Ақын, аудармашы және деректі режиссер Тілек Ырысбек 2021 жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесінен келген қазақтар туралы бес деректі фильм түсіріп, YouTube арнасына жариялады. Былтыр Қарақалпақстаннан келген қазақ әйелі туралы «Динаның арманы» және әлімжеттікке тап болған «Динаның балалары» туралы тағы екі фильм түсірді.
Дина төрт баласын асырап отырған жалғызбасты ана, оның екеуінің мүгедектігі бар. Бірінші баласы мектепте әлімжеттік көріп, қазір мүгедектігі бар бала ретінде үйден оқиды. Дина мешіт берген кішігірім үйде тұрып жатыр, жиырма жыл өтсе де, әлі Қазақстан азаматтығын ала алмаған.
Тілек Ырысбек те кейіпкерлері секілді тарихи отанына қоныс аударған қандас. Сол себепті шығармаларында әрдайым Отан, бейімделу және ұлттық болмыс тақырыбын көтереді.
«Власть» режиссермен неліктен осы тақырыпты таңдағаны, кейіпкерлерімен қалай жұмыс істегені жайында сөйлесті.
«Оралман куәлігін алу үшін келген жоқпын»
Назерке Құрманғазинова: Деректі фильм тақырыбын қалай таңдадыңыз? Кейіпкерлерді қалай таптыңыз?
National Geographic ұйымдастырған фотограф Серік Мұқыш жетекшілік еткен деректі фото курсына қатысқан едім. Сол кезде кейіпкер ретінде шыңжаңдықтарды іздеп, бір ақсақалдың үйіне бардым. Сөйтсем ол Шамалғандағы Сокол саяжайында тұрады екен. Деректі фотоларды түсіріп болып, такси, автобус күтетін тұраққа бардым. Сол жерде топырлаған бала тұрды. Сөмкелері жерде жатыр. Қыз балалар қолына кітап ұстаған. Балалар асық ойнап отыр. Ұялы байланыс жоқ.
Қасымдағы кісіден сұрасам, «Бұл мектепке апаратын автобус күтіп тұрған балалар ғой, бізде [саяжайда — В.] мектеп жоқ, бәрі осылай барады», — деді. Мен оларды суретке түсіре бастадым.
Бірінші келген автобус сол жерде бұзылып қалды. Оны жөндегенше екінші автобус келді. Балалар екі автобусты толтыра мінсе де, сыймай қалғандар болды. Тура көз алдымда бір бала ашуланып келіп, сөмкесін жерге атып ұрды. Ол автобусты кемінде екі сағат күтіп отырды. Бір қыз автобусына сыймай қалып, жылап жіберді де үйіне қайтты.
Сэмюель Беккеттің «Годоны тосу» абсурд театрына ұқсайтындай көрінді — олар автобустың қашан келетінін білмейді. «Автобус қашан келеді?» деп сұрасаң, «Білмеймін, қазір келеді», — деп жауап береді.
— Оны кім айтты?
— Күнделікті осылай келеді, нақты қашан келетіні белгісіз, әйтеуір келеді, — дейді.
Автобустың артынан жүгіріп бара жатқан балалардың суреті бар. Ауыл мектебінің адамның тұлға ретіндегі орнын қалай өлтіріп жатқанын көрсететін деректі фильм түсіруді ойлай бастадым. Бізде керемет жетістіктерді ғана көрсетеді. Әрине, ауылдардың дамығаны жақсы. Алайда осындай жағдайда өмір сүретін адамдар тағдырының айтылмауы және айтылудың өзін проблема көру, меніңше, қоғамдағы еркіндіктен қашудың көрінісі. Ал еркіндіктен қашу деген — қорқыныш, тәуекел ете алмау, сөйтіп тоталитар қоғамға айналу.
«The Most Dangerous Ways To School» деген түрлі шалғайдағы ауылдардағы қиындықты көрсететін деректі сериал бар. Ал бұл ауыл Шамалған, Алматының іргесіндегі, автобуспен 40 минутта баруға болатын жер. Сондай жердің өзінде адамдардың құқығы аяққа тапталып жатыр.
Алмас Қайсар: Динаны қалай таптыңыз?
Балаларды түсіріп болғаннан кейін такси жүргізетін кісілермен әңгімелестік. Сол кісілер Дина туралы айтып берді, оған мешіттен үй берілгенін, 20 жыл бойы азаматтық ала алмай жүргенін айтты.
