2629
6 марта 2025
Дмитрий Мазоренко, Жанар Каримованың фотосы

Әлия Тілегенова, Paperlab зерттеушісі: «Қазақстанда ешкім демократияның қажеттігін жоққа шығармайды»

Қазақстандықтардың саяси құндылығы қандай және неліктен көпшілік елдің демократия жолымен жүргенін қалайды?

Әлия Тілегенова, Paperlab зерттеушісі: «Қазақстанда ешкім демократияның қажеттігін жоққа шығармайды»

Қазақстандықтардың саяси көзқарасы жұрт ойлағандай қарапайым емес. Азаматтар авторитар принциптерді қолдауы мүмкін, бірақ сонымен қатар демократияның қажеттігін жоққа шығармайды. Әлеуметтік мемлекетке де сұраныс бар, сондай-ақ халықтың бір бөлігі биліктің масылдық туралы пікірімен келіседі.

2024 жылы қазақстандықтардың саяси құндылығын білу үшін жаппай сауалнама және фокус топ өткізген Paperlab орталығының зерттеушілері осындай қорытындыға келді.

«Власть» тілшісімен зерттеу нәтижесі туралы әңгімелескен автор, саясаттанушы Әлия Тілегенова озық көзқарас тек жастарға, әйелдерге және қала тұрғындарына тән немесе консерваторлар әйелдер құқығына, еркектердің үй шаруасына көмектесуіне үзілді-кесілді қарсы деп айту қиын дейді.

Алдымен неліктен мұндай зерттеу жүргізгеніңізді білгім келеді.

Біз қазақстандықтардың саяси құндылығы күрделі екенін көрсеткіміз келді. Әлеуметтік топтар арасындағы құндылық айырмашылығы бір-біріне мүлдем ұқсамайтынын көрсетуді көздедік. Осы зерттеу арқылы шынайы жағдайды айқын ете түссек те, бәрібір ол адамдардың сан қырлы екенін, біртекті емес екенін белгілі бір шамада ашып көрсетеді.

Қанды Қаңтарға дейін 30 жыл тәуелсіздік кезеңі қазақстандықтардың есінде қалай қалғанын зерттедік. Елде қандай саяси өзгеріс болғанын қалайтынына қатысты нақты түсінік жоқ екені таңғалдырды. Көбінде Қазақстанға жақсы өмір үшін әлдебір дұрыс реформа керек деген құбылмалы түсінік болды.

Бірақ Қанды Қаңтардан кейін билік саяси жүйенің ашықтығы, саясат кеңістігін кеңейту қажеттігі, плюрализмге жету туралы айта бастады. Бұл халықтың билікке қатысты талабынан да көрініс тапты. Қоғамның қысымының арқасында мемлекет мойынсұнып, осыны бірнеше жыл бойы айтып келді. Ал қазір пікірталас мүмкіндігі азайып бара жатқанын көріп отырмыз. Алайда қоғамның саяси талаптары әлі де бар. Бізге соны зерттеген қызық.

Алмас Қайсардың фотосы

Бізде шынымен енжар және саясаттан алыс қазақстандықтар туралы миф қалыптасты. Бірақ сіздер жүргізген зерттеу басқаша көрсетіп отыр.

Біз бұл мифке қарсы шығуды көздеген жоқпыз. Paperlab Demoscope ұйымымен бірлесіп қоғамдық пікірге тұрақты түрде сауалнама жүргізді, соның ішінде Қаңтар оқиғасы мен Украинадағы соғыс туралы сауалнамалар да бар. Сауалнама жүргізгенде қоғам бір-біріне қайшы екі лагерьге бөлінетінін байқадық. Қазақстан қоғамы қаншалықты жікке бөлінген деген сұрақ туды. Азаматтардың саяси құндылығына қатысты бізде белгілі бір түсінік болмағандықтан, бұны зерттеу қиынға соқты. Сондықтан оны зерттемек болдық.

