23 ақпанда Германияда кезектен тыс парламент сайлауы өтті. Сайлаудың мерзімінен бұрын өтуіне канцлер Олаф Шольцтің үкіметіне сенімсіздік білдіру себеп болды. Христиан демократиялық одағы (ХДО/ХӘО) жеңіске жетті, партия көшбасшысы Фридрих Мерц көші-қон мен қауіпсіздік мәселесінде қатаң шешімдер ұсынды.
Екінші орынды әсіре оңшыл «Германия үшін балама» (ГүБ) алды. Бұрын елдің арнайы қызметі партияның кейбір өкілін экстремист деп атап, ұйымның саяси бағдарламасы Ресеймен жақындасуды көздейді деген еді.
Әйтсе де Мерц сайлауға дейін ГүБ партиясымен бірікпейтінін айтып, біршама әлсіреп қалған Германияның социал-демократиялық партиясымен (ГСДП) одақ құруға уәде берді.
Кезектен тыс сайлау
Германияда сайлау ГСДП мүддесін қорғайтын Олаф Шольц үкіметіндегі саяси дағдарыстың кесірінен жарты жыл бұрын өтті. 2021 жылы құрылған, құрамына «Жасылдар» мен либерал «Еркін демократиялық партия» (ЕДП) кірген оның кабинеті ел экономикасын пандемиядан кейін қалпына келтіру үшін мемлекеттік шығынды арттырмақ болды.
Бірақ Ресейдің Украинаға басып кіруі энергия тасымалдау бағасының күрт өсуіне, қорғаныс шығындарының артуына және Украинадан барған 1,5 млн босқынды қолдауға алып келді. Бұл Германия экономикасының неолиберал үлгісінің кесірінен пайда болған бұрынғы қиындығымен бірге ел экономикасының тұралап қалуына себеп болды.
Шольц коалициясы экономиканың мәселесін шешу үшін мемлекеттің қарызын ұлғайтуды жоспарлады. Бірақ бұған Конституцияда жазылған «қарыз тежеуі» кедергі болды. Бұл ереже бойынша, үкіметке бюджет дефицитін жалпы ішкі өнімнің 0,35% көлемінен асыруға тыйым бар.
Мемлекет шығынын ұлғайтуға тырысқанда олар ЕДП мүшесі, қаржы министрі Кристиан Линднердің қарсылығына ұрынды. Ол салық пен әлеуметтік шығынды қысқарту керек, сондай-ақ климаттың өзгеруі саласындағы кейбір мақсатты орындаудан бас тарту керек деп есептеді. Шольц оны қызметінен босатты, содан кейін ЕДП бірлестіктен шығып кетті, ал парламент федерация канцлеріне сенімсіздік білдірді, мерзімінен бұрын сайлау өткізуге себеп болған да осы.
Билікке әлеуметтік реформа жасауға уәде беріп келген Шольц ақырында ГФР тарихында танымалдығы ең төмен канцлер болды. Оны мақұлдау рейтингі 2021 жылғы 60 пайыз болса, 2025 жылғы қаңтарда 20 пайызға дейін төмендеді. 23 ақпандағы мерзімінен бұрын сайлауда олар 2021 жылдан бері 9,3% дауыс жоғалтып, 16,4% дауыспен үшінші болып аяқтады. Коалициядағы серіктесі «Жасылдар» 11,6 пайызға дейін төмендеп кетті, ал ЕДП тіпті парламентке өте алған жоқ.
Неміс консерваторларының жеңісі
Бұл сайлауда 28,6% дауыс жинаған ХДО/ХӘО жеңіске жетті. Партияның кандидаты Фридрих Мерц федерация канцлері болып тағайындалатын шығар.
Кезінде Ангела Меркель басқарған партия Мерц басшы болғанда біраз оңшыл бағытқа ойысты. Мерц 2000 жылдардың басында партияны басқаруға таласып, Меркельден ұтылған еді. Бірақ 2018 жылы, жеке секторда ұзақ қызмет атқарғаннан кейін саясат сахнасына оралып, 2022 жылы Христиан демократиялық одағына басшы болып келді.
Биылғы сайлау алдындағы науқан кезінде Мерц Еуропаның ірі экономикасының тұралап қалғанына және көші-қонды шектеуге көп көңіл бөлді.
