«Целинный» кинотеатр ашылған 1964 жылдан бастап, КСРО құлап, бүкілодақтық кинопрокат жүйесі тарағанға дейін 27 жыл табысты жұмыс істеді. Бұл материалда кинотеатрдың «алтын» дәуіріне тоқталамыз.
Кинотеатрдың қалай салынғаны туралы материалды мына жерден оқуға болады.
Тәрбие жұмысы
1966 жылдың соңына қарай Алматыда 10 тұрақты кинотеатр және жұмыс режимі шектеулі 9 кинотеатр болды. Сол жылы олар 8 миллион көрерменге қызмет көрсетті. Премьераға арналған үш кинотеатр болды: «Алатау», «Целинный» және 1966 жылы салынған «Сарыарқа». «Целинный» ең үлкен және алдыңғы қатарлы болып қала берді. Ол сауық-сайраннан бөлек, маңызды тәрбиелік қызмет те атқарды.
Кинотеатр жанында мектеп мұғалімдерінен тұратын балалармен жұмыс комиссиясы болды. Ол көрсетілетін фильмдердің тақырыбы бойынша ақыл-кеңес берумен айналысты.
«Целинныйда» жоғары сынып оқушыларына арналған киноқұмарлар клубы ұйымдастырылып, актерлермен және режиссерлермен кездесулер өтіп тұрды, кеңестік және шетелдік классика көрсетілді. Өзекті тақырыпқа арналған деректі фильмдер ұдайы көрсетіліп тұратын, мысалы: әуеден жасалатын химиялық шабуылға қарсы қорғаныс, дін — апиын, Кеңес жастарының ерлігі, жауынгерлік дәстүрлер, т.б.
«Космос» балалар клубы жұмыс істеді, онда әр жексенбі сайын балалар кинотеатр қызметкері ретінде екі балалар сеансына қызмет етті. Шамасы, балалар тексеруші рөлінде болса керек.
«Целинныйда» ғана емес, «Алатау» мен «Сарыарқада» да түрлі фестиваль өтіп жататын, мысалы, Азия, Африка мен Латын Америка елдерінің фестивальдері, Чехословакия фильмдерінің аптасы, югослав, украин картиналарының фестивалі, т.б. Мәскеу кинофестивалінің фильмдері де көрсетіліп жүрді.
IMAX бастауы
70-жылдардың соңында «Целинный» қайта жабдықталды: панорамалық форматтан кең форматқа ауысты. Бұған панорамалық картиналардың аз түсірілуі себеп болды, қымбатқа түсетіндіктен бұл форматтың келешегі жоқ десті.
Панорамалық кинода бейне бірнеше бөліктен құралды, әрқайсы жеке объективпен бөлек кинотаспаға түсірілді. Өмірін кинопрокат саласына арнаған Муслим Чингужинов қазіргі IMAX панорамалық форматтан бастау алғанын айтады.
«Онда үлкен жайма болды және бірден үш кинопроектор қосылатын, әрқайсының жарығы өз аймағына түседі. Үлкен көрініс пайда болады. «Целинный» панорамалық болғанда, экранның жалпақтығы 30 метр, ал биіктігі 8 метрдей болды. Шамамен 70-жылдардың басында ол кең форматқа өзгерді, жаймасы да сәл кішірейді. Мотожарыс туралы панорамалық фильм шыққаны есімде, онда стерео дыбыс әсері болды — мотоциклдер жүре бастағанда дыбыс зал бойын жағалап, экранға қайтып оралатын. Стереоның әсері дәл айқындалып тұрады: мотоциклдер залмен жүріп өткендей сезім қалдыратын».
Оның айтуынша, «Целинный» экранына кашеттейтін ерекше құрылғы орнатылды. Кашет деген — экранның артық жиегін алып тастау үшін қаңқаға керілген мата. Кең форматты фильм жүргенде кашеттейтін құрылғы экранның тұтас бетіне керілетін, қарапайым фильм кезінде жиегінде ақ жолақтар болмас үшін кашеттер қолданылды. Осылайша көрермен фильм форматы басқа болса да, толық экраннан көріп отырғандай әсер алатын.
Белла Ахмадулина «Целинныйда»
1980 жылы қыста кинотеатрда атақты ақын Белла Ахмадулинаның кеші өтті. Одан екі жыл бұрын Кеңес Одағында үлкен дау болған: «Метрополь» деген әдеби альманах жасырын жолмен шығып, оған цензурадан өтпей қалған жазушылардың шығармалары кірген еді, олардың арасында Ахмадулина да болды.
