Өзге журналистер сияқты мен де Әсел Мұсабекова туралы пандемия кезінде білдім. Сол кезде оны бәрі вирусолог деп атады.
— Дегенмен, — деп әзілдейді қазір, — ешқашан вирусолог болған емеспін, өзімді бұлай атаған да емеспін.
Биолог, иммундау мәселесі бойынша кеңесші. Көпшілік үшін ковид инфодемиясы кезінде екпе мен вирус туралы сенімді ақпарат берген негізгі сарапшының бірі (қарсы болатынын білсем де, осылай жазып отырмын). Сол уақытта қиын дүниені қарапайым да түсінікті тілмен айтатын адам жоқтың қасы еді. Ал Әселдің қолынан келді. Күні-түні осы мәселемен айналысқанын енді біліп отырмыз.
Әсел Мұсабекованың күйеуі — зерттеуші инженер, күн энергетикасы маманы Олжас Ыбырайқұлов, төрт балалы отбасы (тұңғыш қызы 11 жаста, кенжесі екіге толды) 11 жылдан бері Францияда тұрады, қазір Страсбургте. Қазақстанға жол түскен сайын келіп жүр, алайда мұндай мүмкіндік жиі бола бермейді.
Екі жыл үзілістен кейін Әсел TEDxAstana-да сөз сөйлеу үшін, сонымен қатар соңғы бірнеше жыл бойы онлайн сөйлескен адамдармен өмірде кездесу үшін отанына ұшып келді. Өмірде ешқашан кездеспесек те, туысымыздай болып кеткен жан. Сәті түсіп, олқылықтың орнын толтырып жатырмыз.
«Сарапшы» деген сөз жыныма тиеді…
— Менің параллель екі өмірім бар сияқты. Біріншісі — Қазақстандағы түрлі жобалардағы онлайн жұмыс және әлеуметтік желідегі жазылушылармен қарым-қатынас. Екіншісі — Франциядағы үйім мен тұрмысым, онда мен бірінші кезекте балаларды мектеп пен секцияға апаратын, тауға шыққанды және табиғат аясында демалғанды ұнататын әйелмін және анамын. Өзге де әйелдер секілді, мен де әрдайым түрлі әлеуметтік рөлді дөңгелетіп жүргендей сезімде боламын.
— Франциядағы қазақтарға не жетіспейді? — деймін бірден салмақты тақырыпқа өткім келмей.
— Қазақстанға осы келгенімде түсінгенім — еттен шығып қалыппыз. Бірнеше күн қатарынан қонаққа бардық, етті артығымен тоя жедік. Маған ет жетіспейді дей алмаймын, керісінше, көксеу кезеңі аяқталғанын түсіндім. Қазір жылқы етін жемей де өмір сүре аламын.
Ал шындығына келсек, қарым-қатынас жетіспейтін сияқты. Үнемі байланысып тұратын адамдарды көріп, жүзбе-жүз сөйлескің келеді. Францияға аттанар алдында осындай эмоцияға тойып алуға тырысамын. Ағымнан қалып қоймау өзім үшін өте маңызды.
— Ақпараттан шаршамайсыз ба?
— Ақпарат сіңіруге келгенде аддиктпін. Жаңалықтар таспасын немесе ютубтағы роликтерді жай сырғытып отырған ұнамайды, бірақ инфекция туралы курстар мен подкасттарды тыңдаудан жалықпаймын — әдетте олар үнемі қосулы тұрады.
ҚазҰУ-дың биология факультетіне 2005 жылы түстім, базалық иммунологияны 17 жыл бұрын оқыдым — одан бері үлкен өзгерістер болды. Білімімді жаңартып отырмасам, сарапшы ретінде құным көк тиын. Бірақ, шынын айтсам, «сарапшы» деген сөз жыныма тиеді…
— Неге?