Қазақстан қоғамы орта тұста, яғни саяси координаттың сол және оң өсінің аралығында тұр деген жалпылама болжам болды. Адамдардың саяси қалауында жасы мен медианы тұтынуына байланысты елеулі айырмашылық болады деп ойладық. Сосын қазақстандықтардың көзқарасына сәйкес келетін үш саяси өлшемді бөліп алдық, солардан негізгі алты кластерді шығардық: озық реформаторлар, авторитар лоялистер, этноцентрист консерваторлар, тұрақсыз абсентеистер, күмәншіл конформистер мен либерал прагматиктер.

Әйтсе де, зерттеу мәтінінде қазақстандықтардың саяси құндылығын нақты жіктеу қиын депсіз. Себебі неде? Азаматтардың түрлі тобын айқындайтын бұқаралық саясат институттарының болмауынан ба?

Біз осы зерттеуді бастағанда сауалнама құру, жаппай сауалнама жүргізу және кластерлеуді қай теорияға сәйкес жасаймыз деген тұста тоқтамға келу қиын болды. Рональд Инглхарттың «Құндылықтар картасын» және басқа да құндылық теорияларын алуды ойладық. Алайда бұл модернизация теориялары бізге сәйкес келмейтіндей көрінді.

Біз солармен толықтай келісіп, оны қазақстандық контекске көшіріп алғымыз келген жоқ. Үлкен теориялар оңайлатылғанына және түсінікті болғанына қарамастан, оларда батыстан өзге елдерге келгенде алшақтық бар. Оның үстіне Инглхарт теориясының негізінде Қазақстанда бұған дейін бірнеше сауалнама жүргізілді.

Біз азаматтардың көзқарасы біркелкі емес екенін көрсететіндей, олардың саяси бағдарын түсінікті жеткізетін басқа тәсіл іздедік. Түрлі теория мен зерттеуді қарадық. Мысалы, шектеулер теориясы, онда медицинаға көп шығындалуды қолдайтын адам автоматты түрде білім шығыны да жоғары болғанын жақтайды. Бірақ үнемі солай бола бермейді. Экономикалық және әлеуметтік-мәдени мәселеге келгенде қоғамның пікірі айнымалы болуы мүмкін. Адамдар шынымен де ойынан жиі айнып отырады.

Элита әлеуметтік маңызды проблемаларға қатысты нұсқауларды қалыптастырады, сосын оны бұқараға таратады, ал көпшілік оны қабылдайды деген теория көп. Саясаттан хабардар және оған қызығатын адамдар элитаның құндылықтар құрылымын қайталайды. Ал саяси дискурсқа қызығушылығы жоқ адамдардың саяси бағдары ала-құла болады. Қазақстанға осы сәйкес келетін сияқты. Билік өкілдері әлеуметтік мемлекет құрып жатырмыз деп те, бизнесті қолдаумен айналысып жатырмыз деп те мәлімдеп жүргенін көріп жүрміз. Әйтсе де, бұл принциптер бір-біріне қайшы келуі мүмкін.

Сондықтан біз саяси бағдарды экономикадағы, саясаттағы және әлеуметтік-мәдени бағыттағы белгілі бір негізгі мәселелер арқылы қараймыз деп ұйғардық. Қазақстанда азаматтардың саяси көзқарасын анықтау үшін көбінесе экономикалық және әлеуметтік-мәдени өлшемдер қолданылады. Бізге бұны мықты көшбасшыны қолдау, билікті орталықтандыру немесе орталықсыздандыру туралы, бейбіт жиын құқығы туралы тікелей сұрақтармен толықтыру маңызды болып көрінді.

Алайда ауқымды сауалнама жасауға шектеу көп болды. Біз оның ауқымын тарылтуға мәжбүр болдық, өйткені телефон арқылы сауалнама жүргіздік, ол әдетте бес минуттан ұзаққа созылмайды.

