3061
31 октября 2024

Харассмент әлі күнге дейін «кішігірім бұзақылық» санатында

Қазақстан заңнамаға «жыныстық сипаттағы қудалау» ұғымын енгізе алар емес

Харассмент әлі күнге дейін «кішігірім бұзақылық» санатында

Анна Белоусова Қостанайдағы мектептердің бірінде гардеробта жұмыс істейтін. 2011 жылы қызметке келген жаңа директор интимдік қатынастан бас тартқаны үшін Аннаны жұмыстан шығарамын деп бірнеше рет қорқытады. Қазақстанда әділетті шешімге қол жеткізе алмаған Анна БҰҰ әйелдерді кемсітуді жою комитетіне жүгінеді. 2015 жылы Комитет істі Белоусованың пайдасына шешіп, Қазақстанды жыныстық қудалау көргендерді қорғау мақсатында заңға өзгеріс енгізуге шақырды.

Бұған және одан кейін де болып жатқан харассмент оқиғаларына қарамастан, Қазақстанда әлі күнге дейін «жыныстық сипаттағы қудалау» немесе «харассмент» деген ұғым заңға енгізілген жоқ.

«Власть» мұның адамдарды жыныстық қудалаудан құтқаруға қандай кедергі келтіретінін сарапшылардан сұрап, харассментке тап болғандардың жағдайды өзгертуге қалай тырысып жүргенін білді.

Заңға түзетуді кім дайындайды?

«Қоқыс лақтыру мен жыныстық қудалаудың жазасы бірдей, екеуінде де бір мөлшерде айыппұл төлейсің немесе бірдей мерзімге қамаласың. Ал әйел адам жанына салған жараны өмір бойы ұмытпайды. Әйел тағдырына жара салудың құны бар болғаны 30 тәулікке қамалу», – деген еді Myqty.women бастамашысы Нұрсұлу Гапурова 2023 жылғы қаңтарда Астанада өткен митингте.

Митинг 31 қаңтар күні өтті. Кешкі мезгіл екеніне, 20 градус аязға қарамастан, елуге жуық адам шығып, заңға «жыныстық қудалау» ұғымын енгізуді, мұндай әрекетке қылмыстық жауапкершілік жүктеуді, полицияны гендерлік зорлыққа бей-жай қарамауға үйретуді және білім беру мекемелері мен жұмыс орындарындағы жыныстық қудалауға реакция білдіру хаттамасын қабылдауды талап етті.

Одан бір ай бұрын, 2022 жылдың аяғында еңбек министрлігі жұмыс орнындағы зорлық пен жыныстық қудалауды түп-тамырымен жою бойынша ұсыныстар әзірлегенін хабарлаған болатын. Арада екі жыл өтсе де, жұмыс нәтижесі жайында ешқандай мәлімет жоқ.

Астана, 2023 жыл. Суретті Жанара Каримова түсірген

Анна Белоусованың ісі БҰҰ-ға жеткеннен бері бірнеше рет «харассмент» немесе «жыныстық қудалау» терминін Қазақстан заңына енгізу ұсынылды.

Биыл ақпанда «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заң жобасын таныстыру барысында мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бастамашы топ «сталкинг» және «сексуалдық сипаттағы қысым көрсету» ұғымдарын енгізуді ұсынғанын, бірақ үкімет тарапынан қолдау болмағанын мәлімдеді.

Бір аптадан кейін ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция департаменті басшысының орынбасары Ренат Зұлхайыров мұны жоққа шығарды.

Кейінірек «Власть» сауалына жауап ретінде жолдаған хатында ішкі істер министрлігі қудалау және аңду элементтеріне үкіметтің әрекет ету шаралары бұған дейін қарастырылғанын, бұл ұсыныстар сондықтан қабылданбағанын хабарлады.

Маусым айында ішкі істер министрлігі қудалауға жауапкершілік енгізетін түзетулерді дәл осы еңбек министрлігі әзірлеп жатқанын айтып, мәселені түсіндірді.

«Мектеп директоры мұғалімдерге жыныстық сипаттағы қысым жасаған соң оған айыппұл салынды, бірақ ол директорлық қызметін жалғастыра берді»

Халықаралық заңгер Аяжан Ойрат қазір іс жүзінде харассмент Қылмыстық кодекстің бірнеше бабымен бірге «ұсақ бұзақылық» есебінде дейді. Жиынтық түсінік болмауы құқықтық олқылық тудырады. Аяжан Ойрат мысал ретінде Астана медицина университетінің оқытушысы Алышан Исмаиловтың Аида Жампейісова есімді студентке қысым жасағанын еске алды.

