Журналист Рейчел Луиз Снайдер ұзақ жыл бойы үйдегі зорлық пен әлімжеттік мәселесін көтеріп, жақынынан қиянат көрген әйелдердің тағдырын баяндаумен айналысты. Камбоджа, Ауғанстан, Нигерия мен Гондураста небір оқиғаға куә болды.
Кабулдегі сүйіктісіне қосылам деп түрмеге қамалған бойжеткендер; Үндістандағы кішкентайынан келін болып, қасындағы еркектің қабағын бағып тұрып сұхбат беретін жас қыздар; Қытай өкіметі бала сүю қақынан айырған Тибет әйелдері; Нигериядағы босанғаннан кейін қуығы ойылып қалған жасөспірім келіншектер; Румыниядағы Чаушескудің әмірімен тоқтаусыз бала табуға мәжбүр болған, жасы отызға жетпей кемпірге айналған әйелдер; Камбоджадағы ауқатты кхмер жасөспірімдерінен зорлық көріп, таяқ жеп жүрген жезөкшелер туралы жаза жүріп те, автор «әр әңгіменің тасасында бақытсыз әйел тағдыры жатқанына жіті мән бермеппін» дейді.
«...Америка Құрама Штаттарындағы үйдегі зорлық-зомбылық туралы ойлағанда, оны бағы жанбаған бірнеше әйелдің тағдыры шығар, серігін дұрыс таңдамаған шығар не ортасы дұрыс болмай, содан ұрынған шығар дейтінмін. Тағдырына құрбан болу жазылған әйел мен құрбан қылуға бейім ер жолыққан шығар дейтінмін. Әйтсе де бұл мәселені қоғамның дерті, әлеумет болып күресетін індет деп қарамаппын». – Үйдегі зорлық туралы «Сырты бүтін» кітабының авторы жазған осы бір түйін серігінен қиянат көріп жүрген жүздеген, бәлки мыңдаған әйел туралы кез келген қоғамда бар, қалыптасқан көзқарасты көрсетеді. Үйдегі әлімжеттік пен қиянат туралы сөз болғанда, біз оны қоғам болып күресетін індет, назар аударар басты мәселе деп қарастырмаймыз. Бізге қатысы жоқ, айдалада болып жатқан бір оқиға іспетті қараймыз. Ал енді әлдекім «әйел өзі кінәлі», «тілінен тапқан ғой» дей қалса, бірден соның ауанына ілесіп, құрбан туралы ұмытып та кетеміз.
«Сырты бүтін» – осы тақырыпты ұзақ зерттеген Рейчел Луиз Снайдердің мәселенің астарына терең үңілуден туған еңбегі. Автор өмірде болған оқиғаларға сүйене отырып, үйдегі зорлық туралы қалыптасқан көзқарас пен пікірлердің тас-талқанын шығарады. Автордың жазуына қарағанда, дүние жүзінде күн сайын 137 әйел күйеуінің не үйіндегі басқа біреудің қолынан өледі.
«Сырты бүтін» – New York Times нұсқасы бойынша жылдың үздік он кітабы қатарына енген. Кітапты АҚШ дипломатиялық миссиясының қолдауымен Steppe&world баспа үйі басып шығарды. Ағылшын тілінен Динара Мәзен мен Анар Қуанышбекова аударды. Редакторы – Назгүл Қожабек.
Еңбек үш бөлімнен тұрады және соңынан, яғни оқиғадан басталады. Мұндағы әр оқиға мұхиттың арғы жағында немесе бізге бейтаныс басқа бір қоғамда емес, дәл біздің елде, тіпті іргемізде болып жатқандай әсер қалдырады.
Салли мен Полдың үш қызы бар еді: Алиса, Мишел, Мелани. Мишелдің тағдыры Салли мен Пол Монсонға ғана емес, әпкесі Алиса мен сіңлісі Меланиге де ауыр тиді. Рокидің әкесі Гордон мен оның екінші әйелі Сараға да жеңіл болған жоқ. Олардың әрқайсы әлі күнге дейін өзін кешіре алмайды.