Сол кезде ҚазҰУ журналистика факультетінде оқитын Ольга Гумирова 1980 жылы қыста Алматыға Ахмадуллина келетінін кездейсоқ естіп қалады.
«Белла Ахмадулина «Метрополь» шыққаннан кейін келгендіктен, оның сапары аса жария бола қоймады. Ақын бірнеше кездесу өткізді. Бұған кинотеатрлар желісі атсалысқан болса керек, өйткені «Арман» кинотеатры мен «Кино үйінде» де кездесулер өтті. Алғашқысы болмаса да, ең көп талқыланғаны, көп адам жиналғаны «Целинныйдағы» басқосу болды», — деп еске алды Ольга Гумирова.
Кездесу басталғанда ақынның шығармашылығымен жақсы таныс біраз адам билет таба алмай, есік сыртында тұрғаны жазылған тілдей қағаз Ахмадулинаның қолына тиіп, ол келгендердің бәрін залға кіргізуді сұрады. Көрермен қабырғаны жағалай тік тұрды, ине шаншар бос орын болмады.
«Қарақұрым халық жиналғанын, ақын өлең оқығанда құлаққа ұрған танадай тыныштық болғанын әлі ұмытқан жоқпын. Біз сахнаға өте жақын отырдық, оның әппақ мойны есімде қалыпты, өлең оқыған кезде мойнын құс секілді алға созып, басын сәл шалқайтып ұстайды екен. Үстінде шілтерлі ақ блузка, қолында біздің өңірге таңсық әдемі сақиналар болды. Ахмадулина поэзияның бейнесіндей көрінді. Дауысы тұнық, үзіліп-үзіліп, сәл құлдилап шығады, суықтық бар. Ол сүйініш тудырып, әр сөзіне ден қоюға ниет оятты. Жиналғандар арасында студенттер көп болды, ересектер де аз болған жоқ, тіпті жастардан басым болды-ау деймін. Олардың бәрі Белла Ахмадулинаны қайдан білді? Бір көшірмелерден, қайта басылған қолжазбалардан білетін болса керек, оның кітабы Алматыға жетпеуші еді».
Киномеханик емтиханы
«Целинныйда» киномеханиктер емтихан тапсырып, санат алатын. Киномеханик деген көп кинотеатрдың бас қатырар мәселесі болды: еңбекақы мардымсыз болғандықтан, ондай жұмысты көбінесе жастар атқаратын. Кәсіпті енді меңгергенде әскерге алып кетеді. Алматы қаласының архивінде сақталған стенограммада кинотеатр директорлары осы проблеманы талқылап, қызметкерлерді пәтер беру арқылы ынталандыруды ұсынады.
Муслим Чингужинов киномеханик болып 1984-1985 жылдары «Юность» кинотеатрынан бастады, кейін «Авангардта» және «Қазақстанда» жалғастырды. Бірақ киномеханик куәлігіне алғашқы емтиханын «Целинныйда» тапсырды: онда жіңішке таспалы проекторлардан бастап, стационарлы 70 миллиметрлік проекторларға дейін барлық жүйесі бар арнайы техникалық кабинет болды.
Емтихан қорытындысы бойынша киномеханиктерге үш санат берілді: ең жоғары — бірінші, ең төменгі — үшінші. Осы кәсіпті армандағандар кинотехникумға барып, ол жақта «кино жабдығына қызмет көрсету мен пайдалану және кинозалдарды жобалау» мамандығына төрт жыл оқыды.
Муслим Чингужиновтың алғаны осындай куәлік еді. Оның айтуынша, техкабинет «Целинныйда» шамамен 1978 жылы іске қосылды және Кеңес Одағы құлағанға дейін жұмыс істеді.
Әлбетте «Целинныйда» санаты ең жоғары механиктер жұмыс істеді. Кинотеатрда олар әрдайым көк түсті халатпен жүретін. Жеңі міндетті түрде түймеленген, қауіпсіздік техникасына сәйкес ұзын шаш қоюға болмайды: шаш тісті барабанға ілінетін болса, зақымдануға әкелуі мүмкін еді.
«Киношылардың кесірінен таспа үзіліп, тоқтап қалатын болса, жазалайтын, сыйақыдан айыратын, тіпті қызметіңді төмендетуі мүмкін еді», — деп еске алады Муслим Чингужинов.
Әлеуметтік бәсеке
КСРО кезіндегі басқа кәсіпорындар секілді, кинотеатрлар арасында да өзара әлеуметтік бәсеке болатын. 1965 жылы «Алатау» мен «Целинный» арасында Әлеуметтік бәсеке келісімшарты жасалды. Бұл туралы құжат Алматы қаласының архивінде сақтаулы тұр.
