2125
29 января 2025
Дмитрий Мазоренко, Ақорда баспасөз қызметінің фотосы

Қазақстандықтарға тағы «көрпеге қарай көсілуге» тура келеді

Үкімет салық өсетінін хабарлады, мұны оңтайландыру деп атады

Қазақстандықтарға тағы «көрпеге қарай көсілуге» тура келеді

Сейсенбіде үкіметтің кеңейтілген отырысында басты тақырып қосымша құн салығын көтеру болды, министрлер кабинеті мұны «салықты оңтайландыру» деп атады.

Президент қолдауына ие болған реформа әзірге жалпылама күйінде таныстырылды. Жаңа ҚҚС мөлшерлемесін үкімет әзірге анықтаса да, бюджетке салықты өсіруден келетін нақты көрсеткіштер аталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды тағы «көрпеге қарай көсілуге» шақырды, өйткені ел «қиын жағдайда» тұр. Власть өткен отырыстың негізгі сәттеріне тоқталады.

Қазіргі кездегі мемлекеттің негізгі реформасы салық ағынын «басқаша теңгеру» болмақ. Бұл әлеуметтік салықты және міндетті зейнетақы төлемін алып тастап, қосымша құн салығын міндетті түрде өсіру және сол бойынша жылдық шекті 78 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендету дегенді білдіреді.

Осының есебінен үкімет салық төлеушілер базасын 300 мың экономика субъектісіне кеңейткісі келеді және жылына кем дегенде 5 трлн теңге қосымша салық алғысы келеді.

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, мөлшерлеменің нақты көлемі әлі талқыланып жатыр. Үкімет әлемнің көп елінде бекітілген 20% деңгейді бағдар қылып ұстап отыр. Бірақ әлеуметтік салық пен міндетті зейнетақы төлемі алынып тасталатынын ескерсек, бизнеске түсетін салық ауыртпалығы тек 4 пайызға өсуі мүмкін. Жұманғарин бұл бизнестің жаппай банкрот болуына себеп болмайды деген сенімде.

Мөлшерлемені саралау да талқыланып жатыр, бірақ әзірге тек ауылшаруашылық кәсіпорындарына ғана, олар ҚҚС төлемінен босатылуы мүмкін, сондай-ақ медицина және фармацевтика секторы бар — оларға мөлшерлеме 10% деп белгіленуі мүмкін.

Министрлер кабинеті нәтижесінде мемлекет қосымша қаражат алып қоймай, бизнес те қаржы резервін құра алады деген сенімде. Бұған еңбекақы төлеу қорына шығынның қысқаруы (қазір ол 40%, 30 пайызға дейін төмендейді) мен өнімнің ақырғы құнының арзандауы арқасында қол жеткізуге болады.

Бірақ жиналатын әлеуметтік салық пен міндетті зейнетақы төлемінің жалпы көлеміне тең қаржы ауыртпалығы кімнің мойнына артылатыны белгісіз. Жұманғарин оны бизнестен республикалық бюджетке арту қажет десе, премьер-министр Олжас Бектенов ақырғы тұтынушыға арту туралы айтты.

Президент үкіметке әлеуметтік салыққа балама іздеуді тапсыру арқылы жағдайды қиындатып жіберді. Ол әлеуметтік салық аймақтар үшін ірі кіріс бабы екенін айтты. Қазір өңір басшыларын қаржылық стимулдан айыруға болмайды.

Тағы бір қарама-қайшылық инфляцияны талқылау кезінде туындады. Жұманғарин жаңадан енгізілетін өзгерістер, соның ішінде тарифтер мен жанармай бағасын реттеуден бас тарту бағаның өсуіне сөзсіз әкеледі дегенді бірнеше рет айтты. Бірақ Тоқаев инфляцияны төмендету керек, бұл үкімет пен Ұлттық банк үшін басым бағыт болуы керек дегенді баса айтты.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов осыған орай инфляцияны азайту — реттегіштің тәуелсіз саясатының негізі деп атады. Бірақ артынан президент қазіргі «күрделі жағдай» Ұлттық банктен реформа жүргізу үшін тәуелсіздіктен бас тартуды талап етеді деп тіке айтты. Бірақ бұл реформалар инфляцияны бастырмалата түспек.

Бұл Ұлттық банк инфляцияны таргеттеуден бас тартуы керек дегенді білдіре ме, ол жағы түсініксіз болып қалды.

Әзірге үкімет инфляцияның халықтың осал топтарына әсерін бәсеңдету үшін жәрдемақыны, зейнетақыны және бюджет қызметкерлерінің айлығын инфляция деңгейіне сай индекстеуге дайын.

Жұманғарин бизнес еңбекақы төлеу қорын азайту нәтижесінде пайда болған жаңа резервтің бір бөлігін айлық көтеруге жұмсай алады деп топшылады. Осы шарадан азаматтарда пайда болған қосымша ақша кейбір сарапшылар 30 пайызға дейін жетуі мүмкін деп болжаған баға өсімін жаба алады.