Мишел жасөспірім шақта өзінен біраз ересек Роки Мозурға ғашық болды. Рейчел айтқандай, «біреуді азаптап, қорлауға әдетте нарцисс адамдар бейім келеді, бұған нашақорлық пен кедейлік сияқты жайттар қосылғанда, одан бетер қауіпті бола түседі». Роки осы санаттан еді. Алайда, біздің қоғам сияқты, Америка қоғамы да озбырларға кеңдік танытады. «Сот шешімі кейде болымсыз жаза тағайындайды, мысалы, айыппұл төлетіп жібере салады. Әйелін азаптап, қорлаған адам бірнеше күн қамалумен құтылады». Ал таяқ жеген әйелді «соған лайық, күйеуін солай істеуге өзі мәжбүр қылды» деседі. Міне, осыдан кейін Мишел сияқты мыңдаған әйел азапқа төзіп, дымын шығармай жүре береді. Мұның соңы көп жағдайда жақсылыққа апармайды. Мишел де оққа ұшты. Жалғыз емес, Роки балалары Кристи мен Кайлді де атып тастады. Артынан өзін атты.
Төрт жылдан астам уақыт бұрын Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Серік Кафизов әйелі Жадыра Жұмалиеваны, сегіз және алты жасар қыздары Айша мен Инабатты өлтіріп, артынан үйін өртеп жіберді. Мишелдің тағдырын оқып отырғанда дәл осы оқиға ойға оралады. Осындай қанқұйлы қылмыстар туралы естігенде, «Күйеуінің озбырлығына төзіп жүре бермей, неге кетіп қалмайды?», «Неге ажырасып кетпейді?» деген сұрақ жиі қойылады. «Сырты бүтіннің» бірінші бөлімінде автор қоятын ең басты сұрақ та осы. Кете алмайды. Себебі «Мишелдің өмірі мен өлімі жағдайды түсіну қиын екенін, зорлық-зомбылыққа құрылған қарым-қатынас сырт көзге бадырайып көрініп тұрмайтынын көрсетеді». Оның үстіне, сот жүйесі озбырды қоғамнан аластап, жәбірленушінің маңайына да жоламайтындай шешім шығаратын сәті сирек. Әйеліне қиянат жасағаны үшін жауап беруге тура келетінін білсе, Салтанат Нүкенова Бишімбаевтың қолынан өлмес еді; Әл-Бейне Зарипованы күйеуі айуандықпен өлтіре алмас еді; Өмірбеков ажырасып кеткен әйелін – алты баланың анасын басқа қалаға іздеп барып, өртеп жібермес еді; басқа да мың-сан осындай жан түршіктіретін қылмыс болмас еді.
Мишел де Салтанат сияқты, Карина Мамаш секілді күйеуінен кетуге бірнеше рет әрекет еткен. Бірақ ол «ақылды болатын, Рокиден оп-оңай, бір-ақ түнде қашып құтыла алмайтынын жақсы түсінетін». Мишел әлемдегі мыңдаған мұңдасы секілді «өзінің және балаларының өмірі үшін күрессе де, жақындарынан көп нәрсені жасырып қалды».
Мишел де көптеген қазақ әйелі секілді күйеуінің үстінен арыз жазып көрген. Бірақ, тағы да сол әйелдер секілді ол да арызын қайтып алған. «Бәріне өзім кінәлімін. Ол тамаша күйеу, керемет әке» деген. Ал «арыз иесі өз сөзіне өзі қарсы шығып тұрғанда, прокурордың қолынан не келеді?» Мұндайда жәбір көріп жүрген әйелдің жақындарына жүктелетін жауапкершілік жүгі ауыр. Олар, Рейчелдің пайымдауынша, «зорлық-зомбылық құрбандарының тілін түсіне білуі керек». Көзі көгеріп келсе, «тіл табыса алмай жүрміз» десе, тіке жауаптан қашқақтаса, жәй ғана мұң-мұқтажын тыңдап, қолдау көрсетумен шектелмей, нақты сұрақтар қою маңызды. Автор мұндайда жетелейтін сұрақтар қою керегін айтады.
Бірнеше рет зорлық көрген адам түбінде озбырдың қолынан қаза табуы мүмкін. Рейчел бұған нақты дәлел келтіреді. Дейтон полициясының дерегі бойынша, отбасы мүшесінің қолынан өлгендердің 50 пайызы осыған дейін үйінде жәбір көргенін айтып, шағынғандар екен.