Адам өзін қалай «Мен сарапшымын» дей алады? Бұл дұрыс емес. Мен ғалыммын. Біз өз саламызды, нақты бір тар жолды қазбалаймыз, сосын өзіңді сарапшымын деу…
— Вирусология саласындағы сарапшы...
— Негізі мен вирусолог емеспін, — деп күлді. — Журналистер пандемия кезінде мені осылай атай бастады. Ол кезде француз зертханаларының бірінде вирустармен жұмыс істедім, бірақ өзімді вирусологпын деп атасам, ғылыми ортада күлкіге қалар едім. Мен белгілі бір тақырыпқа маманданған молекула биологымын. Ғалымдардың өзін кең саладағы сарапшы деп көрсетуіне жалған атақ синдромы тосқауыл болса керек.
— Ғалымдар өзін сарапшы деп атағысы келмейді, есесіне олардың орнын вирусологиядан, биологиядан, медицинадан дым хабары жоқ адамдар басып жатыр. Олар еш саспастан екпе, инфекцияның тарауы туралы талдап, болашақ пандемиялар туралы болжам айтып жатады. Ғалымдардың жалған атаққа ұрынудан қорқуы жалған сарапшыларға ғана пайдалы.
— Біз атақ пен лауазым инфляциясы дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Адам кез келген жоқ дәрежені, дипломды, мамандықты өзіне таңып алуы мүмкін. Екі апталық массаж курсына барып, сосын өзін аутизмді емдейтін маман деп атайды. Сондықтан «сарапшы» сөзі девальвацияға ұшырады, өзіңді бұлай атағың келмейді. Не нәрсені де талғай білу маңызды. Ми қоқыс алаңы емес, ұсынғанның бәрін тықпалай берудің керегі жоқ.
— Мен сізді ағартушы деп те атар едім…
— Ой, қорқынышты сөз…
— Қорқынышты шығар, бірақ мағынасы келіп тұр: сіз білім тарататын адамсыз. Өзіңіз қызметіңізді қалай көрсетер едіңіз?
— Әріден бастайыншы. Маған «керітартпа», «антиваксер» деген сөздер ұнамайды. Мұндай сөздерді бұрын өзім де қолдандым. Сосын нағыз антиваксерлер (олардың саны көп емес) көбінесе өз идеясын саналы түрде, ақшаға насихаттайтынын түсіндім.
Елімізде жиі тіркеле бастаған вакцинамен басқарылатын инфекциялардың күрт көбеюі вакцинадан бас тартатын ата-аналардың кесірінен пайда болмайды деп ойлаймын. Көп бала дәрігерлер беретін жалған медициналық қарсы көрсетілім кесірінен екпе алмаған. Ата-аналар тіпті баланың екпе алу құқығы үшін күресуге мәжбүр болып жатады.
Медициналық жоғары оқу орындарына зерттеу жүргізіп, болашақ дәрігерлердің вакциналау туралы білімі өте төмен екеніне көзім жетті. Сауалнамаға қатысқан студенттердің 50 пайызы үш жасқа дейінгі балаларға аутизм қатеріне байланысты екпе салуға болмайды деп жауап берді. Мұны көргенде есеңгіреп қалдым.
Бірде мені қатты таңғалдырған жағдай болды — әлеуметтік желіде дәрігерлер әулетінің жас өкілдері қарсы шықты. Бар айыбым Қазақстанда инфекциялардың тез таралуына әсер ететін негізгі проблема — медициналық қарсы көрсетілімдер деп жазғаным.
— «Өзіңді кіммін деп жүрсің?» деді ме?
— «Медициналық білімің жоқ! Барлық мәселе бойынша «сарапшы» болып, әр жерге киліге берме!» дейді. Кез келген дені дұрыс дәрігер ғалымдар медиктердің көмекшісі екенін түсінеді. Біз бір-бірімізбен септесе отырып әрекет етуіміз керек, керісінше болмауы керек.
— Ағартушы сөзі сол себептен ұнамай ма?