Бұның орнына президент пен үкімет экономикалық саясаттағы басымдықтарды жіктеуге кірісті. Олардың ішінен бастысы ретінде экономиканы саралау және 30 жылдан астам уақыттан бері негізгі және қол жетпес мақсат болып келе жатқан инвестиция тарту аталды.

Салық реформасы елге даму бюджетін 8 пайыздан 20 пайызға дейін өсіруге көмектесуге тиіс деп сенеді үкімет. Бұл мемлекет жеке инвестициялардың қысқаруының орнын толтыра алуы үшін, экономиканың мұнайдан тыс секторында ірі жобалар бастау үшін және жеке инвесторларды қайтадан Қазақстанға инвестиция құюға ынталандыру үшін қажет.

Мемлекет ел экономикасы үшін негізгі инвесторлардың бірі болып қала береді. Бірақ ол инфрақұрылымды дамытуға, жергілікті және шетелдік кәсіпкерлерден ақша тарту үшін қажет климат жасауға ден қояды.

Бұл ақша негізінен энергетика, логистика, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен туризм салаларына жұмсалады. Ірі кәсіпорындардан бөлек үкімет орта буын көшбасшы компанияларын құруға көмектесуі керек. Үкімет перспективасы бар әрбір орта кәсіпорынмен жұмыс жоспарын жыл соңына дейін белгілеуі керек.

Түрлі саладағы жобаларға үлкен көлеммен жұмсалған Ұлттық қор қаражатын енді үлкен инфрақұрылым бастамаларына ғана тартуға болады. Бұндай талапқа экономиканың енді пайда болған озық салаларындағы стартаптар ғана кірмейді.

Бірақ үкімет кен өндіру өнеркәсібін назардан тыс қалдыруды жоспарлап отырған жоқ. Бектеновтың айтуынша, қазір үкімет болашағы бар сегіз жүзден көп жобаны бақылауда ұстап отыр, олардың арасында сирек кездесетін металл кен орындары, жаңа мұнай-газ кен орындары, газ өңдеу зауыттары, т.б. бар.

Бірақ президент министрлер кабинетінен талап етіп отырған жалпы ішкі өнімді 2029 жылға қарай екі есе арттыру үшін бұл жобалар портфелі Қазақстанға жеткіліксіз.

Тоқаевтың пікірінше, осындай міндеттерді орындау үшін жақында ашылған инвестициялық штабтардың жұмысын күшейту қажет. Олар кейбір жобаларды іске асыруды үдетуге көмектесті, бірақ инвесторларды ведомствоаралық үйлестіруден шығатын бюрократиялық кедергілердің негізгі бөлігінен босата алған жоқ.

Үкімет сонымен қатар өнімді бөлу жөніндегі келісімді ұзартудың тәсілін табуы керек. Әлемнің ірі мұнай-газ компанияларымен келісімдер Қазақстанға алдыңғы 30 жылда жақсы көмектесті, бірақ олардың жергілікті экономикаға пайдасын ұлғайту керек деп санайды Тоқаев.

Үкімет мемлекеттің және жеке инвесторлардың жобаларын қаржыландыруға тарту тәсілін ойлап табуы керек. Сол үшін оларға сараланған корпоративтік табыс салығы бекітілуі мүмкін. 20% мөлшерлемесі бизнеске кредит берген кезде, ал мемлекеттік құнды қағаздан және тұтынушыларға кредит беруден кіріс алған кезде 25% болып бекітілуі мүмкін.

Президент осы шараның барлығы Қазақстан үшін әлемде күшті экономикалық бәсеке жағдайында өз позицияларын ұстап тұруға жалғыз мүмкіндік деп санайды.

Тоқаев осы жолды жүзеге асыруға басты кедергі деп мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілік алуға құлықсыздығын атады, бұл Антикордың жұмысына қатысты туындайтын қорқыныш болуы мүмкін. Ол қазір үкіметке президент әкімшілігінен қысым азайды деп атап өтті.

Президент халық та «жауапкершілікке» дайын болуы керек деген пікірде. Ол мемлекет әлеуметтік болып қала береді, қиын кезеңде халықтың осал топтарын қолдайды деді, бірақ масылдыққа көз жұма қарамайды. Тоқаев әр қазақстандық жұмыс істеуі керек, салық төлеп, тарифтердің нарықтық деңгейіне келісуі керек деген ой айтты.

Бірақ ең маңызды сұрақ жауапсыз қалды: халықтың сатып алу қабілетіне үнемі нұқсан келтіріп жатқан үкіметтің көп жылдық қателіктері мен сәтсіздіктерін неліктен азаматтар өтеуі керек? Осы жолы үкімет бәрін жасай алатынына кім кепіл?