Сайлау алдында босқындар жасаған бірнеше қылмыстан кейін Мерц канцлер лауазымына кіріскенде Ішкі істер министрлігіне Германия шекарасын тұрақты түрде бақылауға алуды тапсыратынын мәлімдеді. Ол Еуроодақтың пана беру туралы саясатын сынға алды және Германия өзінің ұлттық заңнамасын жоғары қоюы керек деп санайтынын жасырмады.
Мерц, сонымен қатар, ксенофоб сөздерімен танымал. 2022 жылы ол Германия «босқындардың әлеуметтік туризміне куә болып отыр: Германияға, сосын қайтадан Украинаға, сосын тағы да Германияға және қайтадан Украинаға барады» деді. Бір жылдан кейін босқындар тісін салық төлеушілер есебінен емдетеді, «ал қарапайым немістер қабылдауға жазыла алмай жүр» деп мәлімдеді, бұны Германияның стоматология қауымдастығы жоққа шығарды.
Сондай-ақ, ХДО басшысы консерваторлық экономикалық саясатқа, яғни әлеуметтік шығындарды реттеу мен қысқартуды алып тастауға және салықты төмендетуге уәде берді. Мерц энергетика дағдарысын атом энергетикасына оралу арқылы еңсермекші.
Сайлау кезінде Мерц қорғаныс мәселесі бойынша Еуропаның Америкадан толық тәуелсіз болуына қол жеткізгісі келетінін хабарлады.
«Дональд Трамптың өткен аптадағы мәлімдемесінен кейін америкалықтар, соның ішінде америкалықтардың бір бөлігі мен әкімшілік Еуропаның тағдырына айтарлықтай бей-жай қарайтыны айқын болды», — деді ол.
Мерц НАТО орнына жаңа еуропалық қорғаныс альянсын құру идеясын ұсынды, бұған Франциямен және Ұлыбританиямен ядролық ынтымақтастық та кіреді. Кейін ол ұйымның жазғы саммиті қарсаңында «қазіргі кездегі НАТО туралы бұрынғыдай айта береміз бе, әлде тез арада тәуелсіз еуропалық қорғаныс әлеуетін құруға тура келе ме» деп, бұл тұрғыда сенімсіз екенін жеткізді.
Украинаға келетін болсақ, оның беталысы өзін «бейбітшілік канцлері» деп атаған Олаф Шольцтен де агрессияшыл.
Ол неміс үкіметінің Украинаға оқ-дәрі мен озық қарулану жүйесін жөнелтуге келгенде «тартыншақтап қимылдағанын» сынға алды. Мерц Киевке TAURUS қанатты зымырандарын беруді талап етті.
Әсіре оңшылдар мен солшылдар
Қазір Мерц Германия Гитлердің нацистік режимінен азат етілгеннен кейін ойлап табылған «брандмауэр» ережесін, яғни ұстамды партиялардың әсіре оңшыл партиялармен ынтымақтасудан бас тартуын бұзбас па екен деген мәселе басы ашық күйінде тұр.
Қаңтар айының соңында ол жетекшілік ететін ХДО-ны «брандмауэрден» бас тартты деп айыптаған еді. Сол кезде Мерцтің партиясы пана беру ережесін қатайтатын шаралар пакетін енгізді, оның ішінде тұрақты шекара тексерісі, пана сұраушыларды шекарадан қабылдамау мүмкіндігі және билік елден кетуді міндеттеген шетелдіктерді тұтқындау бар.
Парламентте бастапқы дауыс беру кезінде шешуші басымдықты ГүБ депутаттары алып берді, бұл құжатты қабылдауға себеп болды. Алайда Германия көшелеріндегі жаппай ереуіл Бундестаг мүшелеріне қықпал етіп, нәтижесінде дауыс берудің келесі кезеңінде заң жобасы қабылданған жоқ.
Осы сайлауда «Германия үшін балама» жағдайын біраз жақсартып алды. Оған сайлаушылардың 20,8 пайызы дауыс берді (алдыңғы сайлаумен салыстырғанда 10,4% артты). Мерцтің болашақ үкіметіне қатты қысым көрсететін, Германияның көші-қон мәселесін шешуді талап ететін осылар болмақ. Енді ол көші-қон мәселесіне келгенде ұстамды Германияның социал-демократиялық партиясымен бірлесіп, жанжал шығаруы мүмкін.