«Жұмыс берушінің қызметкерді жұмыстан шығаруға құқығы жоқ екенін көріп отырмыз. Олар бұл іс қоғамда резонанс тудырғандықтан ғана қызметкерді жұмыстан шығарған. Жұмыс берушілер де басын бәйгеге тігеді, себебі жұмыстан шығып қалған агрессор сотқа беріп, жұмысына қайтадан оралуы мүмкін. Бұл әділдікке жете алмаған жәбірленушілерге ауыр тиеді», – дейді Ойрат.

Жампейісова сотта жеңіп шығып, жыныстық сипаттағы қудалау көрсеткен Исмаилов 15 тәулікке қамалды.

«Жыныстық қудалау аяқталған қылмысқа жатпайтындықтан, яғни жыныстық қатынас болмауына байланысты іс (121-бап – V.) қылмыстық істен әкімшілік іске ауыстырылды. Учаскелік полиция қызметкері хаттама толтырып, оған бұзақылық жасады деген айып тағылды», – деді Жампейісованың адвокаты Саида Сүлейменова «Власть» басылымына.

Сүлейменова Исмаиловтың тағы да үш студентке қысым жасағанын мәлімдеді.

Шілде айында Жампейісова жыныстық қудалауды қылмыстық жауапкершілікке жатқызу туралы петицияға қол жинай бастады.

Суретті түсірген Жанара Каримова

Әділет министрлігі «Власть» тілшілерінің үкіметтің харассментке қарсы шаралары туралы сауалына берген жауабында «жыныстық қол сұғу үшін» жауапкершілік Қылмыстық кодекстің бірқатар бабымен, мысалы, 121-баппен («Зорлық-зомбылық әрекеттері») реттелетінін мәлімдеді.

Ал сталкинг, департамент атап өткендей, Қылмыстық кодекстің «Қорқыту» (115-бап), «Жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу, қызтекелік, лесбияндық немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер» (123-бап) сияқты баптарымен, «Қорлау» (131-бап), «Жеке өмірге қол сұқпауды бұзу» (147-бап), «Ақпаратқа, ақпараттық жүйеге немесе телекоммуникациялар желісіне заңсыз қол жеткізу» (205-бап) және ӘҚБтК-нің «Құқық қорғау саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер» және «Қоғамдық орындарда қудалау» (449-бап) бойынша қарастырылады.

Аяжан Ойрат «харассмент» ұғымын тек Әкімшілік кодекске ғана емес, жекелеген кодекстерге де енгізу керек деп есептейді. Дегенмен, мұны жасамас бұрын, «харассмент» және «жыныстық сипаттағы қудалау» ұғымдарын ажыратып алу қажет. Ол харассмент деген кемсітудің бір түрі екенін және жыныстық қудалаудан бөлек, нәсіліне, жынысына, жыныстық бағдарына, дініне және саяси көзқарасына негізделген басқа да нысандарды қамтитын термин екенін айтады.

«Қудалау» терминін нәпсіқұмарлық деген мағынада енгізетін болсақ, онда қалғаны мәнін жойып, ондай әрекетке тап болғандар өзін қалай қорғайтыны үлкен мәселе болады», — дейді Аяжан Ойрат.

Заңгердің айтуынша, заңнамалық базаның жоқтығы және мемлекеттің бұл мәселені шеше алмауының зардабы ауыр болады. Агрессорлар психологиялық залал келтірумен шектелмей, мұның соңы зорлауға әкеп соғуы мүмкін, мысалы, Шымкенттегі медбикені дәрігердің зорлауы немесе Алматыдағы BI Group компаниясындағы лифт қызметкерін зорлау жыныстық сипаттағы қудалаудан басталған.

Суретті Жанара Каримова түсірген

Аяжан Ойрат моральдық өтемақы талап етіп сотқа арыз беру мүмкіндігін заңнамаға енгізу маңызды деп есептейді. Сонымен қатар заңгер оқу орындарында қудалау жасаған адамдарға мұндай ұйымда жұмыс істеуге тыйым салуды және сексуалдық зорлық жасағандардың тізілімін жасауды ұсынды.

«Медицина университетіндегі жағдай да білім беру және емдеу мекемесінде харассмент жасаған адамның жұмыстан шығарылғанымен, басқа жерде жұмыс істей алатынын көрсетті. Екібастұзда мектеп директоры мұғалімдерге қысым жасады, олар сотта жеңіп шықты, директор айыппұл төледі, бірақ әрі қарай қызметін жалғастыра берді», – дейді Аяжан Ойрат.

