3375
24 января 2025
Ольга Логинова, Власть, фото Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі сайтынан алынды

«Қара түтін барған сайын қоюланып бара жатыр»

Өскемен неге әлі түтінге тұншығып жатыр және әрі қарай не болмақ?

«Қара түтін барған сайын қоюланып бара жатыр»

Былтыр қараша айының соңында Өскеменді қара түтін басты. Ауада ластаушы заттар мөлшерінің шамадан тыс көбеюі тіркелді. Алғаш рет мектеп оқушылары ауа сапасы нашар болуына байланысты бірнеше күнге қашықтан оқуға ауысып, тұрғындарға көшеде азырақ жүруді, сыртта жүргенде бетперде тағуды ұсынды.

Өскеменде жел болмауы мен ауаның ластығы жыл сайын қайталанады, бірақ былтыр, экологтардың сөзіне қарағанда, ауаның ластануы рекордтық көрсеткішке жеткен.

«Власть» қаланың қалай жыл сайын бір проблемамен бетпе-бет келе беретінін және неліктен жағдайды жақсартуға бағытталған жоспарлы жұмыстар жүзеге аспайтынын баяндайды.

Жылына 84 күн

Қаланы қалың түтін басқаны анық көрінетін видео Өскемен қаласының пабликтерінде былтыр 25 қараша күні жариялана бастады.

«Көшеге шықсам, жөтеле беремін, сондықтан ластану рұқсат етілген мөлшерден аспайды деп айта алмаймын», – деді облыс әкімі Ермек Көшербаев 26 қарашада. Бұл кезде алтыншы күн қатарынан тымық болып, Өскемен маңындағы бірнеше ауылдағы мектеп оқушылары қашықтан оқуға ауыстырылды.

Білім басқармасы сабақты онлайн режимге ауыстырудың себебі қолайсыз метеорологиялық жағдай – екінші дәрежелі қолайсыз ауа райы екенін растады.

18–20 қараша және 23 қараша мен 1 желтоқсан аралығында облыстық экология департаменті Өскеменде ауаның ластануын өлшеу жұмысын жүргізді. Экологтар қалқымалы заттар, күйе, күкіртсутек және хлор рұқсат етілген бір реттік шекті мөлшерден асып кеткенін анықтады. «Қазгидромет» сонымен қатар көміртегі тотығы, PM2.5 қалқымалы бөлшектері, күкірт диоксиді және азот диоксиді бойынша орташа тәуліктік шекті мөлшерден асып кету дерегін тіркеді.

Эколог Дәулет Асанов «Власть» тілшісіне былтыр ауаның PM2.5 бөлшектерімен ластануы рекордтық көрсеткішке жеткенін айтты. Маманның айтуына қарағанда, жеке мониторинг бір кезде ең жоғары көрсеткішті тіркеген – шаршы метріне 400 мкг.

«Әдетте 60–70 болатын, 200-ге жетпейтін. Бірақ 400 деген бұрын-соңды болмаған», – деді ол.

Экология министрлігі қаланы экологиялық апат аймағы деп жариялау туралы өтініш түспегенін, ал экология министрінің кестесінде желтоқсан айының басында Өскеменге сапар жоқ екенін мәлімдеді.

Облыс әкімі де желтоқсанда қаланы экологиялық апат аймағы деп жариялайтын жоспар жоқ екенін айтқан еді. Өткен жылдың 84 күнінде Өскеменде жел соқпағаннан ауада зиянды заттар жиналатын қолайсыз метеорологиялық жағдай байқалды. Әдетте мұндай күндер 100 күнге дейін жетеді.

фото YK-news.kz

ЖЭС шығарындысы тағы да артады

Облыстық экология басқармасының мәліметі бойынша, қалада 16 ірі кәсіпорын бар. Олар алдыңғы жылы 46,1 мың тонна, ал былтырғы тоғыз айда 26,6 мың тонна қалдық шығарған. Белгіленген шегі – 46,2 мың тонна. Ведомствоның мәліметінше, Өскемендегі барлық өнеркәсіптік шығарынды көлемі – жылына 55 мың тонна, оның 10 пайызы автономды қазандықтарға тиесілі.