Егер ол Германияның федерация канцлері болып тағайындалса не болады деген сұраққа: «Заңсыз мигранттар елден дереу кетуіне тура келеді», — деді ГүБ тең төрағасы Алис Вайдель.
Вайдельдің ойынша, Мерц үкіметі төрт жылға да шыдамайды, содан кейін билікке ГүБ келеді.
Вайдельдің партиясы, сондай-ақ, Ресейге қарсы санкцияны алып тастау қажет және Германияға Ресей газын қайтару үшін олармен «өте жақсы қарым-қатынас» орнату керек деп санайды. Жалпы, кейбір ГүБ мүшелерін неміс барлауы экстремистік деп таныды, ал партияның тағы бір бөлігі нацистік ұрандар қолданғаны үшін сотталды.
Осы сайлауда дауысты көп жинаған тағы бір партия — солшыл Die Linke, оған сайлаушылардың 9 пайызға жуығы дауыс берді (3,9 пайызға өсті). Олар парламенттен 64 орынға ие болды. Баспананы жалға алуға, әлеуметтік баспанаға қол жеткізуге, азық-түлік пен қоғамдық көлікке негізгі шығындар төмендеуіне, сондай-ақ мигранттарды қолдауға көңіл бөлетін солшылдар жас сайлаушылар арасында көп дауысқа ие болды.
Бірнеше ай бұрын Die Linke партиясына осы сайлауға қатысты пессимистік болжам айтылды. Былтыр ол екіге бөлінген еді: Ресейге жылы шырай танытатын, мигранттарды жек көретін солшыл популист Сара Вагенкнехт партия қатарынан шығып кетті. Ол Сара Вагенкнехт Одағы (СВО) деген өз партиясын құрып, оған Die Linke партиясының бір бөлігін ілестіріп әкетті.
Бірақ биылғы мерзімінен бұрын сайлауда СВО бес пайыздық межеден аса алған жоқ, ал Die Linke көшедегі үгіт-насихаттың, еріктілердің және әлеуметтік желіде белсенді түрде кампания жүргізген харизмалы жаңа көшбасшылар жұбының арқасында Бундестагтағы депутаттарының санын көбейтіп, ең көп дауысты ел астанасы Берлинде жинады.
Экономика бірінші кезекте
Федерация канцлеріне кандидаттар иммиграция және қорғаныс сияқты мәселелерге көңіл бөлгеніне қарамастан, түрлі сауалнамаға сәйкес, сайлаушылар өмір сүру деңгейі мен экономикаға қатысты мәселеге бас қатырады. Энергия тасымалдау бағасы әлі де Еуропадағы орта көрсеткіштен 20 пайыздай жоғары болып тұр, ал елдің өнеркәсіп өнімдері Қытайдың бәсекесіне және Трамп билігі кезіндегі АҚШ жақтан келуі мүмкін баж салығы қатеріне ұрынып отыр.
Жақын күндері Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер үкімет жасақтау үшін Фридрих Мерцті шақырмақшы. Егер Германияның социал-демократиялық партиясымен «үлкен бірлестік» құра алса, Бундестагта басымдыққа ие бола алады.
Оның үкіметі тұралап қалған экономикаға, Трамп жақтан келетін қатерге және Украинада төртінші жылға жалғасқан соғысқа қатысты проблемаларды шешуі қажет. Бұның бәріне «қарыз тежеуі» қиындық туғызады, Мерцке үлкен мемлекеттік жобаларды қаржыландыру қиын болады. Бұл ережені жеңілдету үшін парламентте көпшіліктің үштен екі дауысы қажет.
«Әскерге және Украинаға шығынды арттыру, сондай-ақ жұмысшылар мен компаниялар үшін салық ауыртпалығын азайту аса маңызды болып тұрған кезде, Германияға сол үшін фискалдық мүмкіндік табу қиын болуы мүмкін. Әскери шығынды арттыруға қауқарсыздық НАТО бойынша серіктестерге айтарлықтай проблема әкелуі мүмкін. АҚШ президенті Дональд Трамптың қаһары да АҚШ пен ЕО арасында сауда-саттық соғысы қатерін ұлғайтуы мүмкін», — деп келтіреді Berenbeg Economics-тің бас экономисі Хольгер Шмидингтің сөзін Reuters.
Поддержите журналистику, которой доверяют.