Шілде айында еңбек министрлігі мәжіліске жыныстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бойынша түзетулер жолдады. Енді «жұмыс барысында жыныстық қудалау» түсінігін енгізеді, шағымдану және істі қарау кезінде құпиялықты қамтамасыз ету және қудалау қаупі төнген жағдайда жұмыс істеуден бас тарту құқығы беріледі. Сонымен қатар жұмыс берушіге қызметкерді сексуалдық зорлық-зомбылық жасағаны үшін жұмыстан шығаруға мүмкіндік беретін өзгерту бар.

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова мұны растап, еңбек кодексіне бес бап енгізілетінін айтты. Түзетулер енді парламенттегі комитеттер мен жұмыс топтарында талқыланады. Депутат жазалау мәселесін соттар мен құқық қорғау органдары, соның ішінде Конституциялық сот, ішкі істер министрлігі және Жоғарғы сот талқылайтынын да айтты.

Сүлейменова «Власть» тілшілеріне университеттерде харассмент кең тарағандықтан, оқу орындарына қатысты өзгерістерді ұсынатынын айтты.

«Көп университет бұл мәселеге мән бермейді»

Медицина университетінің студенті Аида Жампейісова харассментке тап болғанын жариялағаннан кейін мәжіліс депутаты Қарақат Әбден басқа университеттердің студенттерінен харассмент туралы 100-ден астам хабарлама алғанын айтты.

Қазақстан университеттеріндегі гендерлік кемсіту тақырыбында зерттеу жүргізген НУ түлектері Мадиана Рысқұлова, Ернұр Әбенов және Қасиет Темірзахқызының айтуынша, жыныстық қудалауды қамтитын гендерлік кемсіту одан аман қалғандардың психикалық денсаулығына ғана емес, оқу үлгеріміне де әсер етеді. Зерттеу нәтижесі студент қыздардың харассментке жиі ұшырайтынын да көрсетті.

Қасиет Темірзахқызы келесі атышулы істі күтіп отырмай, университеттер харассмент оқиғасы бола қалған жағдайда қайда және қалай хабарласуға болатынын нұсқаулық түрінде әзірлеуі керек деп санайды.

«Көп университет бұл мәселеге мән бермейді. Көп студент қайда, кімге хабарласып, кімнен көмек сұрауға болатынын білмейді. Процедура жоқ, мұны республикалық деңгейде көтеру керек. Біз университеттердің мұндай жағдай болғанда дұрыс әрекет етпейтініне куә болдық, сондықтан министрлік немесе омбудсмен деңгейінде шағымдансақ, дұрыс болар еді», — дейді Қасиет Темірзахқызы.

Суретті Данияр Мүсіров түсірген

«Власть» сауалына жауап берген ғылым және жоғары білім министрлігі харассмент «оқу ортасына және студенттер мен қызметкерлердің психологиялық жағдайына әсер ететін мәселенің бірі» екенін мойындады. Ведомство жоғары оқу орындарында әдеп жөніндегі комиссиялар құрылып, «қудалаудың алдын алу» мақсатында психологиялық қызметтің жұмысы күшейтіліп, оларды білікті қызметкерлермен қамтамасыз ету қолға алынғанын атап өтті.

Сонымен қатар ғылым министрлігі жоғары оқу орындарына арнайы психологтарды тарта отырып, харассментке қарсы саясат жүргізуді тапсырды.

«Бұл құжаттарда жалпы қудалау, қорлау ұғымдары, саясат принциптері, фактілер анықталған кездегі әрекеттер және оның алдын алу шаралары көрсетілген. Сондай-ақ университеттер қысым көрсету әрекеттерін анықтау мақсатында студенттер мен оқытушылар арасында аноним сауалнама жүргізді», — деп хабарлады ведомство.

Астана медицина университеті «Власть» сауалына берген жауабында оқу орнында мұндай жағдай бола қалғандағы әрекеттің нақты алгоритмі көрсетілген харассменттен қорғау саясаты қабылданғанын хабарлады. Университет әр қызметкер жұмысқа қабылданған кезде және бейімделу аптасында барлық бірінші курс студенті осы саясатпен танысуы керек екенін де хабарлады. Сабақтардың аудио-бейне жазбасы да жасалып, «сенім жәшігі» қойылып, тәулік бойы сенім телефоны жұмыс істей бастаған.

