Темірлан Еңсебек кейінгі бірнеше жыл ішінде сыни пікірі немесе белсенділігі үшін қамалған адамдар тізімін толықтырды. Қазақстанда саяси реформа жүріп жатыр деп ұдайы айтылып жүрсе де, шынайы ахуал басқа — журналистер мен белсенділер барлық жағынан биліктің қысымына ұшырап отыр.
Сарапшылар репрессия жалғасады дейді. Бірақ, олардың ойынша, қоғам биліктің саяси бағдарын сыни пайымсыз қабылдаудан әлдеқашан өтіп кетті. Енжар сияқты көрінсе де, азаматтардың көз алдында қазіргі саяси режимнің келеңсіз имиджі қалыптасты.
17 қаңтарда сатиралық жаңалықтар жазатын «Qaznews24» паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің ұсталғаны, кейін қамауға алынғаны белгілі болды. Еңсебектің сатира сарынындағы посттарынан тергеушілер «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздық қоздыруды» байқапты. Сот бұлтартпау шаралары арасынан ең қатал түрін таңдап, екі айға қамауға алуды шешті.
Адвокат Жанар Балғабаева қорғалушыға 174-баппен айып тағуға нақты қай жарияланым себеп болғанын әзірге атай алмады. Оны тергеу құпиясына байланысты ашуға болмайды екен. Бірақ адвокат пабликтегі контент әзіл екенін, Qaznews24 парақшасында жарияланған материалдар сатира екені көрсетілгенін айтады.
«Бізде [Qaznews24] кез келген жаңалығын [шынайы өмірмен] сәйкестік деп қабылдау керек деген сарапшы мамандар тұжырымы бар. Оған тағылған айып бойынша заң бұзуды көріп тұрған жоқпыз. Біздің билік осылайша өзгеше ойлауды тұншықтыруға тырысып жатыр», — дейді Балғабаева.
Алматы полициясы қозғалған істің сатиралық материалдарға қатысы жоқ деп мәлімдеді. «Себебі басқада — ол тұтас этностың өкіліне тіл тигізу арқылы ұлтаралық араздықты қоздыратын анық белгілері бар материал жариялады», — деп мәлімдеді полиция. Сондай-ақ тергеушілер Еңсебек Инстаграмдағы пабликте жариялаған әннің авторын анықтап жатыр деп толықтырды.
Адам құқығы бойынша тәуелсіз сарапшы Татьяна Чернобильдің әлеуметтік желіде түсіндіруіне сүйенсек, Еңсебек көрінеу сатиралық жазбаны жариялағанда пайдаланған ән үшін айыпталып отырған болуы мүмкін, ол әннің авторы Еңсебек емес. Әлдеқашан жарық көріп, Ресейдің Украинаға жаппай басып кіруінен кейін қайтадан тарала бастаған «Йоу, Орыстар» әнінің өзі әзірге ресми түрде экстремистік және Қазақстан Республикасының аумағында шығаруға және таратуға тыйым салынған материал деп саналмайды. Сарапшы ән ондай тізімге кірмегендіктен, оны пайдалану экстремистік бап бойынша айыптауға себеп бола алмайды дейді.
Еңсебек тұтқындалғаннан кейінгі екі күн ішінде әріптесін қолдау үшін жалғыз адамдық пикетке шыққан журналистер Әсем Жәпішева мен Руслан Бикетов 15 тәуліктен әкімшілік қамауға алынды. Сот айыппұл салмай, жазаның қатаң түрін қолданды.
«Еркіндік қанаты» қоғамдық қорының атқарушы директоры Елена Швецованың пікірінше, Қазақстанда айтылған сөзді бақылауға алу жыл сайын күшейіп барады.
«Президент «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы туралы үнемі айтып жүрсе де, бұның бәрі бос сөз деген әсер қалдырады. Халқына шынымен құлақ асудың орнына, билік сәл сын айтқандарға қысым көрсетеді», — деп санайды ол.