Жанар Каримованың фотосы

Қазіргі кезде адамдардың саяси құндылығы қалай қалыптасады? Сіз, мысалы, олар саясатта күн тәртібінде тұрған нәрселерді БАҚ арқылы қадағалайтынына көңіл бөлдіңіз. Пікір қалыптастыруда бұл фактордың маңызы қандай?

Кесіп-пішіп айта алмаймыз. Айталық, өзінше өмір сүруге, саясатқа араласпауға тырысатын күмәншіл конформистердің арасында жаңалықтарға, елдің саяси өміріне көңіл бөлетіндердің үлесі мейлінше аз. Демократия принциптерін қолдайтын, саяси реформаны талап ететін озық реформаторлардың жаңалықтарды ылғи қадағалап жүретіндер арасындағы үлесі ең жоғары.

Авторитар лоялистер арасында да жаңалықтарды қадағалаушылардың үлесі көп болды, бұл да қызық жайт, олар өзін саяси режимнің бөлшегі деп көріп, теледидардан жиі сөйлейтін биліктің дискурсына тиесілі екенінен сезетін болса керек.

Зерттеуіміздің екінші кезеңін бастап, бірақ уақытша тоқтаттық, ол демократияны немесе статус-квоны қалауға қандай саяси құндылықтар әсер ететінін айтпаса да, қазақстандықтар демократиялық өзгерістер жолында қандай құрбандыққа дайын екенінен хабар берер еді. Эксперимент парламент сайлауын симуляциялаудан тұрды, сол арқылы біз әр кластер қазіргі режимнің стилистикасын қайталайтын партияның орнына реформаторлық және демократиялық ниеті бар партияға дауыс беруге қаншалықты дайын екенін байқағымыз келді.

Бұл бізге қоғамның реформистік бағытты қолдауы қаншалықты күшті екенін түсінуге мүмкіндік берер еді. Ол күшті болмағанның өзінде, Қазақстандағы түрлі саяси топтардың қаншалықты бірауызды екенін, принциптерін қорғауға қаншалықты дайын екенін көргіміз келді.

Сіз респонденттер арасында озық реформаторлар көбірек деген қорытындыға келдіңіз. Бірақ қалған саяси топтарды біріктіретін болсақ, озық көзқарастағы адамдар азшылық болып қалады екен. Әлде әр топтың ішінде көзқарастар айтарлықтай ауытқып тұратындықтан бұлай айтуға болмай ма? Кейде авторитар лоялистердің өзі де жалпы алғанда әкімдердің сайлануына қарсы емес болып жатқанда бұл байқалып қалады.

Лоялистер көзқарасы шынымен қазіргі биліктің көзқарас қайшылығын көрсетеді. Олар әлемге ашық, бірақ өзіміздің ұлттық құндылығымызды және мәдениетімізді сақтауымыз керек дейді. Немесе отбасы құндылығын қорғау керек дейді, сонымен қатар әйелдердің еңбек нарығына араласуына немесе саясатқа қатысуына қарсы емес.

Экономикаға қатысты да осы бағытпен келе жатыр. Олар бизнес жүргізуге жағдайды жеңілдететін бағдарламалардың да, еңбекпен қамтуға көмектесетін бағдарламалардың да ашылуын атай отырып, мемлекетті тұрақтылық пен молшылықтың негізгі кепілі деп көреді. Бұның бәрі бір-бірін жоққа шығармайтын, бұлыңғыр центристік тұжырым.

Сонымен қатар лоялистер билік өкілдері есеп беруге міндетті екенін жоққа шығармайды. Орталықсыздану Қазақстанды дамытуға қажет дұрыс бағыт деген көзқараспен келіседі. Олар митингілерден қауіптенеді, алайда митинг өткізуге тыйым салу керек деп те кесіп айта алмайды.

Әйтсе де олар авторитарлық бағытты қатаң ұстанатынын, жүйелі түрдегі өзгерістерге қарсы екенін көріп отырмыз. Фокус топтарда сөйлескенімізде, олар Қазақстанға өзгеріс керек дегенді мейлінше сирек айтты.