«Бұған дейін университет харассмент туралы ашық айтпаған»

Дегенмен, елдегі университеттердің барлығы бірдей харассментке қарсы саясатты қабылдаған жоқ. Олардың арасында елдегі «ең прогрессив университет» те бар.

2023 жылғы қазан айының ортасында Назарбаев университеті студенттерінің әртүрлі чаты мен әлеуметтік желілерде «Who’s hotter?» немесе «Қайсы тартымдырақ?» деген face mash веб-сайтына сілтеме жіберіле бастады. Онда университет оқытушылары, студенттері және түлектердің сырт келбетін салыстыру ұсынылды. Дауыс беру барысында «онлайн рейтинг» жаңарып тұратын болды. Әйел адамдарды қорлайтын веб-сайтты университет студенті жасаған. «Зерттеу жобасы» ретінде ұсынылған сайт тез арада бұғатталды.

Университеттің E.Quality клубының студенті және президенті Әдия Ахмер өзінің және басқа қыздың суреті қойылған сайт скриншотын тапқанын айтты.

Face mash сайтының скриншотын студенттердің бірі ұсынды

«Көз жасымды тыя алмадым. Пайдаланып тастап кеткендей, қорғансыз сезіндім. Кез келген қыз қоғамдық көлікте, мектепте харассментке ұшырауы мүмкін екені немесе жақынынан жағымсыз пікір еститіні аздай, оқып жатқан жерімізде де жеке дерегіміз қорғалмайды. Бір жағынан шарасыз күй кешсем, екінші жағынан ашуға ерік бердім. Бұл жағдайға ешқандай ықпал ете алмайтындай сезім болды», – дейді Әдия Ахмер.

Студенттер университет басшыларының атына петиция жариялап, қол жинай бастады. Оған студенттер, оқытушылар мен қызметкерлерді қосқанда 726 адам қол қойды. Петицияны қолдағандар тергеудің ашық жүргізілуін, университетте ақпараттың қалай сақталатынын және оның неліктен рұқсатсыз пайдаланылғанын түсіндіруді сұрады. Студент фотоға университет сайтындағы функция арқылы қол жеткізген болуы мүмкін, сондықтан петиция авторлары бұл мүмкіндікті алып тастауды талап етті. Сонымен қатар студенттер университетте харассмент пен қорлау туралы тәрбие сағаттарын өткізуді сұрады.

Дәл осы петиция арқылы студенттер харассментке қарсы науқан бастады. Әдия Ахмер бұл идеяның бұрыннан пісіп жетілгенін айтады. Бұл оқиғаға дейін де бір студент кітапханада басқан ізін аңдыған екен.

«Ол біраз уақыт бойы мені аңдып жүрген, әлеуметтік желіден тауып алған. Дереу әкімшілік өкілінен көмек сұраған едім, бірақ достарым мен оқытушылардың көмегімен мәселе тез арада шешілді. Бізде неше түрлі харассмент оқиғасы болады, оның бәрін айта бермейміз. Оның қандай түрлері болатынын да білмейміз. Өзімнің ізіме түскеннен кейін науқан бастау туралы ой пайда болды. Сөйтіп жүргенде face mash болды», – дейді Әдия Ахмер.

Біраз уақыттан соң университет әкімшілігі ашық хат жолдап, студент жауапкершілікке тартылғанын хабарлады. Хатта петиция жайлы да жазылған.

«Бұл сабақ болды. Себебі бұған дейін университет харассмент туралы ашық есеп бермейтін», – дейді Әдия Ахмер.

Университет басшылығы харассментпен күрес жөніндегі комитет құратынын және оның отырыстарына студенттер қатыса алатынын хабарлады. Дегенмен, Әдия Ахмер студенттердің қатысуы шектелгенін, ал комитет шын мәнінде университет әкімшілерінен тұратынын айтады. Студенттік үкіметтің бірнеше өкілі дауыс береді, ал қалғаны тек бақылаушы болып, ұсыныс бере алады.

«Нақты бір нәрсеге қол жеткіздік пе, жоқ па, оны айту қиын. Ниеттес қыздар мен жігіттер – харассментке қарсы саясат пен білім беру курстарын әзірлеу жөніндегі комитеттің жұмыс тобының мүшесі. Ұсыныстарымыздың арқасында комитет университеттегі кездесулер барлығына ашық болатынын хабарлады. Соңғы жаңалық, студент қыздардың фотосуреттері face mash үшін пайдаланылған веб-сайттан жойылды», – деп түсіндірді Әдия Ахмер.