Дейтон, Детройт және Рочестердегі полиция мұрағатынан кісі қолынан өлгендер туралы дерек жинап, ұзақ уақыт бойы зерттеу жүргізген Кэмпбелл озбырдың қолынан опат болу ықтималдығын арттыратын 22 жоғары қатер түрін анықтаған екен. Автордың жазуынша, олардың кейбірі нашақорлық, тапанша кезену, шектен тыс қызғану сияқты көзге көрініп тұратын айқын белгілер болса, енді бірін қырағы жандар ғана байқай алады екен: «Өлтіремін деп қорқыту, буындыру, төсекке мәжбүрлеу, т.б. Әйелді достары мен отбасынан оқшаулау, үйде ерлі-зайыптылардың бұрынғы некесінен туған бала болуы, абьюзердің өзіне қол жұмсаймын деп қорқытуы, екіқабат әйеліне қол көтеруі, сталкиң (аңду) – әйелдің өміріне қауіп төніп тұрғанының айқын белгілері. Озбырдың үйінде қару тұрғаны, есірткі мен ішімдікке үйір болғаны, әйелінің күнделікті іс-әрекетін тырп еткізбей қадағалағаны, балаларға қоқан-лоққы жасағаны, үйдегі заттарды қиратқаны, әйел бірнеше рет одан кетпек болғаны – назар аударуға тиіс факторлар. Кэмпбелл анықтаған жалғыз экономикалық фактор жұмыссыздық болып шықты», – деп жазады автор.
Рейчел Снайдер кітаптың бірінші бөлімінде өмірде болған оқиғаларды сипаттап, олардың әрқайсына тоқталып, көзге көрініп тұрған және көріне бермейтін белгілерге егжей-тегжейлі тоқталса, екінші бөлімде озбырларға сөз береді. Автор мұны жазу ауыр болғанын жасырмайды. «Әдетте біз құрбандармен, адвокаттармен және полициямен сөйлесіп, зорлықшының ұстанымын ескермей жатамыз», – дейді автор.
Рейчел озбырлыққа бейім ер адам өзінің озбыр екенін жақсы білетінін, «тіпті достарының алдында еркекше әрекет ететінін мақтан тұтатынын» айтады. Әлдеқалай біреу сұрақтың астына алып жатса, озбырлығын мойындамайды. Азайтып көрсетуге тырысады, жәбірленушінің өзін жазғырады, туған-туыс пен дос-жаран өзіне жақтасса екен деп тұрады. «Зорлық-зомбылықты жеңілдетіп көрсетеді, – деп жазады автор. – Қылмыскер «сондай қатты сабаған жоқпын, қолым тиіп кетті» дегендей тіркестерді қолданады. Жәбір көрген алам түймедейді түйедей етіп отыр дейді. Зиян тигізетін ойым болған жоқ дейді». Озбыр өзінің әрекетіне баға беріп, кінәсін мойындауы үшін ұзаққа созылатын терапия керек. Ал «қылмыскерді бас бостандығынан айырып, түрмеге түсуіне себеп болған нәрсенің тамырына балта шабуды ойламау» түбінде жарға жығады. Сан Брунода қолға алынған «Зорлық-зомбылықты тоқтату үшін байламға кел» деп аталатын бағдарлама барлық түрмеде болғанда ғана озбырлықты жоюға болады.
Кітаптың үшінші бөлімі үйдегі зорлық мәселесінде алғы шепте жүрген белсенділер туралы. Бұл – үйдегі зорлық мәселесін шешудегі ең маңызды тізбек. Бұл бағыттағы кез келген жұмыс маңызды. Үйінде әлімжеттік көрген әйелдерді құшақ жая қарсы алып, оларға қолдан келген көмектің бәрін көрсететін дағдарыс орталықтары мен панажайлар керек десек те, оның екінші жағы бар екенін де ұмытпауды ұсынады. «Панажайлар әйелдер түрмесі сияқты – онда қатаң тәртіп бар. Мұнда отбасы мен достарынан ажыраған балалардың да жаны жаралануы мүмкін. Массачусетстегі озық панажайлардың өзінде жаны жаралы адамдар жаны жаралы басқа жандармен бірге тұрып жатты... Панажай таяқ жеген әйелдерді ажалдан арашалап қалғанымен, осындай ғана мүмкіндік ұсыну әділетсіз сияқты»...
Рейчел Луиз Снайдердің қорытынды ойына біз де қосыламыз. Үйдегі әлімжеттік әр адамның жеке ісі емес, оны қоғамдағы басқа қылмыстан бөліп қарай алмаймыз. Үйдегі зорлық пен қиянат жабулы қазан күйінде қалмауы керек. Ұзақ жылға созылған зерттеу негізінде жазылған еңбектің негізгі айтар ойы да осы.
“Сырты бүтін” кітабын Байзақов көшесі, 280 мекенжайында орналасқан American Space Almaty орталығынан тегін алуға болады. 30 қаңтар күні 17:00-де осы жерде кітаптың тұсаукесері мен талқы өтеді. Кітапты басқа қалаларда да алуға болады.
Поддержите журналистику, которой доверяют.