Біздің зерттеуімізде өте бірізді болған жалғыз кластер — реформаторлар. Мысалы, экономикалық және саяси теңдік туралы әңгіме қозғалса, олар көндігуге дайын емес.

Біздің зерттеуіміздегі орта кластерлер — күмәншіл конформистер, либерал прагматиктер және этноцентрист консерваторлар кейбір мәселелер бойынша демократиялық бағытты ұстанса да, саяси жүйенің либералдануына толықтай келіспейді. Олар адамдар митингіге шығып, әлдене талап еткенін қаламайды. Кейбірі демократия ЛГБТИК+ адамдар құқығының кеңеюіне әкеледі деп қауіптенеді.

Қайшылық болуы кез келген қоғам үшін қалыпты нәрсе. Бірақ біз адамдардың демократия әмбебап игілік деген идеядан бас тартпайтынына қуандық. Халық тарапынан негізгі демократиялық институттарға анық сұраныс бар. Мемлекет демократиялану туралы әңгімені ылғи шетке ысырып қоюға шақырып жатқан заманда бұл маңызды тенденция.

Әр топ демократияны өзінше түсінуі мүмкін бе? Әлде сіз сұрақты белгілі бір жолмен құрастырып, олардың түсінігін бір ізге салуға тырыстыңыз ба?

Зерттеуіміздің соңғы бетінде респонденттерді кластерлерге жіктеу үшін пайдаланған сұрақтар тізімі келтірілген. Саяси спектрді үш сұрақ арқылы анықтадық: Қазақстанға күшті көшбасшы керек пе, жоқ па? Мемлекет адамдардың бейбіт митингіге құқығын қамтамасыз етуі керек пе, жоқ па? Азаматтар облыс әкімін өзі сайлауға құқылы ма, жоқ па?

Сонымен қатар фокус топтардан демократия туралы сұрадық. Қазақстанға демократия керек пе, жалпы «демократияны» қалай түсінеді, соған жауап беруді сұрадық. Бәрінің демократияға берген анықтамасы бірдей деуге болады. Бұл — сөз еркіндігі, сайлау еркіндігі, бейбіт жиын еркіндігі және адам құқығына басымдық беру.

Бірақ әр кластер демократия түсінігін өзіне тән үрей мен жалған сенімге бұрып әкетті. Мысалы, еркіндіктің кесірінен ЛГБТ қауымдастық біздің құндылығымызды өзгертеді, болмысымызды бұзады дейтіндер бар.

Респонденттеріңіздің негізгі бөлігі — 20 жастан 40 жасқа дейінгі жандар. Бүкіл әлемде біраз уақыттан бері жастар қарама-қайшылыққа толы тарапқа бөлініп бара жатыр. Аз уақыт бұрын ақпарат құралдары жастарды көбінесе озық деп санап келсе, қазір жағдай күрделі. Мысалы, Германияда өткен соңғы сайлауда олар «Германия үшін балама» әсіре оңшыл партиясына және солшыл Die Linke партиясына шамамен тең дауыс берді. Сайлау нәтижесі туралы емес, құндылықтар туралы айтатын болсақ, Қазақстанда ұқсас тенденцияны байқадыңыз ба?

Зерттеуімізде бөлек қарастыратын озық реформаторлар тобына кіретін адамдар үлкен қаланың жастары деген ой қалыптасады. Шын мәнінде олай емес. Бізге тек жастар ғана озық ойлы деген мифті жоққа шығару қызық болды.

Озық реформаны жақтаушылар тобының орта жасы 41 жас болды. Бірақ жасына қарай жіктелуі шамалас болып шықты: респонденттердің 6 пайызы — 65 жастан асқандар; 15 пайызы — 55 жастан асқандар; 14 пайызы — 18 жастан 25 жасқа дейінгілер. Демек, демократияны қалайтын, теңсіздікті мойындамайтын, өзгеріс күтетін, сондай-ақ экономика тұрғысынан болсын, әлеуметтік-мәдени тұрғыдан болсын, солшыл көзқарастағы алуан түрлі адамдар тобы.