Ұжымдар кино қызметі бойынша жоспарды мерзімінен бұрын орындауға, киноның идеологиялық жұмыстағы тәрбиелік рөлін көтеруге, ХХІІ съездің және КОКП ОК кейінгі пленумдарының шешімін жүзеге асыруға міндеттеме алды.
Сонымен қатар қызметкерлер электр энергиясын 10 пайызға азайтып, пайдалану шығынын үнемдеу жолында күресуге уәде берді. Құжаттарға қарасақ, бұл әлеуметтік дуэльге бастамашы болған «Целинный» ұжымы екен. Әлеуметтік бәсеке 1965-1966 жылдары өтті. Кім жеңгені белгісіз.
Сол кезеңде кинотеатрларға жаңашылдық келе бастады: билетті алдын ала сату кассалары ашылды — билетті сеансқа дейін 1-3 күн бұрын сатып алуға болатын, билет 1 ай мерзімге кредитке берілді. Қала бойынша «Целинныйдың» 12 жарнама тақтасы болды, оған картиналардың аңдатпасы ілінді. Кинотеатр қызметкерлері «жексенбілік» деп атап кеткен шарада ғимарат төңірегіндегі қоқыс салғышты, орындықтарды сырлап, гүлкөмбелер жасайтын.
1966 жылы «Целинный» әлеуметтік міндеттерін жаңартты. Мұны Кеңес билігінің 50 жылдығына және Лениннің туғанына 100 жыл толуына орайластырды. Кинотеатр 1966 жылғы 26 желтоқсанға дейін жылдық жоспарды толық орындауға, ай сайын жоспарды артығымен орындауға, «көрерменнің талғамы мен сұранысын жүйелі түрде зерделеп отыруға, олардың рухани және эстетикалық қажетін қанағаттандыруға, халыққа қызмет көрсету мәдениетін арттыруға» міндеттеме алды. Кинотеатр басшылығы кем дегенде жылына екі рет көрермен конференциясын, тоқсан сайын кем дегенде екі рет кинофестиваль немесе тақырыптық фильмдер көрсетілімін өткізіп тұруға міндеттеме алды.
1970 жылғы түскен ақшаны ескерсек, «Алатау» жұмыс тиімділігі жағынан «Целинныйды» басып озып, 2987 сеанс өткізген, ал «Целинныйдың» көрсеткіші 2681 болған. Бірақ «Целинныйдың» залы үлкенірек болғандықтан, 1332,5 көрерменді 2233,1 көрерменмен басып озды. Жалғыз панорамалы кинотеатрдың түсімі миллион рубльге жуықтады — 904,9. Қалай десек те, екі кинотеатр да мемлекеттік жоспарды асыра орындады. Осыдан кейін «Алатау» кинотеатры сол кезде Фрунзе болған Бішкек қаласындағы «Россия» кинотеатрын бәсекеге шақырды.
1970 жылы «Целинный» ұжымы Қазақстан Компартия ОК, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі мен Министрлер кеңесінің құрмет грамотасын алды. Осылай «Целинныйдың» елдегі үздік кинотеатр екені ресми расталды.
«Бұл неғылған джунгли?..»
Майра Құбаниязова 1981 жылдан 1986 жылға дейін «Целинныйда» әдіскер болып істеді. Ол кинофестивальдер мен тақырыптық кештер өткізді: «Сценарийді де өзім жаздым, сахнаға да өзім шықтым, бәрін өзім өткізіп, ұйымдастырдым, адамдар шақырдым. Жаңа жылда іс-шара, 23 ақпанда кеңес армиясы күніне орай іс-шара, 27 тамызда кино күніне арналған іс-шара, 1 мамырда іс-шара, жыл бойы осылай жалғаса беретін».
Майра Құбаниязова педагог еді, «Целинныйға» кездейсоқ орналасты:
«Әдемі әрі үлкен кинотеатр еді, — дейді ол «Целинный» туралы. — Сондай үлкен кинозал болғанымен, фойе шағын еді, бірақ өте жайлы болды. Онда жасыл желек көп болды, басқа жерде жоқ пальмалары есімде. Сол жерде тексеруші болып істейтін әйелмен таныстым. Тексеруші ғана емес, бағбан еді, өз ісін қатты жақсы көретін. Ол уақытта кинотеатрлардың штатында бағбандар да болды, «Целинныйда» ғана емес, «Арманда» да солай еді. Бір күні «Целинныйға» кинематография саласындағы бір шенеунік келіп, «бұл неғылған джунгли?» деп кеткені бар».
