Қазақстанда шетел агенті туралы заң қабылдау идеясы бірнеше рет айтылды, оны билікке жақын саясаттанушылар да, жасырын пікір таратушылар да белсенді қозғап жүрді. Қазақстан халық партиясы атынан мәжіліс депутаты Ирина Смирнова ақпанда үкіметке шетел агенті туралы заң әзірлеуді ұсынып, талқыны жаңа деңгейге шығарды.
Смирнова мен оның бірнеше әріптесі Американың жаңа әкімшілігі бүкіл әлем бойынша гуманитарлық жобаларды да қолдап келген USAID халықаралық көмек агенттігін жабуға шешім қабылдағанын ақпараттық себеп ретінде пайдаланды. USAID-тың күйрегенін әлемнің авторитор режимдері қуана қабылдады.
«Власть» шенеуніктер мен депутаттардың пікірін біліп, Қазақстан халық партиясының ұсынысына аса қызығушылық болмағанын, әзірше идея деңгейінде қала беретінін анықтады.
«Жоспар жоқ»
Парламент депутаттарында заңнамаға бастамашы бола алатындай, заңнамаға түзету енгізу мен жаңа заң жобасын дайындайтындай құзырет бар болса да, Смирнова өзінің сауалында шетел агенті туралы заң жобасын әзірлеуді премьер-министр Олжас Бектеновтен сұрады.
Бірақ заң жобалары жұмысының жоспарына жауапты әділет министрлігі «Власть» редакциясына 2025 жылы министрлер кабинетінде бұндай заң жобасын әзірлейтін жоспар жоқ екенін хабарлады. Жоспар жыл сайын әзірленеді, сондықтан ол, мысалы, биыл пайда болмайды.
Редакцияның президент әкімшілігіндегі дереккөзі бұндай заң жобасын ұсыну президенттің де жоспарында жоқ деп сендірді.
Олай болса, жалғыз нұсқа депутаттардың бастамасы: шетел агенті туралы жаңа заң жобасын мәжілісмендер өзі әзірлеуі керек.
Жаңа заң жобасын ұсынған депутат Қазақстан халық партиясының мүшесі, ал партия «Власть» редакциясына болашақта заң жобасын әзірлеуді жоққа шығармаймыз, «жағдайға байланысты шешім қабылдаймыз» деп мәлімдеді.
«Бір жағынан, VIII шақырылымда ҚХП парламенттік фракциясы бірқатар заң жобасын көтерген еді, сондықтан жаңа құжатты дайындауға біздің депутаттарға қосымша уақыт қажет болады. Екінші жағынан, біз болмасақ кім деген сөз бар ғой. Біз «Шетел агенті туралы» заңның маңызын және қажет екенін жақсы түсінеміз», — деп мәлімдеді ҚХП. «Ұсынылатын құжат сөз еркіндігі мен ақпарат таратуды еш шектемейді», керісінше «келетін мәліметтерді оңтайлы талдауға» мүмкіндік береді деп сендірді.
«Одан гөрі маңызды мәселелер бар»
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның фракция жетекшісі, депутат Асхат Рақымжанов өзі де, әріптестері де бұндай заң жобасына бастамашы болмаймыз деп мәлімдеді. Егер мәжілісте қарастырылатын болса, жұмыс тобына қосылады.
«Бұл заң жобасын мұқият бақылауға алу керек, өзім қолдамайтын кейбір сәттері бар, бүкіл фракция қолдамайды деп ойлаймын», — деді Рақымжанов «Власть» тілшісіне берген пікірінде.
Социал-демократтар қай тұсын мүлдем қолдамайды деген сұраққа ол бұның «адамдарды немесе халықаралық ұйымдарды қудалауға мүмкіндік беретін, әлдебіреулердің белгілі бір мүддесін қолдайтын құралға айналатын ауытқымалы нәрсе» екенін айтты. Бірақ, оның ойынша, бұның басқа жағы бар — ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ұлттық мүддені сақтау үшін мемлекет қабылдайтын шараларды күшейту.
«Сондықтан қазір біз бұл заң жобасын сөзсіз қолдаймыз немесе қайтарып жібереміз деп нақты айта алмаймын. Оның концепциясын қарау керек», — деп қорытты Рахымжанов.
«Ақ жол» партиясының фракция жетекшісі Азат Перуашев елде шетел агенттері тізімінен гөрі өзекті проблемалар бар деп санайды.
Ол бастаманың азаматтар еркіндігіне кепілдік беретін Конституцияға сәйкестігін тексеру керек, әсіресе Қазақстан азаматтары ұстанымын білдіргенде ешкімді кемсітуге болмайды деген сенімде. Перуашевтің айтуынша, «бұл олардың құқығы». Кім және қайдан қаржы алады дегенге келсек, «мемлекеттік органдар бұл ақпаратты онсыз да жинайды және салық заңнамасы бойынша жариялайды».
«Сондықтан қажеттілік көріп тұрған жоқпыз және бұндай заң жобасын әзірлеуге қатысуды ойлап отырған жоқпыз. Бұл мәселеге өзім сыни қараймын», — деді партия басшысы.
Депутат өзінің ойын білдіріп отырғанын атап өтті, ал фракцияда бұл мәселе әзірге талқыланбаған.
«Бұл аса өткір мәселе деп санамаймыз. Елімізде бұдан да өзекті мәселелер мен проблемалар бар деп ойлаймыз, «Ақ жол» қазір солармен айналысып жатыр. Салық реформасы бар, өндірісті, кәсіпкерлерді, бизнесті, өнеркәсіпті қолдау бар. Бюджетті толтыру, бюджеттің кіріс бөлігін қалыптастыру, экономиканы либералдау мәселелері бар», — деді Перуашев. Өзінің де, әріптестерінің де «шетел агенттерінен» басқа да жұмысы бар деп қорытты.
Басқарушы «Аманат» партиясының фракция жетекшісі Елнұр Бейсенбаев бұндай құжаттың жобасы жоспарда жоқ деді. Бұндай құжат керек пе, депутаттар оны қолдай ма деген сұраққа «заң жобасын көрмей, зерделемей тұрып пікір берудің, оның үстіне фракция позициясын анықтаудың мәні жоқ» деп жауап берді.
«Ауыл» партиясы да депутат Смирнова сауалды тек премьер-министрге жолдағанын, көпшілікке «Шетел агенті туралы» заң жобасының мән-жайы немесе мәтіні жарияланбағанын» айтты.
«Осыған орай «Ауыл» партиясының фракциясы дәл қазіргі кезде осы мәселеге қатысты пікір бере алмайды немесе белгілі бір позицияны ұстана алмайды, себебі ресми тұжырымдама немесе заң жобасы әзірге жоқ», — деді партия.
«Ауыл» заң жобасына қатысты түпкілікті ұсыныстар мен жұмыс нәтижесін күтуі қажет, содан кейін «фракция осы мәселені толық талқылауға және негізі бар шешім қабылдауға дайын болады». Сонымен қатар «кез келген заңнама қоғам мүддесіне және азаматтар құқығына сәйкес болатынына кепілдік беру үшін бастама мұқият бағалануы керек» деп атап өтті.
Әріптестерінің бастамасына қандай да бір пікір беруден бас тартқан жалғыз парламенттік фракция — өзін бизнестің озық партиясы деп көрсететін «Respublica» болды. Фракция жетекшісі Айдарбек Қожаназаровтың баспасөз хатшысы және көмекшісі сауалды жауапсыз қалдырды.
Поддержите журналистику, которой доверяют.