Ең жас топта орта жас — 36 жасқа дейінгілер. Біз оны либерал прагматиктер деп атадық. Олар нарық экономикасын және елді авторитарлық әдіспен басқаруды қолдайды. Есеп беруге міндетті көшбасшыға қарағанда, күшті басшыға келісуге дайын. Әкімдердің сайлануын аса бір маңызды нәрсе деп санамайды. Жалпы алғанда, қоғамға сіңіп кеткен нормаларды құп көреді.

Бірақ олар либерал нормалар үшін күрескісі келмейді. Олардың әлемге көзқарасы меритократиямен сәйкеседі. Оңшыл және консерваторлық идеология өкілдері сияқты олар үшін де қоғамда теңсіздік түрлерінің болуы қалыпты нәрсе. Қоғамда иерархияның болуы да қалыпты. Сондықтан олар қоғамның белгілі бір бөлігінің саясатқа араласпағанын дұрыс деп санайды. Мемлекет басқаруды ең ақылды, күшті әрі дайындығы бар адамдарға береміз дейді. Бұл да жастар арасында байқалатын өте бір қызық тенденция.

Бірақ, жалпы алғанда, батыс демократиясында байқалған ауқымды қозғалысты көріп тұрған жоқпыз. Әйтсе де этноцентрист консерваторлар кластерінің бір қызық тұсы бар, олардың 66 пайызы еркектер. Ал бізде әйелдердің үлесі көп кластер күмәншіл конформистер болып шықты, олардың үлесі 69%. Осы екі кластер әлемге ашық болу және гендер теңсіздігі жағынан бір-біріне қайшы позиция ұстанады. Сонымен қатар, оларда Қазақстандағы саяси жағдайды ұғынуына қатысты айырмашылық бар.

Жанар Каримованың фотосы

Сөз арасында географиялық факторларды қозғадыңыз. Адамның қай жерде тұратыны мен оның озық көзқарасқа қосылуы арасында қандай да бір байланыс бар ма?

Біз осы фактор бойынша адамдардың қалауына қатысты айырмашылық өте аз екенін анықтадық. Қала немесе ауыл болсын, қай жерде тұратынына байланысты адамдардың қалауына қатысты айқын айырмашылық байқаған жоқпыз.

Озық топтың суреттемесінде құрамында білімі жоғары адамдар орта білімділерге қарағанда әлдеқайда көп деп айттыңыз. Бұл жерде білім мен озық көзқарасқа бейімдік арасында қандай да бір байланыс бар ма?

Бұл әлеуметтік зерттеулерде алар үлкен орны бар жақсы сұрақ. Бірақ біз бұған қараған жоқпыз. Алты кластердің әрқайсында қандай да бір сипаттамалар қалай жіктелетініне қарадық. Алайда бір фактордың белгілі бір кластердің саяси сеніміне қаншалықты әсер ететінін көрсететін регрессиялық талдау жасаған жоқпыз.

Ал лоялистер кластері — жоғары білім алуға мүмкіндігі көп болған ең ересек топ, олар мейлінше авторитарлық сенімді ұстанады. Прагматик либералдар кластері де сондай, оларда жоғары білімі бар адамдардың үлесі — 50%. Олар да авторитарлық көзқарасқа бейім.

Кесімді жауап беру қиын. Бұл жерде назар аударуға тұратын тағы бір фактор бар: табыс деңгейі адамның саяси қалауына қаншалықты әсер етеді? Әсіресе экономикаға келгенде оңшыл қағидаға жақын либералдар тобы қызық болар еді. Олардың арасында өзінің жеке басының жағдайына көңілі толатындар көп. Ал озық көзқарастағы адамдар арасында разылық шамасы азырақ.