Ол кісі фильмге түсуге бірден келісті. Оның қайсарлығына таңғалдым. Қорқыныш жоқ. Соңғы үміті бар. «Жоғалтатын ештеңем жоқ» деді ол.
Кейін оның балаларымен сөйлестім, олардың сөзінше, анасы туған жері туралы көп айтады. «Бір күні сендерді туған жеріме апарамын, сол кезде ол жердің қандай керемет екенін көресіңдер» дейді екен. Түнде балаларына әңгіме айтқанда туған жері туралы ертегідей айтып береді.
Ол сезімді өте жақсы сеземін. Туған жерге деген сағынышты, топырақты, өзіңнің осы әлемге де, ана әлемге де тиесілі емес екеніңді сезінуден асқан бақытсыздық жоқ.
Мен Динаның күйін сеземін, түсінемін, өйткені мен де осы қоғамға да, Шыңжаң қоғамына да тиесілі емес екенімді сеземін. Бір кешкен өзенді екінші рет кеше алмайсың. Палестина халқының тағдыры сияқты. Сенің үйің жоқ, бұрынғы үйіңе барсаң, ол сенің қазіргі үйің емес, өткен шағың.
Н: Бұл фильмде бірнеше мәселе қозғалады, соның ішінде шетелден келген қазақтардың бейімделу мәселесі бар. Сіздің бұрынғы фильмдеріңізде де көтерілген мәселе. Содан бері әлі шешімін таппады ма?
Бұл мәселе әлі шешімін тапқан жоқ. Шерзат Полаттың (былтыр қазанда кісі қолынан қаза тапқан жасөспірім - В.) оқиғасынан кейін көбі тіпті келгісі келмейді. Ол жақтағы қазақтар мына жағдайды көрді ғой. Бұл олардың Қазақстанға келуге деген үмітін сөндіріп жатыр. Осы жағынан қатты қапаланамын. Тоқаевтың мәлімдемесі (Тоқаев Шерзаттың отбасына көңіл айтып, Отанына оралғандар Қазақстанның заңына бағынуы тиіс деді – В.) қатты әсер етті.
Өткенде «Мәди in China» деген фильм шықты. Бұл фильмнің мақсаты — шетелден келген қазақтардың проблемасын көрсету емес, сол проблеманың өзектілігін пайдаланып, көбірек ақша жинап алу. Экзотика етіп көрсету. Қытайдан келген қазақтар салақ деген сияқты әзілдер. Антагонистердің рөлі арқылы бүкіл таптаурын көзқарасты үйіп берген. Мұның бәрі әлі ештеңе өзгермегенінің көрінісі.
Бізге қатал қарағандар Ресейден келген мигранттарға келгенде тым сыпайы. Бұл қандай психология екенін түсінбеймін. Оралмандар туралы фильмде ол рөлді оралман ойнамайды.
Негізі «оралман», «қандас» уақытша атау болуы керек деп ойлаймын. Бір-екі жылдық статус. Куәлік алғаннан кейін Қазақстан азаматы болуың керек.
Мен оралман куәлігін алу үшін келген жоқпын. Көшіп келгеніме 20 жыл өтсе де, әлі күнге дейін бұл мәселе өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Н: Фильмге қайта оралсақ, Динаны түсіргенде олармен бірге тұрдыңыздар ма?
Біз ол жаққа таңғы сағат 3-4-те барып, кешкі 9-10-дарда үйге қайтып жүрдік. Негізі менің өз тәсілім бар. Кейіпкерлерге «Дайындық жасаймын, камераға үйрене беріңіздер» деймін. Олар шынайы болып жүре береді. Басында барып сөйлесемін. Симметрия, композицияны қойып, бәрін бір ережелерге сай қоятын қатал режиссер емеспін.
Кейіпкерлермен сырласқанды жақсы көремін. Әңгімелескеннен кейін жақын досың сияқты болып кетеді. Сосын олар менен қашан түсіретінімізді сұрағанда, әлдеқашан түсіре бастағанымды айтамын. Дайындалмаған күйі, шынайы болғаны керек.