Әр жылыту маусымында 240 мың тоннаға жуық көмір жағатын жеке үйлер 14 мың тонна зиянды зат шығарады.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және автомобиль жолдары бөлімі «Власть» тілшісінің былтыр көліктердің шығарынды үлесі қандай болғаны туралы сауалына жауап бермеді, алайда ресми деректерге сәйкес, 2020 жылы көліктен шыққан шығарынды 90 мың тонна болған.

Төрт жыл бұрын «Власть» Өскеменге барып, қаланың неліктен жыл өткен сайын түтінге тұншығып бара жатқанын білуге тырысты. Кәсіпорындардан шығатын ауаны ластайтын заттардың көлемі ол кезде де осындай болды. Ал билік шығарынды мөлшерін қысқарту бойынша жол картасын әзірлеген еді.

Эколог Роман Честных экологиялық жағдайды жақсарту бойынша жол карталары шынымен де әртүрлі деңгейде қайта-қайта қабылданатынын, бірақ одан ештеңе өзгермейтінін айтады.

«Себебі ол құжатқа жол картасын жасамастан бұрын ақшаны неге жұмсаймыз деп шешсе, соны қосады – ол шараны бұл кәсіпорындар онсыз да жоспарлап отырған, – дейді ол. – Сонымен қатар онсыз да жап-жақсы жұмыс істеп тұрған дүниенің жөндеу жұмысын қосып қояды. Бұл мәселені жақсарту үшін емес, одан әрі нашарлап кетпесін деген ойдан туады».

Экология департаменті былтыр Өскемен жылу электр орталығынан қанша тонна шығарынды шыққаны туралы есеп бермеді. Кәсіпорынға 2024 жылға рұқсат етілген шығарынды көлемі 14,23 мың тонна болса, 2025 жылға одан да көп – 16,04 мың тонна. 2028 жылға қарай жылу электр орталығында жаңа қазандық орнату жоспарланып отыр.

«Жаңа қазандық салынғаннан кейін шығарындының рұқсат етілген нормасы жылына шамамен 24,38 мың тоннаға жетеді», – деп хабарлады ведомстводан.

Экологтар Өскемен жылу электр орталығы қазірдің өзінде көмірді көбірек тұтына бастағанын айтады. Роман Честныхтың айтуынша, 15 жылда тұтыну бір жарым есеге артқан.

«Көмірді көп жағуға байланысты түтін күннен-күнге қарайып барады. ЖЭО тек жылумен қамтамасыз ететін емес, сонымен қатар жылу өндіруге қарағанда үнемді электр энергиясын өндіретін орталық екені көбіне ұмытылып кетеді», – дейді ол.

Роман Честных, фото Жанар Каримованыкі

Эколог Дәулет Асановтың түсіндіруінше, Қазақстанның солтүстігі мен шығысында жақын маңда көмір шахталары бар болғандықтан, электр қуатын өндіру арзан, ал басқа өндірушілермен салыстырғанда құны төмен болғандықтан, электр қуатына сұраныс өте жоғары.

Оның айтуынша, қалада жылу тапшылығы бар деген желеумен Өскемен жылу электр орталығына көмір тұтынуды арттыруға рұқсат беріліп жатыр.

Асанов кәсіпорынның 2008 жылдан бергі көмір тұтынуын зерттеп, осы жылдар ішінде қаңтарда жағылатын көмір көлемі шамамен бірдей болып, 150–190 мың тоннаға жеткенін атап өтті. Жазда көмір тұтыну шамамен үш есеге жуық өсті: 2008 жылғы шілдеде 36 мың тонна болса, былтыр шілдеде 94 мың тонна болған.

«Сандар [жылу] тапшылығы жоқ екенін көрсетеді: жылу электр орталығы қыста қанша жанса, жазда толық қуатында жұмыс істейді», – дейді эколог. Оның айтуынша, осылайша мемлекеттік органдар бизнестің ығына жығылады.

Эколог Дәулет Асанов, фото Данияр Мүсіровтікі

2028 жылға қарай Өскеменде көмірмен жұмыс істейтін жаңа жылу электр орталығын салу жоспарланып отыр.

Жылу электр станцияларында көмір жағуды арттырып, жаңа станция салудың пайдасын көрсететін дәлелдің бірі – жеке секторды орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу.