Швецованың пікірінше, 2024 жыл сөз еркіндігін шектеу тұрғысында аса қиын болды. Бетбұрысты сәт ретінде ол журналистердің жұмысын қиындатқан БАҚ туралы заңнаманың өзгеруін; стендап комиктердің қудалануын; бұқаралық ақпарат құралдарына, тәуелсіз журналистер мен белсенділерге жасалып келе жатқан қысымды атап өтті.
Сатиралық пабликтің авторына неліктен қатаң бап қолданылмақшы деген сұраққа жауабында ол билік Қаңтар оқиғасы туралы әңгімені өте ауыр қабылдайды, сондықтан Қаңтар кезіндегі әрекеттеріне қатысты кез келген келіспеушілікті тұншықтыруға тырысады деген ойын білдірді.
«Қылмыстық кодекстің 174-бабы саяси екенін бәріміз білеміз. Іс жүзінде ол журналистер мен белсенділерге, яғни ыңғайсыз пікір білдіруге батылы баратындарға қолданылады. Қоғамға сес көрсетіп, бәрі үнсіз отыруы керек деп ескерткендей әсер береді, — дейді қор басшысы.
Швецова құқық қорғаушылар 174-бапты Қылмыстық кодекстен алып тастауды ұсынғанын еске салды. Бірақ бұл іске асқан жоқ.
Адам құқығы бойынша тәуелсіз сарапшы Татьяна Чернобиль қылмыстық іс былтыр көктемде қозғалған болса, Еңсебек неге тек қазір тұтқындалып отырғанын түсінбейді. Ол, сонымен қатар, осы істің артында қандай саяси астар жатқанына жауап таба алмады.
«Бір нәрсе анық — бұл жақсылықтың нышаны емес. Бұл бапты «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заң арқылы эктремистік санатқа жатқызудың өзі, әсіресе осы арқылы саяси белсенділерді және журналистерді жазалау практикасы әрдайым сұрақ туғызып келді», — дейді Чернобиль.
Ол осы бапты ауыр жазамен қоса танымал блогерге қолдану, сондай-ақ журналистикамен және кез келген қоғамдық қызметпен айналысуға сот тыйымын салу медиада қызмет атқаратын басқа адамдарға жағымсыз мысал болуы мүмкін деп қауіптенеді.
Саясаттанушы Димаш Әлжанов белсенділердің және журналистердің соңғы уақыттағы ұсталуын Тоқаев билік еткен, ортасында 2022 жылғы Қаңтар дағдарысы тұтанған бес жылдың жалпы перспективасы тұрғысынан қарау керек дейді.
Жақында болған тұтқындау жағдайлары президентті сынаған Марат Жыланбаев пен Думан Мұхамедкәрімге қарсы басталған істердің траекториясын жалғастырады. Бұған журналистерге және сарапшылар қауымдастығы өкілдеріне, соның ішінде Әлжановтың өзіне қысым жасау фактілерінің барлығы кіреді.
«Біз билікке айтылатын сын, Тоқаевтың өзіне айтылатын сын, сыни ақпараттың айналымы және тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының зерттеу жүргізуге деген әрекеті аз болуы үшін репрессияны күшейту және қоғам үшін шартты түрдегі «қызыл сызықты» белгілейтін жүйелі қадамдарды көріп отырмыз», — деп топшылайды Әлжанов.
Өткен жылдары қазақстандықтар куә болған ақпараттық ахуал мен қоғамның оянуын қазіргі билік тым ауыр қабылдайды. Сондықтан олар 2022 жылдағыдай көне беруді доғару керек деп шешті, сол кезде Еңсебекті қылмыстық қудалауды тоқтатқаны бәріне мәлім.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт келіспейтін азаматтардың кез келген әрекетін билік өзінің өміріне қатер деп қабылдайды дегенмен келіседі. Сатираның өзі олар үшін жаппай халық наразылығына итермелей алатын триггер.
Сарапшы бұны белсенділерге, тәуелсіз журналистерге және қазіргі саяси бағдармен келіспейтін азаматтарға қарсы тоқтаусыз қуғын-сүргінмен ерекшеленген «пост-Қаңтар синдромы» деп атады.