Ол уақытта кино көңіл көтеретін ең оңай тәсілдің бірі болды. Егер жақсы бір жаңа фильм шықса, әсіресе шетелдік болса, билетті ертерек алу керек. «Целинныйда» демалыс күндері адамдар таң бозынан залда отыратын.
Майра Құбаниязова елдің басты кинотеатрында істегендіктен, одан үнемі билет тауып беруді сұрайтын. Тіпті пара да ұсынған: билет 50–70 тиын тұрса, 3–5 рубль ұсынатын. «Орын жоқ болса, оларды қайда кіргізесің?» — деп еске алды ол.
Фильм алдында киножурнал көрсетілетін. Ол жаңалық, ғылыми-танымдық фильм, «Фитиль» киножурналы немесе балалар сеансы болса, «Ералаш» болуы мүмкін. Ол он минуттай уақытқа созылатын.
Фильмдер прокатта екі аптадай жүрді, аса танымал кейбір картина болса, көрсетілім бір айға дейін ұзартылуы мүмкін еді. Сол кезде кинотеатрлар арасында сайыс басталатын, «Целинный», «Алатау» және «Сарыарқа» бірінші экран кинотеатрлары болғандықтан, басқасы прокаттың аяқталғанын және таспаның берілуін күтуге тура келетін.
КСРО кезінде жоспарлы экономика болды, мемлекет кинотеатрларға да әрдайым жоспар беріп отырды. Жоспарды орындаса, қызметкерлері сыйақы алды. Майра Құбаниязова сол кезде кәсіпорындармен көп істес болуға тура келгенін еске алады. Ірі зауыттарда, мысалы, Алматы ауыр машина жасау зауытында көшпелі касса мен кинобұрыш істеді, оны кинотеатр қызметкерлері жасайтын: жарнама, премьералар кестесін, т.б. іледі.
«Целинныйда» әр тексерушіге бірнеше кәсіпорын бекітілді. Майра Құбаниязова әдіскер ретінде мектептермен және институттармен жұмыс істеді:
«Мектеп оқушыларына арналған абонементтер болды, ол тұтас бір жылға жүретін, біз кітап шығарып, билетті соған жабыстыратынбыз. Егер оқушы айына бір рет келетін болса, 12 билет жабыстырылады. Кинотеатрға келген кезінде билет үзіледі. Бұл абонементтерді мектептерге тараттық. Олар міндетті түрде келетін көрермен, бұның бәрі жоспарды орындауға көмектесті. Жоғары оқу орындары мен кәсіпорындарға жақында шығатын фильмдер туралы айту үшін қоңырау шаламыз, өз аяғымызбен барамыз. Сол үшін кейін сыйақы аламыз».
Кинотеатр жанында қолдан салынған жарнама ілініп тұратын. «Целинный» штатында екі суретші болды: безендіруші және суретші-қаріпші, ол атынан көрініп тұратындай қаріп жасаумен айналысты. 80-жылдары «Целинныйда» барлығы 60–70 адам жұмыс істеді. «Сырт көзге ғана кинотеатрда кассир, тексеруші мен механиктен басқа ешкім жоқтай көрінеді. Тазалықшылар, электриктер, одан басқа да көп адам қызмет етті».
Кеңес Одағы құлаудың алдында, 1986 жылы Алматыда ХІХ Бүкілодақтық кинофестиваль өтіп, сонда Юрий Озеровтің «Мәскеу үшін шайқас» киноэпопеясы жеңіске жетті, фильмде 28 панфиловшының да ерлігі көрсетіледі. Осы фестивалдің алдында «Алатау», «Целинный», «Арман» кинотеатрлары жөндеуден өтті. Алматы жалпы бұл фестивальді екі рет қабылдады: 1986 жылға дейін 1973 жылы болған еді.
Сосын Кеңес Одағы тарады. Сонымен бірге кинопрокат жүйесі де жоқ болды. Кинотеатрлар үшін қиын кезең басталды. «Целинный» 90-жылдары қалай күнелткенін келесі материалда әңгімелейміз.
Осы кинотеатрмен байланысты оқиғаңыз бен фотосуретіңіз болса, редакция қуана қабылдайды, байланыс үшін: info@vlast.kz
Оқырманның естелігі бөлек материалда жарияланады.
Материал «Целинный» заманауи мәдениет орталығымен бірлесіп жазылды.
Поддержите журналистику, которой доверяют.