— Ағартушы десе, «аналар антиваксерлер», «мен ағартушымын» деп айдар тағып тұрғандай көрінеді. Мен ата-аналардың адвокаты ретінде сөйлеймін, ал мынадай бөлініс бізді бір-бірімізге қарсы қояды және шамымызға тиеді. Ешкімді айыптамай, екпе салдыру қорқынышы неден туатынын түсінуге тырысу керек. Ненің не екенін түсіндіру керек.
Медициналық қарсылықтан бөлек, екпені уақытында сатып алуға және емханада учаскедегі балалар саны туралы сенімді ақпараттың жоқтығына қатысты проблема туындайды. Бұл әкімшілік және медициналық себептер. Ата-ананың кінәсі жоқ.
«Инстаграмнан неге пайда таппайсың?»
— Енді әлеуметтік желілер туралы. Сіз Инстаграмда парақшаңызды белсенді түрде жүргізесіз, вакциналау, вирустар мен инфекциялар туралы қайта-қайта айтудан жалықпайтын күш-қуатыңыз таңғалдырады. Әлеуметтік желілердегі эфирлер мен жазбалар, ата-аналармен сөйлесу, журналистерге пікір беру қыруар уақытты қажет етеді. Бұның сыртында жұмыс пен толып жатқан жоба бар...
— Бірден айтайын: пандемия кезінде әбден титықтадым. Сол кезде бірнеше себеп қатар келгенін қазір түсініп жүрмін. 2020-2021 жылдары вакциналау туралы түрлі медиаға сұхбат бердім, маған қатысты сансыз көп жағымсыз пікір айтылды. Тіпті қарғыс айтып, біреудің тоқалысың дегендер болды.
Хейтті еш қиындықсыз қабылдаймын деп ойлап келіппін. Ата-анама сөз келгенге дейін солай еді. Әкемнің өмірден өткеніне 15 жыл болды. Әкем бар өмірін Қазақстан энергетика саласына арнаған адам. Анам — мұғалім. Оларға тіл тигізу — шектен шығу.
Сол кезде Франциядағы атақты зертханада жұмыс істеп жүрген едім. Сондағы ғалымдар Нобель сыйлығын жеңіп алды. Бұл өте жоғары, бірақ тым қиын стандарт. Бастықтар, өкінішке қарай, кейде шовинизм мен сексизм көрсетеді… Францияда ғана емес, бүкіл әлемде академиялық орта тым зәрлі болып келеді. Ғылым — өзімшілдерді табиғи жолмен сұрыптауға қолайлы орта.
— Мұндайды ғалымнан естимін деп ойламаппын! — деп күлемін.
— Шындық осы. Сізге идеяңызды жүзеге асыруға ақша береді (көп жағдайда қомақты ақша). Эксперименттеріңіздің көбі іске аспайтынын алдын ала білесіз. Сондықтан ғылыммен айналысу үшін өзіңді жоғары бағалай алу керек. Бәсекенің жоғары болуы да содан, әрі орта да жайлы емес.
PhD қорғағаннан кейін әлеуметтік желідегі хейтке бала туудан кейінгі депрессия қосылды. Бірнеше фактор жиналып, психотерапияға алып келді. Титықтағанымды түсіндім.
— Әлеуметтік желіге уақыт пен күш жұмсауды доғару туралы ой келмеді ме?
— Бірнеше рет Инстаграмды өшіргеніммен, кейін қалпына келтірдім. Негізі сырт көзбен қарасақ, одан мен пәлендей пайда көрмеймін. Кейде менен: «Әсел, аккаунтыңмен неге пайда таппайсың?» деп сұрайтындар бар. Себебі сатуды білмеймін.
Мен дәрігер емеспін, диагноз қоймаймын және анализге пікір білдірмеймін, десек те адамдар менен мұндайды да жиі сұрайды. Аурудың даму логикасын және вакциналау әрекетінің принциптерін түсіндіремін. Ол үшін ақша ала алмаймын (біреулер ақша алып та жүр), менде ақылы консультация жоқ.
