» айтып, жағдайды қарап шығуға уәде берді.

Бірақ, жалпы ол балалар жаңа бұйрықтың шығуын күтіп жүргенін, өйткені «бұған дейін атақ заңсыз берілгенін білдіретінін» айтты:

«Антикордың сұрағы көп, көп спортшы мен жаттықтырушы разрядтарын қайтып беріп жатты. Іс қозғалып жатқанын білесіздер. Сондықтан бұрынғы бұйрық бойынша істер болсақ, разряд беруге құқығымыз жоқ. Біз бұйрықты өзгертіп жатырмыз, дайын болып қалды», – деді Ербол Мырзабосынов. Бірақ жаңа талаптар жазылған жаңа бұйрық қашан дайын болатынын және бұл құжатқа спорттық акробатика енген-енбегенін айтпады.

Қазақстан гимнастика федерациясы мұндай жағдайдың неліктен пайда болғанын және спорттық акробатиканың біліктілік талаптары бұйрыққа қалай енбегенін түсінбейді. Бұйрық шығарылғанға дейін, 2022 жылғы қарашада федерация бұйрық жобасын көріп, кем тұстарын тауып, министрлікке батут гимнастикасы мен спорттық акробатика бойынша барлық қажет ақпаратты жіберген.

Ұйымның бас хатшысы Раббани Әшімбековтің айтуынша, спорт комитетінің қызметкері әдеттегідей қажетті өзгерістерді енгізуге уәде берген. Нәтижесінде батут стандарттары жаңартылды, бірақ спорттық акробатика бойынша ештеңе өзгерген жоқ.

«№56 бұйрыққа енгізілген өзгерістер күшіне енгеннен кейін біз комитетке (2023 жылғы 7 наурыз) өзгертулер енгізу туралы өтініш жаздық. Комитет қызметкерлері бірнеше рет іске қосылғалы жатқанын айтты, бірақ кейін түрлі жағдай туындап, бәрі бастапқы нүктеге оралды. Біз өз тарапымыздан жұмыс тәртібінде көрсетілген комитеттің барлық талабын қысқа мерзімде орындадық», – деп сендірді Әшімбеков.

Оның айтуынша, спорттық разрядтардың берілмеуі бірінші кезекте бала кезінен сүйікті спорт түрімен айналысып, халықаралық аренада облыс пен елдің намысын қорғап жүрген спортшыларға кері әсер етеді. Қазір олардың университетке түсуге және оқу ақысына жеңілдіктер алуға мүмкіндік беретін дәл осындай спорттық дәрежесі жоқ.

Спорттық жетілдіру топтары үшін спорт шеберіне кандидат, жоғары спорттық озат тобы үшін спорт шебері атағы болуы қажет болғандықтан, қазір жаттықтырушылар да топ құра алмайды. Оның үстіне осының кесірінен бапкерлердің жалақысы да қысқарады.

Спорт комитеті төрағасының орынбасары Азамат Имашев спорттық атақтар, разрядтар мен біліктілік санаттарын беру нормалары мен талаптарының қолданыстағы тәртібінде спорттық акробатика бойынша тағайындау талаптар негізінде, яғни спорттық жарыстарда иеленген орындар бойынша жүзеге асырылатынын хабарлады. Ал қазір жаңа бұйрық жобасына спорттық акробатика мен көркем гимнастика бойынша федерация ұсыныстарына сәйкес нормалар (балл) мен талаптар (орын) енгізілген.

«Жобада 160-тан аса спорт түрі бар, әр спорт түрі бойынша разряд, дәреже мен біліктілік дәрежесін тағайындауға арналған жеке норма мен талаптар бекітілген. Түзетулер республикалық аккредитацияланған федерациялардың ұсыныстарына сәйкес жасалды. Осыған орай бұл бұйрық жобасын әзірлеуге ұзақ уақыт кетті». Имашев бір жарым жыл бойы ата-аналар мен гимнастика федерациясы атынан өтініштер жазылса да, министрлік құжатқа неліктен түзету енгізбеген деген сауалға осылай жауап берді.

Мәселені шешу үшін комитет төрағасы балаларға жаңа бұйрықты күтуді ұсынып отыр.

Ал бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева балалар мен олардың ата-анасының өтінішін көрмеген. Ол «Власть» журналистеріне мәселені зерттеп жатқанын және осы сұрақ бойынша спорт министрлігінен мардымды жауап күтіп отырғанын айтты.

«Қазіргі уақытта «Спорттағы атақтарды, разрядтарды және біліктілік санаттарын берудің нормалары мен талаптарын бекіту туралы» №56 бұйрыққа өзгерістер енгізу туралы бұйрықтың жобасы әзірленді. Бұйрық жобасында республикалық аккредиттелген спорт федерациясы ұсынған спорттық акробатикаға қойылатын нормалар мен талаптар ескерілген. Бұл бұйрық жобасы бекітіліп жатыр, жұмыс тобы құрылды, 10 заңгер және үш спорт маманы тартылды, ішкі келісуден өтті, заңдық жағы қалды (бұйрық 1000 парақтан асады). Одан әрі тәртіпке сәйкес әділет министрлігінде, қоғамдық кеңесте бекітіліп, кейін ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланады. Олар бұл бұйрықты 2024 жылдың соңына дейін қабылдауды жоспарлап отыр, жалпы мерзім – 2025 жылдың бірінші тоқсаны», – деді Динара Зәкиева.

Ал ата-аналар әлі қанша күтуге тура келетінін білмейді. Мәселе шешілмесе, балалар жаттығуға барудан қалып, спортты тастап кетеріне, шетелге оқуға кетіп қаларына сенімді.

«Қызым – «аспан» акробаты, үнемі спортпен шұғылданып, дене бітімін сақтауы керек. 12-15 жас – қыздардың өтпелі шағы, олар жылдам өседі. Көбіне олар спорттық жолын «төменгі» акробат болып жаңа құрамда жалғастырып жатады. Ал бұл бәрін жаңадан бастау қажет деген сөз. Сондықтан жақын аралықта министрлік спорттық акробатикадан разряд беру бойынша бұйрыққа өзгеріс енгізбесе, балалардың бұл спорт түріне қызығуы өшіп те қалуы мүмкін», – дейді Наталья Антоненко.

«Спорт шебері атағының болмағаны Афина мен Игорьден бөлек, күн сайын жаттығып, залда шаршап жүрген, спортты бірінші орынға қоятын талай жас спортшының сағын сындырды. Мұндай селқостық балалар арасындағы спорттық акробатикаға қызығуды төмендетіп, спорт түрінің назардан тыс қалуына, ал талай талантты спортшының басқа салаға кетуіне себеп болады», – деп есептейді Алена Василаки.