Біз бұл деректі фильмде аудандық білім беру басқармасына және Іле ауданындағы Ақсай ауылдық округінің әкімшілігіне арнайы ресми хат жолдадық. Сөйтсек, олар 2025 жылы мектеп салу жоспарланбағанын және ауыл мәртебесі берілгеннен кейін ғана жоспарланатынын айтып, ондай мәртебенің қашан берілетіні белгісіз деп мәлімдемеді.
Екінші мәселе — балаға әлімжеттік жасалғанын мойындаған жоқ. Мойындағандай болған, баланың мойнына таяқ тиіп кетті, полицияға айыппұл төледі деген түбіртектер келген, басқа балалардың ата-анасынан түсініктеме алынды деген. Бірақ Дина айтқандай әлімжеттік болғанын мойындап тұрған жоқ.
Сол хатты күтіп, фильмнің шығуын кешеуілдеттік. Фильмнің нәтижесінде 2025 жылы Соколовта ешқандай мектеп салынбайтыны, ауыл мәртебесі әлі берілмейтіні белгілі болды.
Неге мектеп ашылмайды? «Қазақстан халқына» деп үлкен қор ашты. Бұл шалғайдағы ауыл емес, үлкен капиталы бар, Алматының іргесіндегі ауыл. Ол жерде 2800 адам тұрады. Тіркелмегені қанша?
«Дина бір күн жұмысқа шықпаса, балалары аш қалады»
А: Қанша уақыт түсірдіңіз?
Фильмді екі ай — күзде және көктемде түсірдік. Фильм түсіргенге дейін фотолар түсірдім, кейіпкерлермен сөйлестім. Таза түсірілімге екі аптадан аса уақыт жұмсадық. Кейде ауа райына байланысты түсірілім созылды. Монтаж уақыты бар.
Біз түсірілімді шаршап бастап, шаршап аяқтаған кезде, Динаның жұмыс уақыты енді басталатын. Біз таңертең барамыз, ол екі сағат ұйықтайды, одан кейін тұрып, балалардың тамағын береді де, түскі төртте жұмысқа шығады.
Түсірілімнен кейін Динамен автобусқа отырамыз. Төрт сағаттық жол. Бір кездері ол кісімен бірге автобуста ұйықтап қалдым. Бірде шыдамай жолдан түсіп қалып, жаяу жүрдік.
Сол кезде Дина жұмысқа кешігіп қалдым деп жүгіріп кетті, ал бізде оның артынан жүретін күш жоқ. 20-30 жастағы жап-жас жігіт бола тұра, шаршап қалдық. Ал Динаның жұмысы енді басталады.
«Мен жұмысқа шықпасам, мына балалар аш қалады», — деді Дина. Жауапкершілік алатын оның басқа адамы жоқ.
Бұл сұмдық кадр болды, мен фильмді сонымен бітіргім келді.
Түсірілім психологиялық тұрғыда да, этикалық, физикалық тұрғыда да ауыр болды. Дина — темір адам. Таңдауы жоқ, бір күн жұмыстан қалса, балалар аш қалады.
А: Жалпы саяжайлардағы жағдай үлкен проблема. Олар мемлекеттің әлеуметтік саясатынан, назарынан тыс қалған секілді. Сізге сол жағын жеткізу маңызды болды ма?
Мен саяжай мәселесін кейіпкерді іздеп барған кезде бірінші рет көрдім. «Саяжайдың балалары» деген Азаттықтың репортажын көрдім. Мен барғанда балалар автобусының жүргізушісі ашуланып: «Қанша журналист келді, біреуі де шеше алған жоқ», — деді. Мұндай саяжай бар екенін бірінші рет көрдім. Мысалы, мен Қытайда шекарадағы алыс бір ауылда тұрдым. Миллиардтан аса халқы болса да, бізде мектептен қиындық болмаған.
А: Фильмді түсіру қаражат жағынан қиын болған жоқ па?
«Қазақфильмдегі» киноқор кемінде жиырма миллион беретін болса, біз екі фильмге бес есе аз ақша жұмсадық. Бес миллионға да жетпейді. Бюджет аз, бірақ біз өнер жасаймыз, адамдарға көмектесеміз. Бюджет маңызды емес, екі жарым мың теңгеге музейдің камерамасымен деректі фильм түсірген кез де болған.
А: Сізге фильмді әлемдегі фестивальдерде көрсету маңызды ма?