— Әлеуметтік желінің пайдасы танымалдық па?
— Вакцина туралы менің білімім — маған қойылатын сұрақтарға жауап беретін ақпарат іздеудің нәтижесі. Біреуге бірдеңені түсіндіргенге дейін оны өзіміз де білмейміз. Стэнли Плоткиннің оқулығын сатып алдым, ол — негізгі балалар екпесінің бірін жасаған адам. Қалың фолиант, салмағы бес келідей болатын шығар (Қыздарым гербарийге жапырақ кептіргісі келсе, осы кітапты пайдаланады).
Әлеуметтік желілерде маған мүлдем тосын сұрақтар қойып жатады, бәрінің жауабын білу мүмкін емес. Оқулықты ашып оқимын, қажет ақпаратты басқа адамға түсіндіремін. Бұл білім сосын өзімде қалады. Ұйықтап жатқанда оятып, вакцина туралы сұраса, жауап бере аламын. Білімді жаңарту және адамдармен байланыста болу өзім үшін өте маңызды. Жақында қызылша өршіген кезде жекеме күніне 200 шақты сұрақтан келді.
— Күніне 200 сұрақ дейсіз бе? Масқара!
— Жарайды, 200 емес шығар (пандемия кезінде де ондай болмаған), бірақ шамамен жүзге жуықтап қалады. Жайшылықта 20–30 сұрақ түседі. Әртүрлі адамдар жазады. Сол себепті түрлі реакцияны да күтуге болады.
Ковид кезінде жекеме күн сайын бір қария жазатын. Коронавирусқа қарсы екпе салдырайын деп бір тоқтамға келе алмай жүрді, вакцина енді пайда болған кез еді. Толығымен түсіндіріп, ғылыми мақалаларға, пікірлерге сілтеме жібердім. Ата ақыры екпе салдырды, әдеттегідей, бірінші күні қызуы көтерілді. Қызумен маған хат жіберумен болды: «Оңбаған екенсің! Неғып сені тыңдадым екен?! Осыдан өлетін болсам…». Ал бізде түн еді. Соның бәрін оқыдым. Кейін ашуы басылып, кешірім сұрады, бірақ көңілде кірбің қалып қойды.
Сол кезде неліктен титықтап кеткенімді түсінемін. Өйткені күні-түні сұраққа жауап берумен болдым. Ешқашан бұлай істемеңіздер.
«Бірінші кезекте — отбасы»
— Әсел, Қазақстанға оралатын жоспар бар ма?
— Менің күйеуім де ғалым, бірнеше жыл бұрын Қазақстаннан жұмыс іздеп көрдік. Еліміздің ғылымына пайда әкелгіміз келді, қазір де ондай ойдан арылған жоқпыз. Алматының ғылыми институтында (қайсы екенін атамай-ақ қоялық) бір басшының орны бос екенін білдім. Жоғарғы басшыларының өзгеруге дайынбыз, қатарымызда жастардың болғанын қалаймыз деген ниетін байқадық.
Көрейін деп шештім, бірақ конкурс жариялаған адамдармен алдын ала сөйлесіп көрдім. «Плагиаторларды жұмыстан шығаруға еркіндік бересіздер ме?» деген жалғыз ғана сұрақ қойдым. Қазақстанда ғылымға бөлінетін бюджет бәліш секілді — көп бөлігін ғылым этикасына мүлдем қатысы жоқ адамдар жейді.
— Плагиаторларға қатысты қандай жауап алдыңыз?
— «Неге бәрін қиындатып жатырсыз? Сізге ұрыс керек қой! Фейсбукке жазып жүрсіз ғой, содан не өзгерді?» (Фейсбуктен содан кейін кетіп қалдым: шынымен де, жазғаныңмен ештеңе өзгермейді) деген жауап естідім.