Оның пайымдауынша, университет құжаттарындағы харассменттің қазіргі анықтамасы толық емес және анық емес. Ол барлығын мүмкіндігінше анық жазу керек деп есептейді. Бұл харассментпен күресті жеңілдетеді.

«Харассменттің көп түрі бар, ол әртүрлі болуы мүмкін: физикалық, ауызша, эмоциялық, цифрлық және тағы басқа. Жақсы ережеде мұның барлығы ашық көрсетілуі керек. Сонымен қатар харассмент туралы хабарлау механизмінің жасырын болуы маңызды. Өтініш беру кезінде дәлел ұсыну мәселесі де бар. Қазіргі уақытта бізде бұл механизм туралы толық мәлімет жоқ», – дейді ол.

«Власть» сауалына жауап берген Назарбаев университетінің баспасөз қызметі университет ашылғаннан бері «санаулы харассмент фактісі» тіркелгенін хабарлады. Университет сонымен қатар харассментпен күрес комитеті харассментке қарсы саясат әзірлеп жатқанын, уәкілетті кеңсе ашып жатқанын, бұған қоса студенттерге арнап харассментті тану және онымен күресу бағытында міндетті онлайн курс дайындап жатқанын атап өтті. Саясат 2025 жылғы қаңтар айының соңына дейін бекітіледі деп жоспарланған.

Әдия Ахмер бұл науқан институционал өзгеріспен шектелмейтінін, қосымша университет қауымдастығымен белсенді жұмыс атқарып жатқанын айтады. Белсенділер университеттің бірнеше клубымен апталық іс-шаралар өткізіп, университеттегі теледидар экрандарынан көрсетілген харассменттің таралуы мен көзге көрінбейтін белгілері туралы бейнероликті әзірледі.

«Университет мәдениеті өзгергенін қаладық, харассментке бей-жай қарамайтын қауымдастық қалыптасқанын, мұның тек қағаз бетінде емес, іс жүзінде орнағанын қаладық, – дейді Әдия Ахмер. – Бұл әкімшілікке студенттер ештеңеге бей-жай қарамайтынын, оларды харассмент мәселесі алаңдататынын көрсеткен белгі болды».

Қазір харассмент тақырыбымен университеттің студенттермен жұмыс жөніндегі бөлімшелерінің бірі айналысып жатыр. Дегенмен, Әдия Ахмердің айтуынша, студенттер арасында оқу орнының әкімшілігіне сенімсіздік бар. Сондықтан қозғалысқа қатысушылар харассментке ұшыраған жағдайда хабарласуға болатын мұғалімдердің тізімін жасады.

«Рұқсат етілмеген» шеру

Биыл бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованы өлтірген соң, белсенділер гендерлік зорлық-зомбылық тақырыбында шеру өткізбек болды. Университетте 2022 және 2023 жылдары әлеуметтанушы және антрополог студенттер қауымдастығы шеру өткізген. Ұйымдастырған қыздардың айтуынша, екі шеру де әкімшіліктің рұқсатымен өткен.

«Біз үш рет кездестік. Басында шеру тиімсіз екенін, тұрмыстағы зорлық туралы айтқаннан ештеңе өзгермейтінін айтты. Шерудің орнына конференция ұйымдастыруды ұсынды. Кейін мұның университеттің абыройына нұқсан келтіруі мүмкін екенін естідік. Бұдан кейін 500 адам – студенттер, профессорлар мен студенттік ұйымдар қол қойған ұжымдық хат жаздық», – дейді Әдия Ахмер.

Университет Астана әкімдігінен мұндай іс-шараларға рұқсат алу және белгіленген жерде өткізу туралы «бейресми ескерту» алғанын хабарлады. Бірақ бұл 2022, 2023 жылдары университетте шеру өткізуге кедергі болмаған.

Назарбаев университетінің баспасөз қызметі биыл оқу орны «заң бұзбау үшін өз бетінше шеру өткізуге рұқсат бермеу жайында шешім қабылдағанын» хабарлады. Сонымен қатар хабарламада 2022 жылы студенттер әйелдер құқығын қорғау тақырыбында «тренинг» өткізгенін, ал 2023 жылы тренинг форматында іс-шара өткізуге өтініш жіберіп, бірақ «әкімшіліктің рұқсатынсыз» шеру өткізгенін жазған.

Алайда Назарбаев университетінің сайтында 2022, 2023 жылдары өткен шеру туралы ақпарат бар. Бұған қоса былтырғы шеруге университеттің баспасөз хатшысы Ләззат Шатаева да қатысқан.