Негізі фестиваль дегеніміз — трамплин. Киноның көп көрілуіне, жарнамасына әсер етеді. Сондықтан фестивальді бір фильмнің болашағы ретінде қарауға болады. Жақсы фестивальдерге өтетін болса, трамплин секілді секіреді де, келесі фильм түсіруіне, фильмнің таралуына өте жақсы әсер етеді. Ол туралы Қазақстанда да жаза бастайды.
Бір түсінгенім, тәуелсіз кино деген — өте абстрактілі ұғым. Тәуелсіз деректі фильм түсіру үшін бәрібір фестивальге жұмыс жасайсың, фестиваль тақырыбына сай келетін тақырыптарды қамтып кино түсіресің. Фестивальдің кемшілігі — үш жыл сенің деректі фильміңді он шақты адамнан басқа ешкім көрмейді. Фильм үш жыл фестиваль аралап жүреді, жүлде алуы да, алмауы да мүмкін. Үш жылдан кейін фильмнің өзектілігі жоғалып кетуі мүмкін. Ол жерде көтерілген адам тағдыры мәселесі көтерілмей қалуы мүмкін. Этикалық дилеммаларды айтпағанда.
Ал «жоқ, мен тәуелсізбін, деректі фильмді YouTube-қа саламын, өз-өзіме жұмыс істеймін» десең, онда YouTube алгоритміне тәуелдісің. Бір кезде ол миллиондаған адамға көрсетеді, бір кезде 1040 адамға ғана көрсетеді.
Бірақ мен таңдаған деректі фильмдердің түрі — media documentary, яғни шынайы ақпаратты тарату. Мұндай фильм жарыққа шыққаннан кейін оның тағдыры бітпейді, оның тағдыры басталуы керек. Біз Динаның мәселесі бойынша Қазақстандағы Адам құқығы мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроға хабарластық, көмектесемін деген адамдарға шотын көрсеттік, құжат рәсімдеуге Өзбекстан елшілігіне бірге бардық. Болашақта жалғастыруға талпынып отырмыз. Бұл бағыт заманауи ақпарат құралдары арқылы деректі фильмнің келесі тынысын ашу, сол арқылы кейіпкерге көмектесуді де көздейді. Шыңжаңдықтар туралы деректі фильмдердің біріндегі «Жұмагүлдің әлемінде» де медианың көмегі арқылы кейіпкердің азаматтық алуына мұрындық болдық.
Деректі фильмдерде әр кезде этикалық дилемма болады. Роберт Флаэрти деген атақты режиссердің «Солтүстіктегі Нанук» деген деректі фильмі бар. Пайдалы қазбаларды іздеу үшін Канадаға барған режиссер эскимос Нанук пен оның отбасын көріп қалады, содан кейін солардың өмірін таспалайды. Көбіне қойылымдық үлгілерді пайдаланады. Режиссер Нанукты түсіріп болғаннан кейін кетіп қалады, бірақ кейін Нанук аштан өліп қалады. Кейбір деректер бойынша, ол бүкіл энергиясын фильмге беріп, өзіне қажетті қыстық қор жинай алмапты.
Дәл сондай Сергей Дворцевой өзінің кинодан кету себебін былай түсіндіреді: кезекті бір деректі фильмінің түсірілімінде зағип кісіні бақылауға алып отырған кезде көшеде бұзақылар келіп тиісе бастаған. Сол кезде режиссерде екі таңдау тұрады: кадрды сақтап қалу немесе адам өмірін сақтап қалу. Егер адамға көмектесетін болсаң, оның өмірінде сондай нәрсе болатынын, оны көшеде келе жатқанда біреу ұрып кетуі мүмкін екенін ешкім білмей қалады. Ал түсіретін болса, оны ұрғанын қарап тұрады. Осындай этикалық дилемма көп.
Н: Осы фильмді түсіргенде сіз сондай этикалық дилеммамен бетпе-бет келдіңіз бе?
Киносыншылар мен режиссерлерді дүр сілкіндіретін кадрлар болды. Мысалы, Динаның баласы: «Мен солдат боламын. Солдат болғанда ағамды ұрғандарды жазалаймын», — дегенді жерге басы салбырап, жылап айтып отырды. «Ағам балалар жабылып жатқан кезде, сен неге көмектеспедің деп тиіседі», — дейді. Ол екінші сынып оқитын бала. Ана баланың жүрегінде үлкен жара қалды. Авторлық кинода ең кәсіби актердің өзі анау эмоцияны шығара алмайды.