«Сізді аламыз, бірақ айлығы орташа, күні-түні үй бетін көрмей жұмыс істейсіз, балаларыңызды ұмытасыз» деп ескертті. Қалайша? Ғылым деген де — жұмыс. Басқа жұмыстардан айырмасы жоқ. Оны романтизациялауды доғару керек. Мария Кюри секілді ғылым үшін өлуге дайын, майсыз нанды қанағат тұтқан байғұс ғалымды елестетуді қою керек. Адам тепе-теңдік сақтауы керек. Оған қалыпты жұмыс кестесі мен толыққанды демалыс керек.
Басшы болсам да, қажет деп санаған нәрсемді жасай алмас едім. Плагиаторлар туралы айтып отырмын. Айлық туралы «өмір сүруге жетеді, бірақ көп емес» деді. Оның үстіне таңның атысы, кештің батысы кабинетте отыру керек екен.
Бір министр «Ғылым үшін күю керек!» деді ғой. Бұндайға барудың қажеті жоқ. Жұмысыңды жақсы атқар. Өз салаңның сарапшысы бол. Біліміңді жетілдір және өзгелерге тарат. Мәні осы. Күю — титықтау деген сөз. Бұдан ешкімге келіп-кетер пайда жоқ.
— Қазір қайда істейсіз?
— Қазақстанда бірнеше онлайн жобаны жүргіземін (екеуміз әңгілескеннен бері бірнеше ай өтті, қазір Әсел Орталық Азия елдеріндегі ЮНИСЕФ жобасында жұмыс істейді — В.). PhD қорғағаннан кейін ғылымнан алыстауыма тура келді, бірақ бұл енді ешқашан оралмаймын деген сөз емес. Дегенмен оңай да болмайды. Мансап жолының классикалық траекториясы бар: бакалавриат, магистратура, Phd, постдок деп кете береді. Студент болып бастап, профессор дәрежесіне біртіндеп адымдап отырасың.
Phd алатын жас ғалымдар көп, солардың екі пайызы ғана профессор болады. Олар қайда кетеді дейсіз бе? Түрлі себепке байланысты (бала туады, басқа салада бақ сынап көреді) осы жолдан шығып қалады. Менде де сондай жағдай болды, қазір ғылым мен коммуникацияны түйістіретін жобалармен айналысып жатырмын. Тағы қайталап айтайын, академиялық ортаға оралу өте қиын.
Адамдар өмірдің әр кезеңінде басымдық әртүрлі болатынын түсінгені дұрыс деп санаймын. Бәрін жасап үлгеруге болады (бала туу, жаңалық ашу, өз саласында танымал болу), бірақ бір мезгілде емес. Сондықтан жүйе де икемді болуы керек. Адамнан тек маманды емес, адамды да көре білу маңызды. Ал әлемде қалыптасқан жағдай қандай? Үш жыл декретте отырсаң, бәрі қош айтысып үлгереді.
— Сізбен жұмыстан тыс уақытта да сөйлесіп жүрміз. Бір балаңызға қатерлі ісік диагнозы қойылып, отбасыңыз соңғы уақытта қиын кезеңді бастан өткергенін де білемін. Бұл тақырыпты талқылай аламыз ба?
— Күйеуіммен ақылдаса келе, егжей-тегжейіне тоқталмай, бұл туралы айтуға болады деген шешімге келдік. Отбасымызға бір баланың денсаулығын бәрінен жоғары қоюға тура келді. Өзін осыған арнау үшін күйеуім бір жылға жұмысын тоқтатты. Арманындағы жұмыстан бас тартуға тура келді: екі жүзден аса адам қатысқан конкурста жеңіске жеткен еді. Тура сол кезде баланың диагнозын білдік. Қазір күйеуім «ең маңызды жылды бізбен бірге өткізгенін» айтады.
— Баланың дерті туралы білген кезде барлық жобадан бас тартуға тура келді ме, әлде қатарда қалу керек болып, бұл ауыр сәттерді белгілі бір дәрежеде еңсеруге көмектесті ме?