Жалпы айтатын болсақ, түрлі топтағы адамдарды әлеуметтік мемлекет идеясы шынымен қызықтырады. Сондықтан мемлекеттің масылдыққа қатысты кінәраты орынсыз, себебі азаматтардың негізгі бөлігі мемлекеттің әлеуметтік бағдарды ұстануын теріс көрмейді.

Иә, биліктің өзі үнемі Қазақстан әлеуметтік мемлекет деп мәлімдеп жүр ғой. Сосын айналып келіп адамдарды масыл деп, әлеуметтік жеңілдік, қолжетімді білім мен медицина сияқты негізгі нәрселерді сұрағанына бола кінәлайды. Бұл өзі біртүрлі тұйық шеңбер.

Қоғамның әлеуметтік мемлекетке қатысты талабы бар екені анық, алайда олар әр топта әртүрлі. Әр кластердің ішінде де масылдыққа қатысты түрлі дискурс бар. Бізде мынадай сұрақ болды: мемлекет азаматтардың әл-ауқатына жауапты ма? Жауап бергендердің көбі «иә, бірақ мемлекетке тым үміт артып, масылдыққа салынуға болмайды, қолдау шараларының бәрі атаулы болуы керек» деп жауап берді.

Осыған дейін сіз айтқан нәрселерге сүйенсек, Қазақстанда құндылыққа қатысты ұрпақтар арасында алшақтық бар деуге себеп аз. Алайда, гендерлік алшақтық бар сияқты. Солай ма?

Кесіп айтуға болмайды. Мысалы, біз «әйел мансап пен өзін дамытуға басымдық беруі керек пе, әлде бала бағу мен үй шаруасын атқаруға ма?» деп сұрадық. Сонымен қатар, «әйелдер еркектермен қатарласып саясатқа араласуға қаншалықты дайын, әлде бұл тек ерлердің ісі ме?» деп сұрадық.

Этноцентрист консерваторларды есепке алмағанда, әйелдер өзіне қажет басымдықты өзі анықтауға құқылы дегенмен келіспегендер аз болды. Бірақ консерваторлар нақты бір өмір жағдайы әйелдерді еңбек нарығына шығуға итермелейді, еркектер үйде әйелдер атқаратын міндеттерді орындауға дайын болуы керек дегенді айтты. Олардың ойынша, қазіргі кезде отбасылық өмірді дамыту мен материалдық жағдайды жақсартуды басқа жолмен жасау мүмкін емес.

Саясат туралы сөйлескенде, этноцентрист консерваторлар бұл негізінен ерлердің саласы, себебі әйелдер эмоцияға берілгіш деді. Әлеуметтік өмірге белсенді араласуға олар оң көзбен қарамайды.

Бірақ этноцентрист консерваторлар қазіргі заманда әйелдерді ештеңеден тыйып тастай алмайсың деген де ой айтты. Олардың осы әлсіз тұсын аңғару қызық болды, өйткені олар жаңа әлеуметтік нормалардың кейбірімен келісуге мәжбүр.

Ал кейбір топтар әйелдің құқығы еркекпен бірдей болуы керек пе деген сұрақты дөрекілік деп қабылдады. Олар әйелдің белгілі бір өмір жолын таңдауының өз себебі бар деп біледі.

Алдағы уақытта зерттеу ауқымын кеңейтіп, басында айтып өткен экспериментті аяқтағыңыз келе ме?

Иә, қаржы тауып, жұмысымызды жалғастырғымыз келеді. Әр бағыт бойынша сұрақтар ауқымын кеңейтсек дейміз. Телефон арқылы жасалатын сауалнама түрінде емес, сауалнамаға арналған онлайн платформалар арқылы жасайтын шығармыз. Негізі тұрақты түрде, екі-үш жыл сайын азаматтардың саяси қалауы қалай өзгеретінін өлшеп отырғымыз келеді. Бұндай динамиканы қадағалап тұрудың маңызы бар.