Бірақ ол баланың болашағы бар, сыныптастары, достары, мұғалімдері бар. Оның сүмірейіп тұрғаны болашақ үшін үлкен травма болуы мүмкін деп фильмге қоспадым. Біз толықтай балалар түскен кадрларды алып тастадық, тек ата-ана рұқсатымен маңызды болған соң, кейіпкердің балаларын түсірдік. Көрсетпесек, әлімжеттік туралы видео шықпас еді. Саяжайдағы басқа балалардың ешбірін көрсетпедік. Әйтпесе кішкентай қыздың «бізге автобус керек, ағалар» деген видеосы бар. Оны пайдаланған жоқпыз.
Жалпы әлімжеттіктің табиғатын шешесі арқылы көрсетуге тырыстық. Дина түнде балаларының жанында бола алмайды, өйткені жұмыс істейді. Алты сағат жолда, 12 сағаты кешкі 8-ден таңғы 8-ге дейін жұмысқа кетеді. Балаларымен төрт сағат уақыт өткізеді. Таңертең балалар өздері от жағады.
Деректі фильмде субалтерн топтардың дауысын жеткізуге талпындым. Өзіме жақын тақырып әрі өзім де субалтерн топ өкілімін. Өміріме қатысты болғаннан кейін де шығардым. Айтуға хақым бар деп есептеймін. Бір нәрсені түсіндім — жауыздық қалыпты нәрсеге айналып кетіпті. Өткен шақпен жауыздықтың табиғатын түсіндіре алмайсың. Зорлық-зомбылық сахнасы болмаса, оған қатысты эмоция тудыра алатындай көрсете алмайсың. Бұл әлемнің проблемасы.
Біздің қоғамда жанашырлық эффекті әлсіреп кеткен. Шерзаттың оқиғасын, ата-анасының алдында баласын бауыздап тастағандарды көрдік. Айғайлады, шулады, көтерді, бірақ мемлекет қалай жауап қайтарғанын көрдіңіздер. «Оралмандар Қазақстан заңына бағынып жүрсін» деді.
Біз осы фильмдегі кадрларды Tiktok желісіне салдық, адамдарға қызық емес, өтпейді. Қатігездіктің шыңына шығып кеткен. Қалыпты нәрсеге айналып кетті. Украинадағы соғыста небір қатігездікті көрдік. Соғыс та қалыпты нәрсеге айналып кетті.
Н: Кейіпкерге көмектесуді мақсат тұтасыз ба?
Деректі фильм түсіруге сезім әсер етеді. Шетелден келген қазақтардың Қазақстан қоғамында әлеуметтене алуы және осы қоғамдағы мәселелер — менің негізгі тақырыбым. Неге ол адам азаматтық ала алмай қалды? Бюрократия, жемқорлық, немқұрайлық сияқты жағдайлар.
Қарақалпақстаннан келген әйел ішімдікке құмар, патриархал санамен өмір сүретін адамға үйленеді. Онымен заңды некеге тұра алмайды. Бала туады, мал бағады, ақысы желінеді, құжатын біреуге беріп, оны жоғалтады. Бұл Қазақстанда көп кездесетін оқиға, адамның тағдыры.
Н: Фильмнің үшінші бөлімін түсіруді қашанға жоспарлап отырсыз?
Иә, «Динаның арманы» әлі аяқталған жоқ, үшінші бөлімді түсіреміз. Қарақалпақстанға барып, Динаның арманы орындалған сәтін — әке-шешесінің басына барып, құран бағыштап, құрбандық шалғанын көрсеткіміз келеді. Оның бәрін қайта монтаждап, толықметражды деректі фильм етіп шығарғымыз келеді.
Бірақ ары қарай түсіруіміз Динаның жағдайына байланысты. Динаны Қарақалпақстанға жіберсе, түсіре аламыз. Түсірілім барысында оны ұстап кетуі мүмкін, не арманы орындалуы мүмкін. Тым пессимистік көңіл-күйге түсіп кетуге болмайды, адам бар жерде үміт бар. Фильмнен кейін үлкен дүниелер болып жатыр. Динаның тағдыры Жұмагүлдің (Шыңжаңнан келген әйел, деректі фильмдегі кейіпкер) тағдырындай жағымды жаққа өзгерсе, ұжымның жетістігі болады деп есептеймін.
Поддержите журналистику, которой доверяют.