— Инстаграм ана рөлінен бөлек тағы бір рөлде қалуыма көмектесті. Бұл әр әйел үшін өте маңызды деп ойлаймын. Бізге әсіресе қиын кезеңдерде тәулік бойы бітпейтін үй тірлігінен басқаға көңіл бөлу қиын. Әрине, азырақ жұмыс істедім, өйткені емделу төртінші баланың дүниеге келуімен сәйкес келіп қалды. Бірақ, сонда да кәсіби ортадан толықтай қалыс қалмауға тырыстым.
Қайталап айтамын, әйел өзін тек ана, жар, келін ретінде сезінбеуі керек. Әйтпесе өзін бағалауы төмендей бастайды, өзімізді мерзімінен бұрын қатардан шығарып тастаймыз. Барлығына үлгеру керек демеймін, ол мүмкін де емес. Айтқанымдай, түрлі рөлді, өміріңіздің түрлі кезеңін, өзгеріп отыратын басымдықтарды мойындаңыз. Бұл қалыпты нәрсе.
— Сол сәтте күш-қуатты қайдан алдыңыз, қазір ішкі ресурсты қайдан аласыз?
— Біріншіден, Құдайға сенемін. Бұл туралы айтып өту маңызды деп санаймын. Екіншіден, әрдайым әкем жанымда деген ойда жүремін, ол не істер еді деп өзімнен сұраймын. Ата-анам, жалпы туғандарым — менің сүйенішім. Күйеуім де тамаша жан. Оның қолынан бәрі келеді, барлық міндетті менімен бөлісіп атқарады.
Отбасы — бірінші орында. Ауыр сәттер ненің маңызды екенін, сен үшін қандай маңызы бар екенін әрдайым ашып көрсетеді. Сол кезеңде көп нәрсені біз асыра бағалаппыз. Сосын денсаулық, әрине. Ұйқы, тамақтану, қозғалыс деген үш тіректі үнемі айтып жүрмін, бірақ мен өзіме қамқор болуды тұрақты әдетке айналдырған жоқпын. Қазір 35 жастамын, соның бәрін жасайтын кез. Латын биіне және пилатеске жазылудан бастадым.
— Ал арман ше?
— Бәрі аман-есен болсын. Қарабайыр естілсе де, бұл өте маңызды. Сонымен қатар туыстарыммен жиі көріскім келеді. Балаларымның жақындармен байланысы үзіліп қалмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау.
— Бұл жеке басқа қатысты ғой, ал кәсіби тұрғыда?
— Орталық Азияның елдері инфекциялық аурулардың алдын алу және солармен күрес аясында қоян-қолтық әрекет еткенін қалаймын. Біздің мемлекеттердің аумағында оба, күйдіргі, бруцеллез ошақтары бар. Қызылша ауруының әлеммен салыстырғанда ең көбі біздің аймақта, Йемен секілді кедей елдердің қатарында тұр.
Орталық Азияда балалар неліктен көп ауырады деген сұрақтың жауабын бірлесіп табуымыз керек. Менің амбициямның бірі — қоғамдық денсаулық сақтау дипломаты болу. Мемлекеттің денсаулық саласындағы мүддесін мемлекетаралық дәрежеде қорғайтын адам болсам деймін, таза ауыз суға қол жеткізу де, эпидемия қатері де, теңсіздік проблемасы да осының ішіне кіреді. Бізде ондай мамандар әзірге көп емес. Бірақ бәрі де аздан басталады ғой…
… Әсел кәсіби арманын біртіндеп іске асыра бастаған секілді. Ол Орталық Азиядағы ЮНИСЕФ кеңесшісі ретінде жақында Бішкекке іссапарға ұшып барды, енді Тәжікстанға аттанбақшы. Әсел біздің аймақтағы балалар денсаулығы мен инфекциялар туралы жобаларға көмектеседі. Шынымен де, бәрінің бастауы бар.
Поддержите журналистику, которой доверяют.