Роман Честных жеке секторға күл шығару жүйесі бола алатын шағын жергілікті қазандықтарды орнату қисынды болады деп санайды. Бұл жеке үйлерді жылытуға арналған пештерде қалдықтарды жағуды жоюға көмектеседі.

Сонымен қатар эколог жаңа станцияда көмірдің едәуір бөлігі электр қуатын өндіру үшін жағылатынын атап өтті.

«Ал экологиялық тұрғыдан дұрыс шешім аудит жүргізіп, қаланы жылумен қамтамасыз ету үшін бізге жағылған көмірдің қаншалық қажет екенін және осы қара тұмшаны тудыратын көмірдің қандай көлемі электр қуатын өндіру үшін қажет екенін түсіну керек, – дейді эколог. – Сосын мемлекетке электр қуаты қажет пе, осы сұраққа жауап беру керек. Әлбетте, керек. Бірақ елдегі электр қуаты мәселесін ірі қалалардағы тұрғындардың денсаулығын қатерге тіге отырып шешу қаншалық дұрыс шешім?».

Желтоқсан айының басында Шығыс Қазақстан облысының әкімі жаңа ЖЭО экологияға залал келтірмейтінін, барлық талап сақталалатын мәлімдеді. Ол ЖЭО Өскемен іргесіндегі Ұлан ауданында салынатынын, жел бағыты ескерілетінін, зиянды заттардың шығарылуын ұстауға мүмкіндік беретін технологиялар қолданылатынын айтты. Болашақта ЖЭО-ны газға ауыстыруға болады екен, бірақ облысқа газ тарту мәселесінің өзі әлі шешілмеген.

Асановтың айтуынша, бұрынғы көмір станциялары жабылса ғана газ тарту тиімді болады.

«Екінші ЖЭО ашылып, жаңа қазандық қойылса, мына үлкен шығынның орнын толтыру керек болады, сол кезде көмірден бас ала алмай қаламыз ба деп қорқамын, – дейді ол. – Көмір тұтыну арқылы ұзақ мерзімді ішкі қолданыс жайын ойлауға болады. Бұл ақшаны газға көшуге жұмсауға болар еді».

Өскемен 2022 жылы жазда, фото Жанар Каримованыкі

Өзге кәсіпорындар

2020 жылы облыстық экология департаменті қаланың ірі кәсіпорындары – «Қазмырыш» ЖШС, «Өскемен жылу электр орталығы» АҚ, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ және «Согрин жылу электр орталығы» ЖШС-мен меморандумға қол қойды. Желсіз күндері кәсіпорындар өндірістік қуатты 10-20%-ға қысқартуға тиіс.

Сонымен қатар осындай күндері департамент «Қазмырыш» ЖШС металлургиялық кешенінің стационарлық көздерінде ауаға шығатын заттарды өлшеу жұмысын жүргізеді. Осы өлшемде, департаменттің мәліметі бойынша, қарашада рұқсат етілген шығарынды мөлшері шектен аспаған.

Басқа кәсіпорындар шығарындылар көзінде өлшеу жүргізбейді, бірақ олардың санитарлық қорғау аймақтарында бірлескен өлшеу жүргізіледі.

Экология министрлігі «Власть» басылымына былтыр «Қазмырыш» ЖШС шығарындылары мен төгінділерінің негізгі көздеріне автоматты бақылау жүйесінің сенсорлары орнатылғанын хабарлады. Олардың деректері былтырғы жылдың мамыр айынан бастап нақты уақыт режимінде министрлікке жіберіліп отырады.

Сонымен қатар Өскемен титан-магний комбинатында, Өскемен ЖЭО, Согрин ЖЭО және басқа да кәсіпорындарда мемлекеттік органдарға мәліметтерді онлайн беру арқылы шығарындылардың негізгі көзін бақылау жүйесін орнату жоспарланып отыр.

Қоршаған ортаны қорғау министрлігі 2023 жылдан бастап «Қазмырыш» үздік технологияларды енгізуді жоспарлап отырғанын және бұл 2027 жылға қарай күкірт диоксидін 1600 тоннадан астамға азайтатынын қосты.

