Қазақстанда президент жанындағы Ұлттық қорды басқару кеңесінің қызмет аясын кеңейтуге және нақтылауға дайындық жүріп жатыр. Бұл құрылым мемлекет басшысына республикалық бюджетке берілетін кепілді трансферт көлемі бойынша ұсыныс береді, аса маңызды деген нысандарды және балама қаржы көзі болмаған жағдайда қаржыландырылатын жобаларды анықтайды.
«Власть» сұрағына жауап берген сарапшылардың айтуынша, кеңестің қызмет аясын кеңейту Ұлттық қордың негізгі мәселесін, яғни қоғам алдында ашық болуы мен есеп беру мәселесін шешпейді. Ол аздай, бюджет саясатын шиеленістіріп жіберуі мүмкін.
Жаңа да ескі кеңес
Ұлттық қорды басқару кеңесі сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 2004 жылы құрылды. Құрылымды президент басқарады, ал құрамында президент әкімшілігінің өкілдері, премьер-министр мен оның орынбасарлары, үкімет мүшелері, Ұлттық банк басшылары және Жоғарғы аудиторлық палатаның төрағасы бар.
Кеңестің қызмет аясын кеңейту туралы шешім қабылдауға бюджет тапшылығына орай Ұлттық қордан ақша алу барған сайын артып келе жатуы себеп болды.
2013 жылдан 2024 жылға дейін Ұлттық қордан бюджетке 38 трлн теңге берілген. 2020 жылдан бастап Қордан жылына 4 трлн теңге алынған. 2024 жылы Ұлттық қордан алынған трансферт 6 трлн теңгеге жетіп, бұл он жыл ішіндегі ең жоғарғы көрсеткіш болып шықты.
Ұлттық қордың қаржысын пайдалану үкіметтің жинайтын салығы жоспарға жете алмай келе жатқандықтан артып келеді, бұған қоса экономиканы қолдау, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік міндеттерді орындау және мемлекеттік қарызды жабу сияқты мемлекеттік шығын да артып келеді.
Сарапшылар Ұлттық қордың қаржысын экономикаға салу ойға қонымды ма деген мәселені көтеріп келеді. Олардың бағалауынша, қаржының көп бөлігі тиімді жұмсалмайды. Ресурс ЖІӨ-нің шынайы өсімі, салық түсімі мен жұмыспен қамту секілді нақты нәтижесі жоқ кәсіпорындар мен ұйымдарды қолдауға жұмсалады.
Көп жағдайда бұл Ұлттық қордың ақшасы қайда жұмсалатынын қоғам бақылай алмайтындықтан болып жатыр. Көбінесе президент өз бетінше шешім қабылдайды. Бұған қоса, азаматтар Ұлттық қордың қандай активтен тұратынын және қалай басқарылатынын да жеткілікті біле бермейді.
Ашықтық азая түседі
Экономист Қасымхан Қаппаровтың айтуынша, кеңес туралы заңға енгізілген түзетулер ештеңені өзгертпейді.
«Алқа талқылаған болғанымен, бәрібір соңғы сөзді президент айтады. Бұл кеңес Ұлттық қордың қаржысын сақтап қалу тұрғысында қандай да бір стратегиялық шешім қабылдайды деп ойламаймын. Ұлттық қордың қандай активтен тұруы керектігі мен оның қаржысын қай салаға инвестициялау жөнінде де ештеңені шешпейді», — деп атап өтті сарапшы.
Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов 2022 жылдың желтоқсан айына дейін Ұлттық қордың қаржысы тек қана кепілді және мақсатты трансфертке берілгенін еске салды. Ал облигациялық қарыз, ұлттық компаниялардың акциясын сатып алу секілді басқа тетіктер арқылы алу практикасы 2016 жылдың соңында тоқтаған.
Темірханов 2016 жылға дейін «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» және «ҚазАгро» сияқты мемлекеттік холдингтер облигациялық займ арқылы триллиондаған теңгеге жететін ірі сома алғанын айтады.
«Ұлттық қор — бюджеттің ажырамас бөлігі, бізге ХВҚ мен Дүниежүзілік банк мұны 20 жыл бойы айтып келе жатыр. Алайда Ұлттық қордан облигациялық займ алу жөніндегі шешім қалыпты бюджет процедурасы сияқты емес, астыртын қабылданады. Мұны неліктен парламент бекітетін республикалық бюджет арқылы ашық жасауға болмайды? Осы маңызды сұраққа ешкім жауап бермейді», — дейді ол.
Темірхановтың айтуынша, сарапшылардың өзі облигациялық займ туралы ақпаратқа қиындықпен қол жеткізеді. Өткен жылдан бастап Ұлттық қор бойынша кеңейтілген есеп жарияланбайды. Бұдан былай облигациялық займ туралы ақпаратты Самұрық-Қазынаның аудиторлық есебінен, яғни берілгеннен кейін жарты жыл, тіпті бір жыл өткенде ғана көруге болады.
Қаппаров инфрақұрылымдық жобалардың басталуына орай Ұлттық қорды басқару кеңесінің құрамындағы Жоғарғы аудиторлық палатаның рөлі күшеюі мүмкін деп санайды. Бұл мекеме Ұлттық қордың қаржысы мақсатты түрде және тиімді жұмсалуын мейлінше мұқият тексере бастауы мүмкін, соның ішінде квазимемлекеттік секторға бөлінетін қаржы да бар. Жуырда палата «Самұрық-Қазынаға» сұрау жіберіп үлгерді.
«Бұл жаңалықта да Ұлттық қордың ашықтығын арттыру мақсаты жоқ. Керісінше, ендігі жерде шенеуніктер оны мейлінше тез арада жұмсай алады, мәселен, жұмысты жүргізуге бюджет қаржысы жетпей жатса. Демек, қордан алынатын қаржы көбеюі мүмкін», — деп қауіптенеді сарапшы.
Экономист әрі бұқаралық саясат жөніндегі сарапшы Данияр Молдақановтан елдің қазіргі басқару жүйесінде қоғам Ұлттық қордың қаржысы қайда жұмсалатынын бақылай ала ма деп сұрадық. Сарапшы олай болмайтынын айтты.
«[Ұлттық қорды басқару кеңесіне] тәуелсіз, соның ішінде билікке бағынышты емес стейкхолдерлерді шешім қабылдауда дауысы маңызды рөл ойнайтындай жеткілікті мөлшерде кіргізе алатынымызға күмән көп», — дейді ол.
1 наурыз күнгі мәлімет бойынша Ұлттық қорда 32,58 трлн теңге бар, жыл басынан бері қор қаржысы 480,5 млрд тенгеге немесе 1,45%-ға қысқарды.
Іргелі экономиканы зерттеу орталығының (AERC) болжамына сәйкес, 2025 жылы Ұлттық қордан алынатын трансферт 5,2 трлн теңге болады. Ол бюджет тапшылығының шамамен 80%-ын жабады.
Поддержите журналистику, которой доверяют.