«Біз ондаған саяси тұтқын туралы, БАҚ пен азаматтық қоғамға ылғи жасалатын қысым туралы білеміз. Өңірлерде «Алға» және «Көше партиясының» жақтастары ылғи қудаланады, бірақ бұл туралы ақпарат алаңына үнемі шыға бермейді», — деді саясаттанушы.
Нұрсейіт соңғы кездегі адамдарды ұстау экономикалық шешімдерге байланысты әлеуметтік шиеленістің күшею ықтималдығына биліктің қатты мазасызданғанын білдіреді деп топшылайды. Әңгіме мәлімделген жанармай бағасын реттеуді алып тастау, алда болатын салықтың өсуі туралы, бұл барлық тауар мен қызмет бағасының қымбаттауын жеделтеді.
Сарапшының айтуынша, Қаңтар оқиғасы бағаға жаппай наразылық білдіруден және бітпейтін жоқшылық әсерінен басталды. Қазір жағдай елде экономиканың өсу көзінің болмауынан, әсіресе Дональд Трамп АҚШ президенті міндетіне кіріскеннен кейін мұнай бағасы арзандайды деген болжамға байланысты ушығып жатыр.
«Тоқаев президент болған жылдары экономикада уәде етілген құрылымдық реформалар ақыры іске асқан жоқ. Бізде халықтың табысы артып жатқан жоқ, ал инфляция, айыппұл көлемі мен экономикалық жазаның басқа да түрлері өсіп жатыр. Оның үстіне, жария етілген экономикалық активтерді қайтару ашық түрде жасалып жатқан жоқ, бұның экономикаға қандай да бір пайдасы бар-жоғы да белгісіз», — дейді саясаттанушы.
Әлжанов та үкіметтің экономикадағы қиын ахуалға саяси шешім таба алмауы мемлекеттің репрессиялық бағдарын анықтайды деп санайды.
«Билік Қаңтар кезіндегі азаптау мен қуғын-сүргін түріндегі шок терапиясының әсері ұзағырақ болады, Жаңаөзен оқиғасының қарқынын қайталайды деп үміттенді. Бірақ режимнің әрекетін қабылдамау деңгейі жоғары күйде сақталып қалды», — дейді ол.
Саясаттанушы қоғам Назарбаев билік еткен «алтын жылдарға» тән «терең ұйқы» жағдайына өткенге дейін репрессия жалғаса береді деген пікірде.
Алайда, Әлжановтың айтуынша, ақпараттық кеңістік пен қоғам пікірі Ақорда пайдасына жұмыс істемейді. Пропаганда, теріс ақпарат, бұқаралық ақпарат құралдарын бақылауға алу, блогерлерді сатып алу секілді биліктің кез келген қарымта әрекетінің азаматтарға әсері әлсіз, өйткені саяси режимнің келеңсіз имиджіне еш шара қолдана алмайды.
Швецова болып жатқан жағдайға қатысты ыза толқыны пайда болғанын байқауға болады дейді. Әлеуметтік желілерде Еңсебекті, Бикетов пен Жәпішеваны қамауға алуға қатысты посттар көптеп жарияланып жатыр.
Құқық қорғаушы уәде етілген әділдік, билікпен ашық диалог және сөзін тиісті жерге жеткізу мүмкіндігі алыстай берген сайын адамдар үнсіз қалудан шаршайды деп санайды. Мемлекеттің ортақ проблемаларды шешуге азаматтарды қатыстыруға ұмтылмауынан олар одан бетер шаршай түседі.
«Ішкі істер министрлігі және адам құқықтары жөніндегі өкіл өзгеше ойлауды жаншумен емес, өзінің тікелей жұмысы — азаматтар құқығын сақтаумен айналысатын кез келді. Билік репрессия шараларына сүйене беруді доғарып, оның орнына нағыз қоғамдық диалог құруды бастауы керек. Онсыз елдегі демократиялық өзгерістер туралы кез келген әңгіме бос сөз болып қала береді», — деген сенімде Швецова.
Поддержите журналистику, которой доверяют.