«Қазмырыш» ЖШС-нің өзі де «Власть» басылымының сауалына жауап ретінде кәсіпорын 1997 жылы ашылғаннан бері күкірт диоксиді шығарындыларын 76%-ға, шаңды 80%-ға азайта алғанын хабарлады. «Осы уақыт ішінде қоршаған ортаны қорғау шараларына барлығы 135 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді», — деп толықтырды компания.

Кәсіпорын сонымен қатар пайдаланылған газдарды тазартатын барлық үш күкірт қышқылы зауытын күкірт диоксидін сіңірудің қосымша кезеңімен жабдықтауды жоспарлап отырғанын хабарлады. Қазіргі уақытта жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр, құрылысы 2025 жылға жоспарланған.

Роман Честных «Қазмырыш» ЖШС ластаушы заттардың ең ірі көзінің бірі ретінде шығарындыларды азайтуда алға қадам жасап отырғанын, әйтсе де бұл кәсіпорын да шығарындыларды одан әрі азайтуға мүмкіндік беретін шараларды қажет ететінін айтады.

«Қазмырышта» жағдай осындай болғанымен, қалғанының барлығында азайту жоқ», – дейді эколог.

Былтыр экология департаменті атмосфераға ластаушы заттардың нормадан тыс шығуына бірнеше рет жоспардан тыс тексеру жүргізді: оның үшеуі «Қазмырышта» және біреуі Өскемен титан-магний комбинатында жүргізілді. Нәтижесі бойынша жалпы сомасы 45,7 миллион теңге айыппұл салынды. Ведомство кәсіпорынның қайсына қанша айыппұл салынғанын және оның төленген-төленбегенін нақтыламады.

Фото Жанар Каримованыкі

Ескі автотұрақ пен қол жетпейтін газ

Өскеменде 440 автобус, 62 шағын автобус және 16 трамвай жүреді, қалада троллейбус жоқ. Қоғамдық көліктердің орташа жасы – 12 жыл. Қалада газ қозғалтқышы бар бес шағын автобус бар.

2012 жылдан бері автобустар Еуро-5 стандартына сай келеді. Былтыр сол стандарттағы 51 жаңа дизельді автобус сатып алынды.

«Өскемен қаласының ауа райы жағдайын және автогаз құю бекеттерінде метан сату нүктелерінің жоқтығын ескере отырып, іштен жанатын газ қозғалтқыштарымен жабдықталған автобустарды сатып алу мүмкін емес деуге болады», – деп түсіндірді ТҮКШ бөлімі.

Қоғамдық көліктің жылжымалы құрамын жаңарту – Өскемендегі экологиялық жағдайды жақсарту бағытындағы жол картасының бір тармағы.

Сонымен қатар, құжатқа сәйкес, қалада көлік құралдарының жай-күйі мен пайдаланылған газ нормаларына бақылау күшейтіліп, көлік қозғалысы көп жолдарда, әсіресе желсіз күндері жолдың үлкен аумағы сумен қамтамасыз етіледі.

Қалада пеш жағатын 29 мыңға жуық жеке үй бар. Шығыс Қазақстан облысының энергетика басқармасының мәліметінше, өңірдегі жалғыз газ тартылған өңір – Зайсан. Оны Сарыбұлақ кен орны газбен қамтамасыз етеді, бірақ ресурс қоры шектеулі және облыстың басқа ауданын қосу мүмкін емес.

Ведомствоның мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысын жылытуға 2,03 млрд текше метр газ қажет.

Басқарма таратқан ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта Қазақстанның солтүстік және солтүстік-шығыс аймақтарына ресейлік газды жеткізу бойынша Ресеймен келіссөз жүргізіліп жатыр, энергетика министрлігі Ресей жағымен газдандыру және газ жеткізу шарттарын келісу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Фото Жанар Каримованыкі

Денсаулыққа қауіпті: ауру артып жатыр, оңалту жоқ

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметінше, Өскемен – ауадағы ластаушы заттардың жоғары концентрациясының тыныс алу жолдары ауруларына әсер ету қаупі жоғары қалалардың бірі.

Ірі PM10 бөлшектері өкпеге еніп, тыныс алу жолдарының шырышты қабатының тітіркенуін, қабынуын және зақымдануын тудыруы мүмкін, ал шағын PM2.5 бөлшектері өкпе тосқауылынан өтіп, ішкі ағзаларға әсер ететін қан айналымы жүйесіне енеді. Азот пен күкірт оксидтері канцерогенге жатады.

Азот диоксиді мен күкірт диоксиді демікпе, бронхтардың зақымдануы, пневмония және тыныс алу жеткіліксіздігін өршітетін фактор болуы мүмкін. Құрамында озон мөлшері жоғары түтін шырышты қабықтарды тітіркендіріп, оларды зақымдауы мүмкін. Сонымен қатар озон демікпе мен одан болатын өлім-жітімнің негізгі факторы болып есептеледі.

Орталық өнеркәсіптік шығарындыларда ауыр металдар, аммиак, көмірсутектер және басқа да заттар болуы мүмкін екенін ескертеді.

Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мәліметінше, ауаға өндіріс орындарынан шығарылатын заттардың құрамында бірінші және екінші қауіптілік санатына жататын 116 түрлі зат бар. Бұлардың ең көп мөлшері Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпорындардың шығарындыларында кездеседі.

«Атмосфераның ластануына жылу энергетикасы, қара және түсті металлургия, көмір өнеркәсібі, сонымен қатар мұнай және газ өңдеу өнеркәсібі көп ықпал етеді», – деп атап өтті қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы.

Сенатор Ольга Булавкина депутаттық сауалында өңірде қатерлі ісік ауруының көбейіп кеткенін айтты. Оның айтуынша, онкологиялық аурулар көбінесе өнеркәсіптік қалалар мен облыстарда, соның ішінде Өскеменде және оның төңірегінде анықталып жүр.

2023 жылдың соңында Өскеменде өткен депутаттық комиссияның отырысында олар қала мен облыс тұрғындарының денсаулығы мен қоршаған ортаға байланысты ауруларды жан-жақты зерттеуге уәде берді.

Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасына мұндай зерттеулерге қатысты сауал жолдағанда, мұндай зерттеулер құзыретімізге кірмейді деп жауап берді. Басқарма алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр тыныс алу жолының ауруларына шалдыққандар саны артқанын атап өтті.

2023 жылдың мамыр айында клиникалық хаттамаға «Химиялық заттардың әсерінен жоғарғы тыныс жолдарының зақымдануы» диагнозы енгізілді – Өскемен тұрғындары оны тамақтың химиялық күйігі деп атайды. Денсаулық сақтау басқармасы 2024 жылдың желтоқсан айындағы жағдай бойынша мұндай диагнозбен хабарласқан төрт адам тіркелгенін хабарлады.

Облыста ластаушы заттардың мөлшері көп болуына байланысты халықтың денсаулығын жақсартуға арналған арнайы бағдарламалар бар ма деген сұраққа олар тек демікпе немесе ӨСОА диагнозы қойылған науқастар сауықтыру үшін тегін жолдамамен «Бурабай» санаторийіне жіберіледі деп жауап берді.

фото YK-news.kz

Қалаға неге экологиялық апат аймағы деген баға берілмей жатыр?

Эколог Роман Честных Өскемен экологиялық апат аймағына кіру критерийлеріне сай келмейтінін айтады. Сонымен қатар, оның айтуынша, қаланы оңай жабуға болады, өйткені экологиялық апат аймағы деп танылса, қаладағы тіршілікті қамтамасыз етумен байланысты кәсіпорындардан басқа барлық кәсіпорынның қызметіне шектеу енгізіледі.

«Апат аймағы деп жариялау – бұл жерде тұрудың қажеті жоқ екенін растайтын соңғы қадам, «мүмкін болса, кетіңіздер» деген сөз. Бұл адамның денсаулығы нендей халде екеніне байланысты мәселе», – деп түсіндіреді ол. Әрі Өскемен қазірдің өзінде Семей полигонындағы ядролық сынақтарға байланысты радиациялық қауіпті аймаққа жатады.

«Біз мұнда қиналып өмір сүріп жатырмыз деген жеңілген адамның талабын қоймау керек, – дейді Роман Честных. – Жүзеге аспайтын және жүзеге аспағаны үшін ешкім жазаланбайтын жол картасын талап етудің де қажеті жоқ. Шындыққа тура қарап, қаладағы екі және болашақ үшінші жылу электр станциясына қайта баға беру керек. Мұны шынымен де бір нәрсені жақсартатын нақты қадам деуге болады».